Өлең, жыр, ақындар

Аэроплан

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 731
Бұлты алтын, жасыл, зеңгір, атлас аспан,
Күміс күн қойнында ана нұрын шашқан,
Бөленіп сол аспанның ләззәтіне,
Бір нәрсе көрінеді бұлттан асқан.
Қадалып, ноқаттай боп қалықтайды,
Секілді кербез көктің кілтін ашқан. 
Ол не зат, ноқаттай боп қалықтаған?
Сүгіретін аспан айна анықтаған.
Емес пе, көкте жүрген бала бүркіт,
Әлде не? Жоғары өрлеп шалықтаған.
Ұшып жүр биік көкте, тиіп көкке,
Аққу ма, аспанда әлде шарықтаған?
Бүркіт те, аққу да емес ұшып жүрген,
Ноқаттай көзге алыстан түсіп жүрген.
Серпіле көк шарлаған аэроплан,
Аймалап, аспанды айқын құшып жүрген.
Тұңғиық көк дария көкке сүңгіп,
Секіріп көк бұлттан ыршып жүрген.
Құрсанған болат сауыт, құрыш қанат,
Суарған бұлт суына күміс қанат.
Кезқұйрық қауырсыны көкті тіліп,
Алмастай ауа жарған қылыш қанат.
Қол орақ, балға сүгірет бауырында
— Күннен күш алып күнде құрыштанады.
Жарқырап бауырында жұлдыз күліп,
Дірілдеп зеңгір көкте ұшты шүйіп.
Нұрымен қаса сұлу шомылдырды,
Алтын күн, мөлдір аспан аса сүйіп,
Қиырдан қалқып, құлап жатқан бұлттар.
Өтісті сәлем беріп, басын иіп.
Түйілген топшы болат, алмас қанат;
Ойнақтап, көк жүзіне сайран салады.
Елімнің ақ сұңқардай сұлу құсы,
Шарықтап үні аспаннан жерді жарады.
Халқымның желден жүйрік жас түлегі.
Самғаса бұлттан асқан жеті қабат.
Жайнаған айлы түнде қанат жайып,
Қиқу сап ұшқан сайын құмарланып.
Жалаңаш ақ төсінде жұлдыз ойнайды,
Қойғандай алтын моншақ сәнге тағып.
Елімнің ұшқыштары қанат қақты,
Жүздері бейне қызыл гүлдей жанып.

1928 Қызылорда.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Теңізде

  • 0
  • 0

Үстім де көк, астым да,
Үстім бе, аспан астым ба?
Құшақтап жұлдыз ай сүйген
Көмейінен күн күлген,

Толық

Қақса бұлбұл таңдайын

  • 0
  • 0

Аласапыран қар кетіп
Қыр қарсы алса көктемін,
Теректі жел тербетіп,
Жылыта түсер көкте күн.

Толық

Достық туы

  • 0
  • 0

Алыстан Африка, Азиядан
Жанына жарқын елдің жазы ұнаған,
Жол тартып қаламгерлер келді бізге,
Ұнайды жақсы жырдың сазы маған.

Толық

Қарап көріңіз