Өлең, жыр, ақындар

Әйел-Ана

  • 09.07.2016
  • 0
  • 2
  • 24773
Болмысың, бар тілегің елің үшін,
Әйел-жар, отбасының сенімісің!
Тәлімін Ару-ғұмыр күннен алған
Сен бүгін бір әулеттің келінісің.

Шыдаумен өмір-жолда сынақтарға,
Тырыстың отау жүгін құлатпауға.
Жалғадың өз ұлтыңның ұрпақтарын,
Пәниде бұдан асқақ мұрат бар ма?!

Перзентке арнадың да танымыңды,
Болмаса дедің соның әні мұңды.
Жұртыңның бойға сіңген қасиетімен
Ұрпаққа бердің текті тәліміңді.

Көрсетіп ар жолының дұрыстығын,
Дегендей осы жолмен ұғыс, күнім!
Дарытып бесігінен жақсылықты,
Күзеттің сол бесіктің тыныштығын.

Бөбекке текке кетпей ұқтырғаның,
Жандырдың сол арқылы құттың бағын.
Адалдық әні айтылып әлдиіңмен,
Сіңірдің уызынан ұлттың нәрін.

Жүрегің перзентке ортақ төгед нұрын,
Санамай біреуінен ерек бірін.
Үйреттің ұл-қызыңа үлгі етіп
Өмірде әке сыйлау керектігін.

Әрдайым берсін дейсің елге тыным,
Заманның құбылса да келбеті мың.
Тараған ұрпағыңнан ұрпақты ойлап,
Тілейсің татулығын әулетіңнің.

Анамен шаңырақта болар-ды бақ,
Перзент те ол бар жерде табар мұрат.
Есейіп кетсе-дағы ұл мен қызың,
Бәрібір Ана-жүрек алаң бірақ.

Өмірден өссе бөбек алар гүлін,
Шықса да, мейлі, шыңға олар бүгін.
Әлі де еркелейді баяғыдай,
Тәңірден тілеп Ана амандығын.

Жанына ұл-қызыңның үңілесің,
Бәйек боп, болса нала, жүгіресің.
Әр жанның жүрегінде Ана деген -
Жазылып қалған мәңгі ұлы есім!



Пікірлер (2)

Аяжан

Өте тамаша

Роза

Әдемі жазылған

Пікір қалдырыңыз

Рақмет, ұстазым, мың алғыс!

  • 0
  • 2

Үйретіп өмірде тағылым,
Ұстаздық көңілмен сендіңіз.
Ұқтырып тіршілік тәлімін,
Жетелеп бұл шаққа келдіңіз.

Толық

Жез қоңырау сыңғыры

  • 0
  • 2

Бұйыртады тағдыр, шіркін, әр адамға несібін,
Кеше емес пе ед мектеп-ұя бұларға ашқан есігін.
Енді, міне, содан бері зулап жылдар өтіпті,
Мектебімен қоштасар сәт бұларға да жетіпті.

Толық

Армандар мен мұраттарға қатар жүріп жетіңдер

  • 0
  • 1

Ғашық болып бір-біріңе көрсеткенде шат қылық,
Алғы күннен осы той боп оянатын тәтті үміт.
Енді, міне, сендер үшін орындалып сол арман,
Шаңырақ пен босағадан кірді бүгін бақ күліп.

Толық

Қарап көріңіз