Өлең, жыр, ақындар

Вулканы от шашқан ба?

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 380
Әлпі тауы құздарын,
Қорқыта, түсін бұзғанын —
Долыланып, түтігіп,
Түйіле төгіп ызғарын.
Вулканы от шашқан ба?
Дунай тулап дүрлігіп,
Эльба үйіріліп бүлініп,
Астан-кестен, толқыны
Жарына ұрып шу қылып,
Рейн сонша тасқан ба?
Биігінде Бавардың,
Бавардағы таулардың,
Құзындағы үйірлі
Қан аңсаған аңдар тым
Адамға аран ашқан ба?
Рейн емес, Әльпі, емес,
Тау мен судың қалпы емес,
Әлпетіне қарасаң,
Адамшылық салты емес,
Ұқсайды аңдар тасқанға!..
Аң болмаса Берлиннен,
Германия елінен,
Сертті бұзып берілген
Алпауыттар қорқауы
Жеріме бомба тастар ма?!
Житомир мен Киевтен,
Үміт етіп биіктен,
Фашистер кеп бөрліккен,
Бомба тастап дүрліккен,
Ажалға өзін бастарда!
Қаунастың шегіне,
Севастополь шебіне,
Буырқанған толқынды
Қара теңіз төріне
Жау аяғын басқанда:
Біздің елдің адамы,
Танкке шымқап даланы,
Оқ өтпейтін құрыштай
Киінді бронь алаңы,
Құрсанып қара тастар да.
Салу үшін жауға әлек,
Шықты самғап самолет,
Шықты линкор, пулемет,—
Тасыған судай гүрілдеп,
Бомбовоздар аспанда
Күркіреп күндей бұрқанды.
Көктен жауға вулканды
Жандырып, оқ тұтанды
Әуелей бұлттан асқанда.
Адамшылық салтымыз,—
Сақталынған қалпымыз,
Жауға ызалы халқымыз,
Шықты құрыш танкіміз,
Ұшты ұшқыштар аспанға.
Бейбіт тұрған Отанға
Жау оқ атса жатар ма —
Отаным да, халқым да,
Жауына оқ атарда
Ешуақытта сасқан ба!
Отаным, елім өрлеген,
Жаудан сасып көрмеген,
Жауына жер бермеген,
Дұшпанын жеңбей келмеген,
Күші тең — биік асқарға.
О, Гитлер! Қара сұм!
Қан шашып қайда барасың?
Бүргенің аз болды ма,
Европаның даласын?
Шаптың ба бізге атылып.
Күннің көзін қара бұлт
Жаба алмайды, қылма үміт,
Сен шөкім бұлт, біз — күнбіз,
Құр үмітті тез ұмыт!
Құртамыз сені батырып!
Айға атылып мерт кеткен
Күнге атылып күрт кеткен,
Алаңғасар аңдай-ақ
Бетсіздік еді бұл не еткен!
Айғайлама лапырып!
Қара теңіз, Балтықтың
Толқынындай шалқып тым,
Тұрған біздің күшке кеп
Өзіңді-өзің шарпыттың,
Қирайсың әлі-ақ уатылып,
Ер боп өскен бұрыннан
Анау Кавказ, Қырымнан,
Украина қырынан,
Отанның батыр ұлынан
Шықты Армия ақырып.
Ерді салып атына,
Қаруын оқтап атуға,
Алатаудай айбатты,
Қазақстан халқы да
Майданға шықты жапырып.
Ұлы Ленин атымен,
Күндей нұрлы даңқымен,
Жеңімпаз Отан халқымен,
Қирата жеңіп фашисті,
Шығамыз шыңға шарқ ұрып!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзіңе ұқсас

  • 0
  • 0

Жас қайыңның тізілген
Бүршік атып өзегі
Секілді жас қыз киген
Шыт көйлектің безегі.

Толық

Қыр бораны

  • 0
  • 0

Бет қаратпай өткенді
Қарды боран сапырып,
Ысқырып жел, көктемді
Тұрғандай нақ шақырып!

Толық

Пушкінді көргенде

  • 0
  • 0

Сұрғылт түс, суық жүзді Петербурдың,
Бұрынғы патша үкімі тұрған жердің,
Гүл бақша еккен патша селосында,
Ақынның тастан құйған кейпін көрдім.

Толық

Қарап көріңіз