Өлең, жыр, ақындар

Талқан етіп тағдырдың қыл шылбырын

  • admin
  • 03.01.2024
  • 0
  • 0
  • 101
Талқан етіп тағдырдың қыл шылбырын,
Туды десем сенем бе сыршыл күнім.
Сапырылған санамда шайқатылып,
Сағыныш боп әлі де тұрсың, гүлім.
Тілеуші едім тірліктің бүтіндігін,
Бүтінбіз де, ақылдым, түсіндіргін.
Менің дал-дал дариға жүрегіме,
Бір өзіннен керек-ау күтім бүгін.
Бір өзіңсің өмірдей керек маған,
Бар қызықтан өзіңсіз бөлек қалам.
Сансыз жылым өтіпті сені іздеумен,
Қайыршыдай қаңғырып ел ақтаған.
Түсін мейлі, сен мені, түсінбегін,
Қалсын маған жұмбақ боп ішіндегің.
Өзгермейтін мен бейбақ өз басымның,
Махаббатын жырменен мүсіндедім.
Саған қояр жоқ кінә, талабым да,
Өзіме аян сөнем бе, жанамын ба.
Маған жұмбақ бір жансың,
Өзің білгін
Қанша жүрек жатқанын табаныңда.
Түн бойы дөңбекшісем төсегімде,
Күн бойы жүрем ойдың есебінде.
Есімнен жатсам-тұрсам шықпай қойдың,
Мәжнүннің маған қонған кеселі ме?
Жан едім жалғыз саған бағышталған,
Қалайша пешенемнен қалыс қалғам.
Көз жазып қалам сені көріп тұрып,
Өте алмай тағдыр тасқын ағыстардан.
Десем де еріктімін бір басыма,
Сенімен шыға алмадым қыр басына.
Мен емес, менің сүлде әруағым,
Жалтақтап, жаным, сенің жүр қасында.
Сен менің шабытымсың сарқылмаған,
Сен менің арманымсың алқынбаған.
Қаз үні – сенің үнің қияндағы,
Жанарың – жасын мәңгі жарқылдаған.
Күйімсің тарта-тарта көбе сөккен,
Жырымсың жалғастырған келешекпен.
Көгілдір сәулесі сен дүниенің,
Өткенді, кеткенді де елес еткен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір дарақта өскен жеміс бір мезгілде піспейді

  • 0
  • 0

Бір дарақта өскен жеміс бір мезгілде піспейді,
Бір дарақтың жапырағы бір мезгілде түспейді.
Бір анадан туғандардың бірі адамға дос болса,
Екіншісі жаның шошыр қатыгездік істейді.

Толық

Сынайсың ба?

  • 0
  • 0

Сынайсың ба, кел маған сүрінгенде,
Досың кетіп, дұшпаның түңілгенде?
Кім болсаң да көтерем сеніменен,
Саған түскен тағдырдың жүгін мен де.

Толық

Жаманға – мал, жал бітер жаман атқа

  • 0
  • 0

Жаманға – мал, жал бітер жаман атқа,
Жалды деп жаман атты тағалатпа.
«Жаманға мал бітті» деп желіктіріп,
Тектіге тексіз итті абалатпа.

Толық

Қарап көріңіз