Өлең, жыр, ақындар

Тұлпарым

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 2305
(Тұтқын)

Темір торлы тас үйде
Көкірегім толды шерменен.
Қанатты, тағы тұлпарым
Арқырап келші кермеден.
Тұмарлап баптап, айдарын,
Құйрығын сүзіп ерлеген,
Құтқаршы мені қамаудан
Шынжырлап ерік бермеген;
Мініп ап «шу!» деп кетейін,
Жарысып соққан желменен,
Көбігің шықсын күмістей
Шомылып аққан терменен.
Аймақты жарып дүбірің
Жаңғырсын таулар, жерменен,
Сыпыра шауып қырымды,
Амандасып көлменен.
Бұралған өзен, орманмен
Зеңгір таумен, белменен,
Өңкей сорлы езілген
Көрісейін елменен.

1918 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырда

  • 2
  • 4

Күңіреніп қырда отырып көкірек кернеп,
Ән салдым домбыра алып ырғап, тербеп.
Аузымнан өлеңімді қағып алып,
Ызыңдап кетті жаттап асау жел кеп.

Толық

Қазір Көкшетауда

  • 0
  • 0

Талай су бүгінгіше өткен ағып,
Бір жөнмен тынбай зырлап кеткен «лағып».
Өткеннен кеп шерткен соң жаңаның да
Шертейік күміс сағын біраз қағып.

Толық

Аэроплан

  • 0
  • 0

Еңбек тап жер мен көкті түгел тектеп,
Бұйырмақ табиғатқа: «Жүгін!.. шөк!..»деп.
Өнерді көк қанатты самұрық қып,
Мініп ап, жұлдыздарға ұшпақ өктеп.

Толық

Қарап көріңіз