Өлең, жыр, ақындар

Шын мықтылар

  • 17.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2162
Бұл жақсы, дейтіні жоқ жаман ақын,
Жұрт біледі, Ақындар жамағатын.
Әркім-ақ өзін мықты санар бәлкім,
Шын мықтылар
Саусақпен саналатын.
Уақыт өзі екшесін, дараласын,
Білемін, көңілге оның
Қарамасын.
Өлең дейтін ауыл бар өрге қонған,
Мені іздесең —
Сол жерден таба аласың.
Ауыл бар өлең дейтін қанаттасқан,
Табылар сол ауылдан
Талапты асқан.
Бұлағы шабыттардың бұрқырап кеп,
Сол ауылдан —
Тұс-тұсқа тарап, тасқан.
Жүрген көп бірін-бірі жаратпастан
Сөздер де көп дарымай,
Жанап қашқан.
Ауылы бір болғанмен мақсат бөлек,
Сан тарау тағдырлар бар
Қабаттасқан.
Өлең дейтін ауыл бар шың басында,
Жаны құштар әркімнің сырласуға.
Ақбас Алатауымдай ағалар бар,
Сонда жүр,
Менің талай құрдасым да.
Ән мен күй сол ауылдың іргелесі,
Бір теңізде теңселген сыр кемесі.
Бейне бір құм дауылдай
Жылжиды екен,
Өмірдің бірінен соң
Бір белесі.
Табасың сол ауылдан сал-серіні,
Қара домбыра қасыңда —
Жан серігі.
Жатады думандатып,
дүбірлетіп,
Елеңдеп құз қойнаудың
Ерке елігі.
Жандар кеп сол ауылға елеңдейтін,
Талапкер көп,
қазірге еленбейтін.
Қона бермес қолына
Әркімдердің,
Аппақ ару,
періште өлең дейтін.
Кейде бір сабыламыз, сарыламыз,
Кейде бір ұшқан құстай ағыламыз.
Кей-кейде жоққа бола
Томсарысып,
Алыс жүрсек артынша–ақ
Сағынамыз.
Қиын да ғой ауылы ақындықтың,
(Бесік жыры арқылы атынды ұқтым).
Кездейсоқтық емес ол
Айдын деген,
Қонысы бөлек одан батырлықтың.
Көп қой оның азабы, шатқалаңы,
Кейде адам жарты сөзге
Шаттанады.
Күйініш, сүйінішін жасыра алмай,
Арман құшып,
Жүректе от жанады.
Бұл жақсы, дейтіні жоқ жаман ақын,
Жұрт біледі ақындар
Жамағатын.
Әркім-ақ өзін мықты санар бәлкім,
Шын мықтылар —
Саусақпен саналатын...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бас киім

  • 0
  • 0

Көкжиектен әрі аунап,
Күн де батып кеткен-ді.
Дала жүзі алаулап,
Ақырғы рет өпкен-ді.

Толық

Жүрегімді айықпас

  • 0
  • 0

Өлеңнің өрнегіне үңілемін,
Айта алмаймын деп тіптен жұмыссызбын.
Өтіпті тағы да бір аяулы күн,
Арқалап бір бейбақтың қаяу мұңын.

Толық

Алтын бесік

  • 0
  • 0

Қиялды Алтынбесік тербеді ме,
Көңіл кетті қанатын сермеді де.
Тасқындап қалайын бір нөсердейін,
Орамай тұрғанда жер жөргегіне.

Толық

Қарап көріңіз