Өлең, жыр, ақындар

Ақынмын жаны бір тылсым

  • admin
  • 29.12.2023
  • 0
  • 0
  • 77
Ақынмын жаны бір тылсым,
Өзім де кейде түсінбен.
Жаза алмай жанның қыртысын,
Жалындап жүрем ішімнен.
Бұл кезде ұқпай жандыны,
Жансызбен кетем сырласып.
Тілдесіп тау-тас барлығы,
Табысып жатыр мың ғашық.
Тылсымның тұман пердесі,
Түріліп жердің бетінен.
Сыңғырлап шолпы теңгесі,
Билейді қайың шетінен.
Домбыра, әлде сырнай ма?
Құдірет күйді тыңдаңдар.
Тобылғы, әлде ырғай ма
Тебірене тартып тұрғандар?
Сиқырдың бәлкім күйі ме,
Селт еткен самал лебінен?
Не болып кетті дүние?
Саумын ба деймін тегі мен?
Шала бір
көрген түсімдей,
Шарамнан шығып жанарым.
Мырыштан құйған мүсіндей,
Қалшиып қатып қаламын.
Сонан соң перде жабылып,
Қайтадан жердің бетіне.
Жүргенім жалғыз жабығып,
Сап ете түсер есіме.
Шабыттың келер шағында,
Әсер ме пайда болатын?
Таба алмай жүрген бағым ба?
Дарын ба дара қонатын?
Әйтеуір, өрем жетпейді,
Көңілім неден дәмелі.
Елес боп көзден кетпейді,
Сиқырлы тылсым әлемі.
Ысынып барып, суынып,
Суынып барып, ысынып.
Өзімді-өзім қуырып,
Қара тер болам қысылып.
Сонан соң бір күш сілкілеп,
Сіркіреп үйге келем де.
Отардай үріккен дүркіреп,
Қасқырдай шабам өлеңге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Заман

  • 0
  • 0

Заман жақсы, Заң жақсы, Адам бірақ,
Болса екен деп тілеймін табандырақ.
Сатып кетер Отаның опасыз бар,
Ойламайтын қалар деп балам жылап,

Толық

Жомарттық

  • 0
  • 0

Ақын боп жаралыппын,
Өмірді аялауға.
Жерімнен нәр алыппын,
Елімнен аямауға.

Толық

Мұң ұялай береді жанарыма

  • 0
  • 0

Мұң ұялай береді жанарыма,
Қуанышым азайып барады ма?
Құсы кеткен күздегі көл секілді,
Көңілдің де базары тарады ма?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар