Өлең, жыр, ақындар

Біздің Сәуле

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 919
«Шолпан» журналында «Қызыл сұңқарларды» сынап жазған «Қоңыр» «сыншыға» ескерту: бұл өлеңді Майбүйен ағайдың үйіндегі Жәмила жеңгейге арнап жазған едім. Енді Қоңыр мырзаның Жәмила жеңгейге бөтендігі жоқ қой деп ұсынып отырмын. Қоңыр «сыншының» сынына сын жазуға уақытым жоқ. Қоңырдың «сынына» қызыл сыншы болса жазар. Ғапу өтінемін»

Біздің Сәуле еркін ойлы,
Ер көңілді, ер мінез.
Қылымсыған, жылымсыған
Сұмпай емес кер мінез.
Біздің Сәуле бір мінезді,
Сайқал емес алдауыш.
Серттен қайтпас тура сөзді,
Жылан емес арбауыш.
Көңілі биік, сылқым маңғаз,
Секек емес ұрыншақ.
Сұмдық баққан, бояу жаққан
Емес жанды қуыршақ.
Біздің Сәуле күш-қайратты,
Сұлу дене сымбатты.
Тәні уыз, жұмыр, қанды
Солқылдаған сұңғақты.
Күшті қолы, ызбар бетті,
Жұмыр балтыр, білегі,
Бай қызындай арам етті
Емес майлы жүрегі.
Сылқым мінез, ерлер түсті,
Бөркін алшы киеді.
Білек, балтыр балғын, күшті,
Оны өзі де сүйеді.
Біздің Сәуле ерді сүйед,
Бай-мырзаны сүймейді.
Майлы бүйен арамдарға,
Басын тіпті имейді.
Арсыз өскен бай қызындай
Жанын малға сатпайды.
Ағасының бұл сөздерін
Көңіліне жаттайды.
Ер қимылдап іс істейді,
Еш жұмысқа ерінбей.
Қолы күшті, білек — батыр,
Жұмыр, шойын темірдей.
Біздің Сәуле іске шебер,
Ауыр іске тым ұста.
Таудай істі демде жеңер,
Қолы тисе жұмысқа.
Жұмыс қылса оттай жайнап,
Түріп жұмыр білекті,
Ойнатады қурайдай-ақ
Ауыр кетпен, күректі.

1922 жыл, желтоқсан, Орынбор



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адам

  • 0
  • 0

Еңбекші адам, сен тек бізде бағалы,
Сен, тек бізде құрыш болат тағалы,
Бізде ғана сен, адам, шын бақытты,
Қызықты өмір жасай білген ағалы.

Толық

Тұлпарым...

  • 0
  • 1

Бұрын атым — тұлпар еді, бәйге көк,
Енді міне, поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға!
Тұлпар қол ма?

Толық

Егіс жайда

  • 0
  • 0

Бүгінгі мынау
Жерге орнығып,
Колхоз болған
Ұйымды ұғып,

Толық

Қарап көріңіз