Өлең, жыр, ақындар

Боранда

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 954
Ызғарлы түтек боран соқты қатты,
Жүз қадам жер көрінбей... кеш те батты...
Екпіндеп дүлей боран гулей соғып,
Еңіретіп төңіректі ызыңдатты.
Бекітіп қораларын, малын қамап,
Масайрап үйлерінде ішіп тамақ,
Малдылар отырғанда күліп-ойнап,
Боранда келе жатты сорлы шал-ақ.
Сорлы шал бұл адасып келе жатқан,
Қу бейнет жарлылықтың дәмін татқан.
Қойын, қоныш, мойнына ызғар өтіп
Үлбіреп қарлар толып, еріп қатқан.
Иінінде дорбасы бар нәрсе салған,
Жинаған ескі-құсқы жұрттан алған.
Жаны ашып асыраған адам болмай,
Қаңғырып қайыр сұрап арып-талған.
Омбылап жүре-жүре әлі кетті.
«Уһ... ажал, тыншықтыр» деп бұрды бетті.
Қу кедей қыста қатқан, жазда кеуіп,
Өмірде серік қылған қу бейнетті.
Ысқырды дүлей боран екпіндеткен,
Сорлыны қалтыратты ызғар өткен.
Уу; У, у!... Алла... өлгенім-ау, ә-әй, адастым,
Сорлыны жықты қарға әлі кеткен.
Сорлы шал жанталасып біраз жатты,
Денесі әлі кетіп мұз боп қатты.
Уу... гу-гу... дүлей боран, ей!.. Ей... жан жоқ.
Сорлыны қармен көміп бетін жапты.
Рақымсыз дүлей боран! Гуле, соқ-соқ!
Барлық бай үйлерінде тамағы тоқ.
Қаңғырған сорлыларға әлің келсін,
Аяйтын арттарында ешкімі жоқ.

1919 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біздің тұрмыс – отарба

  • 0
  • 0

Бар адамзат тынбай жортқан құмырсқа,
Көрінсе де шіркін өмір тым қысқа.
Түсі күрең, ісі ерен,
Ұқсас көрем.

Толық

Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас

  • 0
  • 0

Көк торғын, Көкшетауды мұнар басқан.
Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.
«Оқжетпес» етегінде бейне найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.

Толық

Біздің жақта

  • 1
  • 27

Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар.

Толық

Қарап көріңіз