Өлең, жыр, ақындар

Қалаушылар жыры

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 875
(Орталық еңбек институтының қалаушылар курсындағы жас жұмыскерлерге)

Сұр алжапқыш, сұр кенеп,
Тегіс сұрғылт киіндік.
Тізе қосып қосылып,
Іске тастай түйіндік.
Қолда қалақ, шот аяқ,
Сұрғылт балшық үстіміз,
Жігерлі сұр қалаушы,—
Жігерлі сұр түстіміз...
Еңбекпен бір қайнасқан
Кең алақан – күштіміз.
Жаңа тұрмыс сарайын
Жасайтын кіл істіміз...
Жаңа тұрмыс жасаушы
Біз еңбектің бір легі —
Лек-лек ұлы әскердің
Біздер де бір тізбегі.
Болат ірге қалаймыз
Жаңа тұрмыс үйіне,
Бұлт қапқан үй саламыз
Іске тастай түйіне.
Шаттық қызық еңбекте —
Іс істейміз сүйіне,
Темір қалақ үн қосар
Күшті қолдың биіне.
Қызыл кірпіш тас болат
Қиыстырып тіздейміз.
Сыммен және тіздеумен
Сығаласып түзейміз.
Жаңа, алдағы тұрмысқа
Жай жасаушы біз дейміз.
Әдіс үлгі жаңартып
Жаңа сәулет іздейміз.
Іргелерге кендір жіп
Тартып түзу сымдай қып,
Дәнекері қызыл қыш
Қатарлаймыз жымдай ғып.
Түрпідей қол сыртылдап,
Қызыл қышты қалайды,
Сұр балшықты жылмаңдап
Темір қалақ жалайды.
Сарай қалап сәулетті
Сан сатыны кермелеп,
Қат-қат биік кең қылып,
Қызыл қышты термелеп.
Текшелейміз дойбылы
Кестедей ғып жөрмелеп.
Қызыл қышты көтеріп
Кекке асамыз өрмелеп.
Көкке өрлетіп қалаумен
Қызыл қышты тізілту,
Қызыл күннің астына
Орнатамыз қызыл ту...

1930 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адам

  • 0
  • 0

Еңбекші адам, сен тек бізде бағалы,
Сен, тек бізде құрыш болат тағалы,
Бізде ғана сен, адам, шын бақытты,
Қызықты өмір жасай білген ағалы.

Толық

Жұмыскерлерге

  • 0
  • 0

Түсің суық, тәнің шойын, жалаңаш,
Өлшеген нан, қара суды қылып ас.
Тұрмыс лажын жер астынан іздеген,
Күндіз-түні алысқанын, көмір тас.

Толық

Аспанда

  • 0
  • 0

Астан-кестен гулеген,
Сықырлап дауыл улеген,
Жер дүниені толқытқан,
Талай тақты төңкеріп,

Толық

Қарап көріңіз