Өлең, жыр, ақындар

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 904
Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Бауырларым, екпін күшті кернейік,
Ескілердің есебіне ермейік.
Ескі жоба, ескі өлшеу тар қапас,
Күшті жұмсап, ірікпей құлаш сермейік.
Қиырсыздың қиырына жетейік,
Өлшеуі жоқ көк мұхиттан өтейік.
Аспандағы алыс қызыл жұлдызды
Жерге әкеліп жердің көркі етейік.
Шешілмеген ескі жұмбақ шешейік,
Жерді, аспанды тынбай сүзіп кешейік.
Сансыз қиын бөгеттерді жолдағы
Қиратайық, уатайық, кесейік.
Қара жерден аспан асып ұшайық,
Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.
Аспан, жерді қуыршақтай қапсырып,
Алып қолға ырғап, шайқап қысайық.
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Болмағанды болдырайық дүниеге
Жаңа тұрмыс қара жерге жасайық.
Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Бұл сөзіме түсер жалғыз осылар,
Жар салысып, тізе қосып қарсы алар.
Дүбірімен дүниені жаңғыртып,
Ұран салып екпінді ерлер қосылар.

1922 жыл, 10-шілде, Орынбор



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Комбайн мен трактор

  • 0
  • 0

Сендерді елде
Досқа балай, —
Жарлы, орташа,
Кедей, малай,

Толық

Тергеген болсаң айтайын

  • 1
  • 5

Маржандай тізген жырымды
Айтайын болсаң, тергеген:
Домбырадай күйленіп,
Ән тасып көкірек кернеген.

Толық

Мен

  • 0
  • 0

Глиссерге
Қызыл жалау байлана.
Кежуілге
Шықтым талай сайлана,

Толық

Қарап көріңіз