Өлең, жыр, ақындар

Ақын досқа

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 300
О, бір күз, шағында ымырт түскен кештің,
Қойнында Текелі мен Ешкі өлместің —
Туғанын жырлы өмірге бір досыңның,
Өскенін және қалай ескермеспін?!
Кім еді ол — тау қойнында, құм бойында,
Мойыған шағы еді бір мұңы ойында,
Сонда ойнап жүрген шығар жас серігім,
Жасында мойын бұрмас кім ойынға?!
Өткізіп көзден кешін, дала таңын,
Жырдырып жақпар тасқа алақанын,
Өрмелеп тас ұяға бала досым —
Аулаған болар бүркіт балапанын.
Баласын, я қаршыға қолына ұстап,
Өзі де құстай жинақ бойын ұстап,
Жанына мүмкін, қанат жалғаған-ды,
Шарықтап қаршығадай болып ұшпақ.
Құстайын шарықтауға қанат талмай,
Шырқар ма ақын жаны қанаттанбай!
Сол кезде, бәлкім, осы қара бала
Жүрмеген шығар жырға талаптанбай.
Ол рас! Айдан анық талпынғаны,
Талпынды, тау асса да алқынбады!
Самғатқан біздің сұлу таң арайы
Оны да, оны туған халқын дағы.
Жеткенде лебі тәтті жырды аңсар күн,
Перзенті қырда туған Орман шалдың
Сергітіп ел жүрегін жырмен тербеп
Жаңғырта Алатауды әнге салдың!
Шендестім мен де жастай «Шеңберіңмен»,
Сырластым сенен шыққан сергек үнмен,
Жырыңа сонда-ақ елің үміт артқан,
Қанатты аспандата сермеуіңмен.
Әсем ән ырғағындай «Бал құйылды»
Жүрекке сұлу сөзің дәл құйылды!
Бұлбұлы Алатаудың, ақын Ғали,
Сүйкімді сүйеді елің ән-күйіңді.
Қонса да қара шашқа бозғыл қырау
Түскен жоқ өлеңіңе ешбір қылау.
Тұр жақсы жырларыңда леп белгісі
Ақынға зор мәртебе халыққа ұнау.
Ақын дос! Тұрсың елу белеңінде,
Тұр бірақ, жігіт шағың өлеңінде!
Осы елу екі айналып келсе дағы,
Сүйемін жаныңды жас көремін де!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырдағы жолда

  • 0
  • 0

Үй сыртында бұлқынып
Әне пар ат жегілді,—
Арбаға ақын отырып
Кетті. Алда жол керілді...

Толық

Жолдас Марат

  • 0
  • 0

Маған мәлім, жолдас Марат,
Сенің туған жылдарың.
Қаққан кезде сен жас қанат,
Шырқалған ед жырларым.

Толық

Келешек мерекесі

  • 0
  • 0

Жиырма жылдан кейін өмір қандайды
Адамзатқа көрсетеді десеңіз,
Материалистер құр қиялға нанбайды,
Ленинді оқы, не боларын көрсеңіз!

Толық

Қарап көріңіз