Өлең, жыр, ақындар

Ұйқыдағы тау

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 319
Қартаймас қарап тұрсаң дала мықты-ақ,
Кейде бұлт қабақ түйсе алабұртпақ,
Тұнжырап түн басқанда айналаны,
Көз жұмған көк жиекті тау қиықтап,
Ел бағын көріп, күткен, баяғыдан
Өзіңнің жатқандай бір бабаң ұйықтап...
Терісін шұбар ала жолбарыстың
Жамылып, шарлап шыңды жоңғар үстін,—
Жорықтан шаршап келіп ұйықтап жатқан
Секілді батырындай зор намыстың,
Бүк түсіп жеті түнде жатыр сұлық
Алатау айбарындай қорғаныстың.
Шешпестен тас сауытын тау батырың,
Үстіне тігіп тастап түн шатырын,
Көк жалап тал-қарағай найзаларын
Тік шаншып, тітіренте жер татырын,
Ұйықтаған тау төсіне маржан шашып,—
Аспанда қыз жұлдыздар тұрды ақырын...
Қалғыған түнгі Алатау шыңын бұрын
Аңғармап едім, ұқтым сырын бүгін,
Сол таудың көк желекті жеңгесіндей
Шашып тұр жас шынар да шырын гүлін,
Түн төніп тау үстіне, ал,— төменде
Ақ торғын керді тұман шымылдығын...
Айлы түн арнасынан шалқып аққан
Тас бұлақ сыңғыры да толқын атқан
Жаңғыртып, асыр салып, тауды оятып,
Бұлбұлдың тәтті үні ауа қалтыратқан.
Таң атып, тау үстінен оттай жанған
Күн сүйді тың егінін толқып жатқан.

1959



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дауылпаз

  • 0
  • 0

Ой құйыны үйіріліп,
Көк алмастай суырылып,
Қаламы қылыш жарқылдап
Сұңқардай даусы саңқылдап.

Толық

Шіркеулер

  • 0
  • 0

Кәне кезгі Киевтің
Түссе көзге шіркеуі
Күмбездері биік тым
Сан шежіре шертеді...

Толық

Әлжеке

  • 0
  • 0

Әлжеке, жақпарында жүрек таудың,
Сен жастан қолға қайла, күрек те алдың.
Ержете қайла орнына қалам ұстап,
Таңында тас түлектей түлеп те алдың.

Толық

Қарап көріңіз