Өлең, жыр, ақындар

Алтын ұя

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 412
Бойшаң біткен бәйтеректі,
Я, шатқалаң шыңды тасты
Мекен етіп ұя салған
Көруші ем мен қарлығашты.
Мезгілінде я күн батқан,
Құланиек я таң атқан,
Көруші ем мен шырқап ұшқан
Қарлығашты қанат қаққан.
Шыққан күндей шырайланған,
Сұлу құстың ұясына
Қараушы ем мен сағымданған
Құздың биік қиясына...
Сол кез қара бұлттан шыққан
Найзағайдан жасыл атқан
Я, жыланнан зәрін шашқан
Қарлығашты көргем бұққан.
Көк дауылда көкке шыққан
Самғап қара бұлтты жыртқан,
Сүйгем, сүйем тау қыранын
Сұр жыланды жерге тыққан.
Сонан бері шаттаныңқы
Көз алдымда биік қия.
Сонан бері қарлығашты
Сүйем соққан алтын ұя.
Сол қыранның күшін сүйіп,
Балапаны соның болсам,
Деген сезім жанымда ойнап,
Деп ем шыңға мен де қонсам.
Сезгіш жаным сұлу құстай
Самғап ұшып биік қия.
Жартасына болып құштар
Тілеген ед алтын ұя.
Сол ұяны қыран қонған
Өмір деген таудан таптым.
Сол ұяны нұры жанған
Атқан біздің таңнан таптым.
Мекен еткен жерім менің
Біздің өмір шынның шыңы.
Алтынданған ұям менің
Таңнан жарған гүлдін гүлі.
Өмір жайнап гүлін шашқан
Ұсап таңның көктеміне,
Кейде ұяны ұқсатамын
Білім алған мектебіме.
Ол ұяның аты Каспий
Сонан құстай қанаттанғам,
Толқынындай сұлу Каспий
Таң нұрымен таланттанғам.
Октябрьдің таңы атпаса,
Қанатымды қаға алар ма ем?
Өмір деген шың жартасқа
Алтын ұя сала алар ма ем?
Аймағыма алға аттанған
Әнші құстай жырым жаршы,
Таң нұрымен қанаттанған
Алтын ұя қарлығашы.

1938



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жапты кілтін «Максимнің»

  • 0
  • 0

Әлі есімде
өткен соғыс дауылы,
Ел бағы үшін
ерлердің

Толық

Талмас тұлпар

  • 0
  • 0

Мұз мұнара Алатаудың
Әппақ күміс басымда;
Алтын бұлт ұйықтап тұрды,
Маужырап жартасында.

Толық

Кей жігіт

  • 0
  • 0

Кей жігіт бізге қолын сермегендей,
Жанымнам өте шығар өрлегендей,
Қарайды неге шіркін шекесінен,
Біз, тіпті, – жігіт болып көрмегендей!

Толық

Қарап көріңіз