Өлең, жыр, ақындар

Мен таңдаған мамандық

Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз.

Әбу Насыр Әл-Фараби

Адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі – дұрыс мамандық таңдай білу. Себебі, арманыңды мақсат-мұратқа айналдыру жолында, еңбекке деген құштарлықты оятушы, ол – жаның қалаған іс, сүйікті мамандық..

Бала шақтан өз алдыңа тұлға болып шешім қабылдайтын сәт – мамандық таңдау. Дегенменде, бүгінгі күні қынжылтатын жағдай жасөспірімдердің санасындағы басты талап, арман қуу емес, өмірлік шешімнің түйінін балдық көрсеткіштің шешуі. Осы күні қаншама жас студенттер қаламаған мамандықтың арасында өз орнын таппай әурелікпен уақыттарын өткізуде. Ал, кейбірі жанымен беріліп, түскен мамандығына талаппен ізденісте ары қарай жалғастыруда. Қоғамдағы бұндай жағдайдың болуы дұрыс бағыт- бағдардың берілмегендігі, түсіндіру шаралары мен ата-ананың балаға деген салғырттығынан туындайды.

Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет,бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе». Нақыл сөздің оқырманға берер мән-мазмұны ақыл-кеңес ретінде көрінсе, басқалар үшін терең ойдан туған астарлы сөз іспетті. Болашағыңның ірге-тасын қалауға сапалы білім мен тиянақты ой ұшқырлығы қажет екенін аңғартады.

Өмір атты ұзақ жолдың қиындығын еңсеруге жақсы кәсіп пен кемеңгер даналық жетелейді. Мен осы күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студентімін. 2018 жылы ашылған Философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасындағы «Исламтану» мамандығының шәкіртімін.

Көптің пікірінше исламтану деген тек мешіттердің айналасымен шектелетін мамандық түрі сияқты. Шын мәнінде, Исламтанушы деген кім? Оның қызметі қандай? Келешекте не жұмыс атқарады дейтін сұрақтар біршама адамға көлеңкелеу.

Исламтану – ислам дінінің қағидалары мен ерекшеліктеріне, мәдениетіне, тарихына, қоғам мен діни ұйымдар жүйесіне етене жақындататын саланың бір түрі. Руханияттың кемелденуіне, өзара шешім шығаруға бағыттайды. Ал, исламтанушы дегеніміз – осындай мұсылмандық сенімді, діни-саяси қозғалыстарды оқып үйренуші. Ислам дінінің философиясымен қанығып, қоршаған ортаға дұрыс сараптама жүргізуге машықтанады. Әл-Фарабиатындағы ҚазҰУ-ті мол мүмкіндіктер мекені, студенттердің білімге ынтасын оятып, керекті жағдайлармен қамтамасыз етіп отырады. Мәселен, шетелге шығып(Түркия; АҚШ; Қытай т.б.), өзге мемлекеттердің теориясымен танысып, тәжірибе алмасуға себепкер, бұл қарапайым студенттің үміт отын жағып, алдыға қарай талпынуына айтарлықтай көмек. Кафедрамызда білім алу үшін соңғы технологиямен жабдықталған кабинеттер, ізденімпаз жастар үшін сарқылмайтын кітаптардың қоры – кітапхана сынды көптеген жағдай қарастырылған.
Университет - менің мақтанышым, ал менің мамандығым қазақ еліне қызмет етіп қалануға себепкер болатын кәсібім.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз»,- деп жастардың келешегіне мол үмітпен қарайтынын жеткізді.

Әр саланың өкілі туған жеріне пайдасын әртүрлі жағынан тигізеді, ал біз, исламтанушылар – мемлекетіміздің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау үшін халықтың діни сауатын ашып, адасушылықтың, қараңғылықтың алдын аламыз. Отан бізге бақытты балалық шақ сыйлаған болса, ендігі кезек сол бала шәкірт қанат қағып, елінің іргесіне еңбегімен қаланады.

Қорытындылай келе, өміріңнің жас шағында ілім іздеп, табандылықпен асқар шыңдарды бағындыру, алған біліміңнің нәтижесі сыналар шақта тәрбие алған ордаңның атын биік дәрежеде шығаруды мұрат етіп, мамандықтың қыр-сырын дұрыс меңгеруді көздеу қажет. Мен сияқты, үлкен тұлғалар мен білімді шәкірттерді шығарған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқығыңыз келсе, ойланбастан таңдауды ұсынамын.

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “Исламтану” мамандығы 2 курс студенті: Нуртаева Ельназ  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз