Өлең, жыр, ақындар

Ақын қызға

  • admin
  • 05.01.2024
  • 0
  • 0
  • 57
Өртеді-ау өлеңдерің өзегімді,
Дат, құрбым, берші менің кезегімді.
Кептелген көмейіңе сөз атымын,
Жүрегім айтпасаң да сезе білді.
Өзгеден, білем сенде басым қайғы,
Қашанда қас-қабағың ашылмайды.
Іштегі от-жалыны сыртқа шықпай,
Арыны сендей жанның басылмайды.
Тастаған екі бөліп егескенін,
Ұрпағы Өтегеннің емес пе едің?
Кейбірде ақындықтан батырлығың,
Басым боп көзіме де елестедің.
Көзіме елестедің, елестедің,
Аз емес елесіңмен кеңескенім.
Сұңқар ең семсер қанат, қанатыңнан,
Күтемін семсер жүзді жел ескенін.
Ақындық – батырлықсыз өлі дене,
Өлеңнің отсыз қазір көбі неге...
Күркіреп көкте жасын ойнақ салмай,
Көбесі көк бұлттың сөгіле ме?
Көбесін көк бұлттың сөкпеген соң,
Күркіреп көктен нөсер төкпеген соң.
Сарғаяр жасыл бағың,
Шындық та сол,
Шырқырап бір ақыны өтпеген соң.
Жасын от жанарыңда жарқылдайды,
Дауысың дауылпаздай саңқылдайды.
Халқы үшін ғасыр туған қас жүйріктер,
Артым ор, алдым жар деп алқынбайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасанды бола алмадым

  • 0
  • 0

Жасанды бола алмадым,
Қасанды бола алмадым.
Аяқтан мені шалғанды,
Аяқтан шала алмадым.

Толық

Шаршаттым білем

  • 0
  • 0

Шаршаттым білем, шақырусыз келген қонақтай,
Қабағың шытпа, жіберсең, жібер, жолатпай.
Басымды мен де иілмес жерде иіппін,
Жігіттік қайда, жігіттік қайда болаттай?

Толық

Мен – менмін

  • 0
  • 0

Бір-ақ рет жаратылған,
Өз үнім өз кеудемде таратылған.
Не болды құйысқанға қыстырылсам?
Садаға кетсін атақ ар атынан!

Толық

Қарап көріңіз