Өлең, жыр, ақындар

Жарылыстар

  • 17.06.2022
  • 0
  • 0
  • 203
Ұлы далам
Жерге ұрған қарбыздай
Қақырап жарылды.
Күннiң көзi
Өлiк шыққан үйдегi айнадай
Қара жамылды.
Жердiң астынан
Жетiқат аспанға жететiн
Өттей улы
Саңырауқұлақтар өсiп шықты.
Жер-ананың омырауын
Ойран қып тесiп шықты.
Дүние күл болып өштi.
Шаң-тозаңдар
Бұлт болып көштi.
Тiршiлiк
Тұншығып бүрiсiп қалды.
Алып далам
Кепкен терiдей
Бiр уыс боп
тырысып қалды.
Дөңкиген тастарың
Жарылған iрiндi жарадай боп
Ағып кеттi.
Көк тiреген теректер
Өрт тиген шырпыдай боп
Жанып кеттi.
Бауыр езiлiп
Өкпе-өзек қағынды.
Абайдың сүйегi
Сүйменмен ұрғандай шағылды.
Iшкенiм iрiң,
Жегенiм желiм болды.
Татқаным у,
Тапқаным өлiм болды.
Жан бiткен
Елес боп көшiп,
Сұлба боп шұбырды.
Мал бiткен
Шыбындай қырылды.
Тiлектерiм
Пышақ кескен тоқымдай
Тiлiм-тiлiм болды.
Жүректерiм
Ит тартқан балақтай
Жұлым-жұлым болды.
Жұмыртқалар iрiп
Су болып ағып жатты.
Жапырақтар шiрiп
У болып тамып жатты.
Қаңқасы қалған қарттарым
Қалақтай боп
Қалқайып тұрды.
Балаларым
Алпыстағы шалдардай
Шашы ағарып
Қартайып туды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сауда

  • 0
  • 0

Өңiм түгiл,
түсiмде.
Қан жыладым,
зарладым.

Толық

Сырдарияда суға кету

  • 0
  • 0

Мына өмірде
Көргенім көп менің...
Бала кезімде
Сырдарияға

Толық

Дағдарыс

  • 0
  • 0

Мен қазiр –
Қабарып батып отырмын! –
Мұң мен қапаға.
Ақылым – айран,

Толық

Қарап көріңіз