Өлең, жыр, ақындар

Көңіл

  • 29.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1161
Тұлпар мініп жүйткіп,
Құйындай ұшып ұйтқып,
Бір жерде көңілім тұрмайды.
Мұратын іздеп,
«Дүниені кез», — деп
Басқаға мойын бұрмайды.
- Іздейсің не? — деп сұрадым,
«Көп, — дейді, — тілек, мұратым»...
Тауларды кезген,
Қонудан безген,
Түлкі іздеп қашқан бұрандай.
Шарыққа шыққан,
Желменен ыққан,
Шырқайды көңілім қырандай.
Аспандап серпіп қалқисың,
Көңілім-ау, босқа шалқисың!
Күйттеніп жарап,
Қырымға қарап,
Еш аңға қыран тоймайды.
«Мұратқа жетсем,
Теп-тегіс етсем» —
Көңілім тілеп қоймайды.
Алысқа түлеп қарайсың,
Мұратқа жетсең жарайсың!
Бабына келген,
Лепіріп желген
Жүйріктей жүйткіп шабуға.
Ұшады көңіл,
Ұшпадан жеңіл,
Мұратын іздеп табуға.
Еліктей жүйткіп еліктің;
Көңілім-ау, босқа желіктің!
Елестеп көзге,
Еш келмес сөзге,
Лыпылдап көңілім сағымдай.
Бой бермей тасып,
Кемерден асып,
Жайқалған жазғы ағындай.
Келсейші, көңілім, ақылға,
Лепіру босқа мақұл ма?
Теңіздей толқып,
Шайқалып бұлқып,
Өмірі тыныштық етпейді.
Тұңғиық терең,
Өлшеусіз ерен;
Шетіне көз жетпейді.
Жоқты іздеп, көңілім, жоқтайсың,
Тыншығып қашан тоқтайсың?!
* * *
Жел, құйын, ағын, бәйге көк,
Ұшқыр құс, құмай, атқан оқ —
Бәрі де жүйрік өзінше,
Көңілден бірақ жүйрік жоқ.

1915 жыл, 6 маусым. (Асау тұлпар)



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Манжурда минами

  • 0
  • 0

Еңбекші әлем,
Тыңдаңыздар!
Зұлымдықты
Жүрек сыздар!

Толық

Ақан сері

  • 0
  • 0

...Тағы да үздік шыққан одан бері,
Зарланған «сырлы мінез» Ақан сері.
Зарлы әнмен, көркем күймен, сырлы өл
Шарықтап өрлеп көкке шыққан шері.

Толық

Қозы Көрпеш

  • 0
  • 0

Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұзтауына екі хан келді көшіп
Ертістегі орысқа бодан болмай.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар