Өлең, жыр, ақындар

Қара айғыр

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1442
(Паровоз)

Қозғалды алып қара айғыр
Қаһарлы күшпен ақырып.
Жай, салмақпен аяңдап,
Күштерін жинап шақырып.
Жөнелді біртін екпіндеп,
Үдере сызып, арқырап,
Ырсылдап, қатты дем алып,
Көздері жайнап жарқырап.
Салдыр-гүлдір ентелеп,
Демдері шығып бу, бу, бу!
Алыпқа мініп біз тұрмыз.
Шу, жануар,шу, шу, шу!
Жерді жарып дүбірі,
Орғыды алып зырқырап.
Будақтап бу, тозаңдар
Қалып жатты бұрқырап.
Басқан жерін жеміріп,
Ұшып алға басады.
Ұшқын, жалын, буларын
Жан-жағына шашады.
Орман, дала, таулардан
Сыдырып, жарып асады.
Бетінен қорқып жолында
Тұра алмай әркім қашады.
Талмай орғып күрсілдеп,
Желді жарып кеседі.
Екпіндеп алып қара айғыр
Құстай ұшып еседі.
Ұмтылып алға ентелеп,
Демдері шығып бу, бу, бу!
Көкірек көріп біз тұрмыз:
Шу, жануар, шу, шу, шу!
Алып қара бұл тұлпар —
Ерлер үшін жасалған,
Жер-дүниеге құлашты
Сермер үшін жасалған.
Алып қара, бұл айғыр —
Ерлер күшпен жаратқан.
Патшаларды құлатып,
Екпін күшке қаратқан.
Дүниені орап жаңғыртып,
Күңірентіп ұран таратқан.
Керемет, күштер жасаушы
Жалшылар, енді азаттан!

1921 жыл, қаңтар, Орынбор



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Лезде-ақ артта қалады

  • 0
  • 0

Жасыл көрпе жердегі,
Майда жібек желдегі,
Ән менен күй көлдегі
Жойылып бітіп барады.

Толық

Майданнан майданға

  • 0
  • 0

Сан қиындық.
Жоқшылыққа қайыспай,
Жұмыскер тап
Алға аттады майыспай.

Толық

Өткен күн

  • 0
  • 0

Сұлудай толып бұралған,
Жібекке жасыл оранған,
Жас өрім талдың жапырағы
Сарғайып түсті үзіліп.

Толық

Қарап көріңіз