Өлең, жыр, ақындар

Түрксибтің дабылы

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 512
Бұл не керім, құдіретті?
Күші жерді тітіретті.
Күрс-күрс таудың жонын ойды,
Күйретілді, күтір етті.
Күрт-күрт ойған әрде күрек,
Кірш-кірш кесіп жерге кіреді.
Шақ-шұқ сүймен, түйрей тиген,
Тоңды тілген тереңірек!
Орыс, ноғай, өзбек, доңған,
Ұйғырлар да ойдан-қырдан
Қазақтармен қоян-қолтық
Жасыл жонда жолды салған.
Әр ұлттан ұйымдасқан,
Гүрілдеткен, еңбек қосқан,
Еңбектің ер сұңқарлары,
Таңғы ұраның аспанға асқан.
Күл-талқан ғып көк тас шарын,
Күші өршиді уатқан сайым.
Жер бүйірі солқылдайды,
Жұмысшы әрбір соққан сайын.
Соқса ұшырып ұшқым шоғын,
Көсілдірген көкше шойын,
Шпал үстін құшып түсіп,
Көлбеп жатты темір жолың...
Бұл Турксиб темір жолы,
Жаңғырыққан дала жоны.
Тегіс жерден мұны істеген
Жұмысшының құрыш қолы.
Жолға жақын жер жайқалып,
Піскен егін дән найқалып,
Бұйралы алтын толқындамын,
Көз тартады алтынданып...
Жұмыскерлер жолын соғып,
Диқан біткен егін орып;
Саңырау сары дала жонын
Жайнатты көп енбек қонып.
Жұмыскер мен диқан шаруа,
Құшақтасты сұлу таңда.
Айқасты көп кектегі айдай
— Алтын орақ, болат балға.

1929



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ғашықтың тұңғыш рет аймалауы

  • 0
  • 0

Кей жыршы, ермек үшін жыр құраған!
Жырт торын, – жалғандықтың, – таста, лақтыр.
Мас болам көзінен мен жаудыраған,
Ғашығым аймаласа сүйіп ап бір.

Толық

Алтын кірпік ту шашағы

  • 0
  • 0

Күңге еріп
Мұз сауыты Алатаудың,
Гүрілдеп
Сайдан өзен ақты тулай.

Толық

Алматы түні

  • 0
  • 0

Көрсе көзің тоя ма
Алматыда түн қызық,
Тұрғандай сәл ауада
Бір ғажайып үн жүзіп...

Толық

Қарап көріңіз