Өлең, жыр, ақындар

Жаңа жылға тілек

  • admin
  • 05.01.2024
  • 0
  • 0
  • 69
Тілек бар саған айтар, Жаңа жылым,
Жаңа жыл белесінде жаңа жырым.
Аспандап енді-енді барады үнім,
Айтпастан саған бүгін тілектерін,
Тілексіз бұл өмірде қалады кім?
Тілегім жанның бәрін аялағын,
Алдынан шыға берсін сая бағың.
Қорқыныш, үрейіңді таямағын,
Жаңа жыл, жарықтығым, адамзаттан
Жақсылық атаулыны аямағын.
Халқымның саған айтар аманатын,
Келеді бастан-аяқ баяндағым.
Мен болсам бағыңдағы бұлбұлыңмын,
Бағыңда сайрау үшін саяладым.
Өкпелі жанның бәрін табыстырғын,
Жатты да жақын етіп таныстырғын.
Қысқартқын қиын жолдың алыстығын,
Самалдай терін үккін шабыстының,
Алыпты алқа топта алыстырғын.
Кім озды, кім жығылды, кімдер қалды?
Өзің айт, бәрін түгел салыстырғын.
Маздаған махаббаттың тұрағы бол,
Бар үйдің жарқыраған шырағы бол.
Көңілдің көк балауса құрағы бол,
Талпынған таланттының пырағы бол.
Тамызда таңдайлары кепкендердің,
Гүлді өңір, күмбірлеген бұлағы бол.
Жастардың жігері бол, жалыны бол,
Қарттардың қайтпайтұғын қарымы бол.
Жүйріктің басылмаған арыны бол,
Қыранның көкті тілер сарыны бол,
Тербеткен түн әлемін шамы сөнбей,
Ақынның дамылдатпас дарыны бол.
Еселе ырысымды шайқалмаған,
Көзін аш қазынаның байқалмаған.
Тыңдарды жайқалта бер жайқалмаған,
Үлесім егер, Жаңа жылым, қайтар маған.
Қызығын туған елдің көре-көре,
Ақ дәнін туған жердің тере-тере.
Асайық асқаралы тағы белден,
Қосылып берекеміз берекеге,
Жаңа жыл, жалғаса бер мерекеге!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеке шумақтар

  • 0
  • 0

Қиялым жетер шексізге.
Жанардың оты жетпейді.
Сөз айта көрме тексізге,
Тексізге сөзің өтпейді.

Толық

Озбайды деме уақыт

  • 0
  • 0

Озбайды деме уақыт,
Тозбайды деме ғимарат.
Тасты да мүжіп, уатып,
Ғасырлар өтер зымырап.

Толық

Ата-ананы еске алу

  • 0
  • 0

Алланың көнер пенде салғанына,
Кім жеткен бұл жалғанда арманына.
Жалғызың қалды артта, ата-анам,
Шайнаған тісі батпай бармағына.

Толық

Қарап көріңіз