Өлең, жыр, ақындар

Қарағанды дәптерінен

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 443
Қарағанды.
Сүйгем алғаш ашылған
Шахта шамын жаққан-ды,
Қарағанды,— жасымнан
Қаққам жырмен қақпаңды!
Шыққан көмір қайлаңнан
Таудағы биік — жар сынды,
Көрінеді шалғайдан
Шөккен қара нар сынды.
Бала кезден баулыдың
Жырларыма күш беріп,
Қайла ұстаған бауырым
Жүрем дайым ескеріп!
Кердең басып керілмей,
Жаза келдім өзіңді,
Көкірегімнен кеніңдей
Қаза келдім сезімді.
Ақын неге сүйеді
Көміріңді қап-қара?—
Деген жан не біледі,
Көрмей сырын ақтара?!
Көмірден мен безе алман,
Болса-дағы қоңырлау.
Көмірден бір көз алмай
Қағады жыр қоңырау...
Шарықтаған әр жылды
Шахтермен бір аттадық,
Ол — шахтаны, мен — жырды
Қазғыладық ақтарып!
Көмірден мен безе алман
Болса-дағы қоңырлау,
Көмірден бір көз алмай
Қағады жыр қоңырау...

Айда, шофер Геннадий
— Айда шофер, Геннадий,
Магнитка жолымен!
Асығыспын мен-дағы.
Болса да өмір жолы кең...
Машинаның дөңгелек
Темір айшық тізгінін
Ол ұстаса дөңгелеп,
Зауладық біз күз күні.
Көктей өтіп көлденен
Қарағанды қаласын,
Жолға шықтық өрлеген
Көріп байтақ даласын.
Көше бойы қалада
Қалған кеннен аршылып,
Жатты қара порода
Шыңы көкке шаншылып.
Енбейтіндей түсіңе
Үйген тонна талай мың,
Шахтерлардың күшіне
Мен таңырқай қараймын.
Магнитта домнаның
Беретін сол газдарын,—
«Қанаттанса ойларым,
Осыны жөн жазғаным!..»
Деп ойлады көңілім,
Жақындадық қалаға,
Самарқанның көлінің
Ұшты үстінде шағала...
Өмір алға заулауда,
Біз де сондай самғалық!
Жалықпалық жырлауға
Жырға өмірің сай халық!
Айда, шофер Геннадий,
Магнитка жолымен,
Асығыспын мен-дағы
Болса да өмір жолы кең!..

Теміртау көлі
Жағасында мен тұрмын
Жас Теміртау көлінің,
Көз алдыма келтірдім,
Көлдей көркін елінің.
Күзеткендей кел басын
Тұр тас тауы Қожырдың,
Келгенім көл болғасын
Көлде түбі бұл жырдың.
Саялаған сол тауды
Ғабиденнің мекені,
Келмеуіне сылтауы
Не деп өкпе етеді...
Ондай төтен сұраққа
Өзі берер жауабын,
Мен — бұл жолы, бірақ та —
Көлге қанат жаямын.
Көл төрінде көрінді
Көптен жатқан бір арал,
Көк тоғайы керілді,
Дегендей-ақ қарап ал!..
Көрсең арал – алыстан
Көлге жүзген кемедей,
Жамырасып жарысқан
Қайықшылар жебедей.
Көлдің тағы төрінде,
Жүзді кеме құм сүзгіш,
Тұрды ҚарГЭС тегінде,
«Болмайды,— деп,— сусыз күш...»
Жас сұлудай жанашыр
Тоғайы арал төбенің
Жалayындай кеменің.
Желкілдейді жап-жасыл

Болатшының әкесі
Жырағырақ, жағада,—
Жүзген жерден қайықшы,
Қамысты бір жылғада
Отырды шал балықшы.
Баста қамыс қалпағы,
Көзінде ескі көздігі,
Басқаға жоқ жалтаңы
Толқында тек көз нұры.
Қасында емен шелегі —
Толған күміс шабаққа,
Шал миықтан күледі,
Қарап қойып сағатқа...
Шабақтардың түр-түрін
Көріп көзі тояды,
Қуансын деп кемпірім
Сәл жымиып қояды...
Бұл — өмірді ұққан шал,
Көлде өтеді әр кеші,
Пенсияға шыққан шал
Болатшының әкесі.
Түтін ата керілген
Тұрбалары мартенның,
Көлден сыны көрінген
Секілді бір көркі елдің.
Соны көрсе, өз ұлын
Елестетіп көзіне,
Шақпақ шалдың өзінің
Балқиды жаны сезіне...
Содан кейін Шақпақ шал
Шақшасын да қағады,
Күн батқан соң байқап сәл,
Ауын судан алады...
Шабақтардың түр-түрін
Көріп көзі тояды, —
Қуансын деп кемпірім!—
Сәл жымиып қояды...
Құйсын құрыш болатшы,
Балықшы шал баласы,
Жырды мартен оятшы,
Тыңдап тұрсын шал осы.
Алпыс жас не етеді,
Шалдың сұлу келбеті,
Көзі жайнап кетеді
Шымыр етсе су беті!

Шал мен екеуміз
Тек,— ақырын жел есіп,
Көл бойында алған дем,
Сәлем беріп кездесіп,—
Тұрдым жеке шалмен мен.
Жөнімді оған айттым да,
Оның жөнін сұрадым,
Қарап қойып қарт қырға:
— Тұра тұршы, қарағым! —
Кімсің өзің? Тағы айтшы,
Жазушымын дедің бе?..
Бір балам бар болатшы —
Саған тете менің де.
Қарап қаппын аузына
— Айтыңыз!— деп,— балаңды,
Қолыма алдым жазуға
Автоматты қаламды,
Шал тосты да құлағын
— Не қыласың, баламды?..
Қоя тұршы, қарағым,
Шошаңдатпай қаламды!
Сүйенбеңіз қаламға,
Ұлға мен бе тәуелді,
Әкесіз ұл бола ма? —
Өзімді біл әуелі!—
Деді сол шал жігерлі,
Қоя тұрып басқасын,
Қағып-қағып жіберді
Құлжа мүйіз шақшасын...

Магнитка қызы
Парткомның кабинетіне
Кірді бір қыз талдырмаш,
Нұр ойнаған бетінде
Бүлдіршіндей балғын жас.
Мен бір ойда отырдым
Бейне, оларды байқамай,
Сұрады хатшы:— Атың кім?
Тілегің не, қалқам-ай?
— Туған жерім Жәнібек,
Бұрынғы Орда ауданы,
Тұрмын содан жаңа кеп,
Магниткаға барғалы...
Мен Шәкидің қызымын,
Он жылдықты бітірдім,
Атым «Тоня» өзімнің
Сізге келіп отырмын.
«Тоня» дейді достарым,
Ал шын атым Тотия,
Теміртауды қоштадым
Болар деп бір құт ұя...»
Теміртауға келіпті,
Алыс жерден аңсап ол,
Ұсынды қыз көрікті
Жолдамасын комсомол.
Қыз үстінде комбинзон,
Киімі де басқалау,
— Қай жұмысқа барған жөн?
— Ойым — үй сап, тас қалау!
Құптады да хатшымыз,
Ұғып қыздың жағдайын,
— Отыр,— деді,— жақсы қыз
Машинаға дап-дайын.

Үй қалаушы қыз
Теміртаумен тыныстас
Магнитканың қаласы,
Үйлерінің құрыш тас
Қабырғасын қарашы!
Сол балдырған қаланы
Бөлеп жастық отыңа
Жүр құт болып қадамы
Шәки қызы Тотия.
Аяғында қара етік,
Шалбарланып алыпты,
Үйдің жарын дәл етіп,
Тастан өріп салыпты.
Жоғарыға, қабылдап,
Қызыл қышты зырғытып,
Қыз жіберсе,— қағып ап
Жас жігіттер тұр күтіп.
— Конфетіңді тез бер! — деп
Панасюк па, Коля ма?
Қызға қарайд әзілдеп,
Ойнап күлмей бола ма?
Сыңқ-сыңқ күліп Тотия:
— Конфет емес, шоколад!
Ал, құшағын толтыра,—
Дейді,— Әйтпесе, шапалақ!
Айтып соны, маржандай
Тағы қызыл тастарды
Шоколад деп қалжыңдай
Жұмысына басты алғы.
Сол бір жерде, па, шіркін,
Әзіл сөзге басатын
Болмады, әттең, не керек,
Тұманбайдай жас ақын!
Көп үйлердің ішінде
Тұр бір биік қызыл үй,
«Үлесім бар күшінде
Дейді қыз бұл біздің үй.
Әр тасында осы үйдің
Табы қалған саусақтың,
Қалды бір жыл тосуым
Оқуға өнер аңсап тым.
Сіңлісімін Мәншүктің
Мен де өзімше батырмын,
Тасынан қызыл бөлшектің
Маржан тізіп жатырмын!»
***
Магниттей қуаттан
Туғандаймыз қызбен біз,
Жүректен жыр оятқан,
Қызыл маржан тізген қыз!

Шахтер шамы
Шахта аузында шахташылар күн шыға —
Киіп басқа темір кепеш телпегін
Түскелі тұр шыңырауға құлшына
Көтеруге жер түбінен кен тегін.
Телпегінің маңдайында тайтұяқ
Секілденіп тұр қадаған шамдары
Сықақ сөздің неше атасын айтып-ақ
Қызық тіпті бірін-бірі шалғаны...
Осы лекте Михаил мен Мүслім
Ұстап қолға ұзын сапты балтасын
Кілет тосып тұрды төмен түсуін
Осқылауға қара тастың арқасын.
Тұрған сапқа қосылдым да аралас
Мен де олардың алдым келіп күс қолын, —
Түссең ақын, байқа, лава қара тас,
Емес, деді ол, сенің жазу столың!
Еңбегіңмен жарқырауда өмірің,
Жолдас шахтер, көміріңді қомсынба!—
Дегім келді, сен шығарған көмірің
Столыма өлең болып қонсын да.
Сол арада мініп темір сандыққа
Зымырадық жер бетінен төменге,
Осы сәтте шахтер бола қалдық та,
Жер астында сапар шектік өлеңге.
Жер үстінде қалып қойды күн көкте,
Жер астына сүңгіп кеттік біз төмен.
Лавадағы көз салсаңыз еңбекке
Шыңнан биік сықылданар құз терең.
Комбайндар тасты тілген бұрқылдап
Мұнда күшті көресіңіз не түрлі.
Шахтер шамы қараңғыда жылтылдап
Мені бастап келе жатқан секілді.
Дөп-дөңгелек тайтұяқты жамбыдай
Маңдайында тұрған шамы шахтердің
Жер астының күніндей боп жанды ұдай.
Жанған соның отын ойға сақтармын.
Тас қараңғы шыңыраудың ішінде
Секілденді — осы шамның оты — күн
Көктің күнін шахтаға алып түсуге
Жер астына сыймас дедім екі күн.

Краншы қыз
О бір кезде Мұздыбайдың бусанып
Байлығына бөккен қоңыр төбені
Көрсем қазір — құрыш темір құрсанып
Қуатты бір алып туып келеді!
О заманда Мұздыбайдың қос күрең
Аттарының қағушы едім тағасын,
Ал бүгін ше?— Сол төбенің үстінен
Таудай алып темір сарай табасың!—
Деп, жымқырып киген басқа тұмағын,
Саусағымен тарақтап ақ сақалын —
Тұрған шалдың шалып сөзін құлағым,
Сәлем беріп, қолын алдым атаның.
Менің-дағы, оның да көз алдында
Секілді бір құйған таудай темірден
Зеңгір көкке тіреудей боп зор домна
Тұра қалды күндік жерден көрінген.
Қазақстан жас магнит қаласа
Туғызыпты осы бір нән домнаны,
Аспан сүйген оның алып тұлғасы
Жырды оятты жазылашақ ойдағы,
Зәулім домна үстіндегі каупрге
Қарап еді ақын кенет көз тігіп,
Суреттеуге тілі жетпей іркіле
Алқымға кеп тоқтай қалды сөз тұнып...
Сонда шолып көрді ақын төбеден
Аспандата тартқан темір кен жолын,
Созған екен осы бір зор кермеден
Домнаның тас жемдеріне кең жолын.
Бұл тартылған болат темір кермеге
Темір астау толы көбік битонды
Сырық кран шеңгелімен бүрді де
Шырқ үйіріп көтеріп ап бір тынды.
Аспандаған кранның нақ басында
Шың жартаста отырған жас қырандай
Алматылық Раиса асыға
Қолға ойнатып тұр кранды бұғаулай.
Ұшушы еді тау қыраны далада
Сорғалап кеп төменнен құс ілетін,
Қызды қара, сол қыранға қара да,
Қыран ба осы деп қалдым мен білетін...
Қыздың өзі қырандай бір аспаннан
Шолған бүкіл Магнитка даласын,
Осындағы алуан жас достардан
Көз алмайды, қыран ба деп қаласың.
Магнитка қаласына берген күш
Жаны достас, қыршындай жас қырандар,
Көкке темір қанатыңды сермей түс,
Аспандағы кран, кран, крандар!
Отты тасқын
Қорың мол, Қарағанды, айнымастай,
Қоймадық қойыныңнан қойманы ашпай,
Қайнаған кеннің көзін, көрдім өзім,
Қалайша кете алармын жырға қоспай?
Сыңғырап ағып жатқан сұлу Нұра,
Сылаңдап қосылдың сан сұлу жырға,
Шойыннан күміс бұлақ сорғалатып
Сәулетті Домнаң сіңлің туды қырда,
Осыған Теміртаудың атырабы
Қол соғып қуанғаннан жатыр әні,
Құлаштап қазанынан құрыш қалқып,
Отты ожау ақ болатты сапырады!
Домнаны құйған елдің өңшең ері,
Халқымның қарапайым кеншілері,
Солардың ағасындай тұр Алтынбек
Мартеннің пештерінің бір шебері.
Жас қала туды, бақша гүл сабағын
Желпиді, жіберіп жел қыр самалын,
Домнадан жүзіп алтын ақты шойын
Жазында жетіжылдық нысананың.
Орнына жермен-жексен тас үйлердің
Орнаған сан сарайды басым көрдім!
Жас қала Қазақстан Магниті
Дегендей тұр тауға да бас имеймін.
Дос жүрек — украин, орыс, қазақ
Бауырмал болып алған туыс ғажап,
Осылар қолдан алып құйды-дағы
Жарқ етті жас домнадан құрыш маздап!
Мартеннің ұзын мойны бұлтқа бойлап,
Бұрқылдап көкке атыла түтіні ойнап,
Бүйірін құрыш домна солқылдатып,
Шор шойын оттай шалқып жатыр қайнап!
Сен қазақ,— бүгін талай ерден астың,
Айқара алды даңқың аспан астын!
Күшіңе дос сүйініп, қас күйініп,—
Шойының боп құйылды отты тасқын!

1960



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Вулканы от шашқан ба?

  • 0
  • 0

Әлпі тауы құздарын,
Қорқыта, түсін бұзғанын —
Долыланып, түтігіп,
Түйіле төгіп ызғарын.

Толық

Төрт қыран

  • 0
  • 0

Бұлан-талан бұлт тулап
Тұрса көктен бір дауыл,
Су қыраны қиқулап
Қақса аспанда бір дабыл, —

Толық

Білім дариясы

  • 0
  • 0

Советтің сұлу мектебі,
Білімі өрге ерлеген,
Күлгізіп күнді көктегі,
Құлашын шыңға сермеген.

Толық

Қарап көріңіз