Өлең, жыр, ақындар

Әйтей батыр

...Қазақ, қалмақ жасақтары екі төбенің басына жиналып, қан төгіспек үшін бірін-бірі жекпе-жекке шақырады. Қалмақ жағынан дене бітімі ерекше, ірі жасақ Жамқайын атын ойнатып, екі төбенің ортасындағы жазыққа шықты да, найзасының қазақ жасақтарына қаратты. Ол жекпе-жекке шақырудың белгісі еді. Жамқайынның зор тұлғасын көрген қазақ қолы абыржып, тұрып қалды. Дәті шыдап, жекпе-жекке ешкімнің шыға қоймайтын сыңайын байқаған Хангелдінің қаны қашып, сұрланып, жан-жағына қарап, сарбаздарын өткір көздерімен шолып өтеді. Осы кезде ортаға атан төсті құлагерін ойнатып, Хангелдінің алдына Әйтей жетіп келеді де:

— Ата, батаңызды беріңіз! Жекпе-жекке мен шығамын! — депті. Сонда Хангелді оның түрін көріп:

— Балам, жастау екенсің, жасың нешеде? Қайратың қандай еді? — деп сұрайды. Әйтей:

— Ата, жасым он жетіде, бір топ тал шыбықты бұрағанда суын шығарушы едім, — дейді. Хангелді:

— Олай болса, балам, Алла жар болсын! Бәйдібек бабаның аруағы қолдасын, әумин! — қысқа қайырып, батасын береді.

Ауыздықпен алысқан құлагерін ортекедей орғытып Әйтей де жазыққа шықты. Екі сарбаз бір-біріне құйындата қарсы шаба жөнеледі. Басын жіберген құлагердің құйрығы ұшқан құстың қанатындай түп-түзу болып көрінді. Екі ат бір-біріне жақындағанда, батырлар ұстаған найзалардың қалқанға тиген ашты дауыстары шаңқ-шаңқ етіп, бар назарын осы сарбазға аударып тұрған жасақтарға естіліп тұрды. Екеуі бірін-бірі көпке дейін ала алмайды. Қалмақтың қара күші басым болғанымен, амал-тәсілі шамалы, қимылы борпылдақ екен. Әйтейдің шапшаңдығына төтеп бере алмаған қалмақ әбден қан сорпа болып терлеп, берекесі кете бастады. Екеуінің ұрысқаны қанша уақытқа созылғанын кім білсін, бір кезде көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған Әйтей найзаның ұшымен қалмақтың кіндігінің ұшынан шаншып, бұрап-бұрап жіберіп, тартып қалғанда, оның ішек-қарны ақтарылып, өзімен бірге жерге түседі. Жерге екі бүктеліп топ ете түскен жауының басын Әйтей қылышымен шауып алады. Мұны көрген қазақ жасақтары қуанғанынан «Бақтиярлап, Қарасайлап» төңіректі күңірентіп жібереді. Қалмақтар жағы алдыңғы сенімінен айрылып, қатты абыржиды. Олардың жан-жаққа бытырап қаша бастағанын байқаған қазақтар лап қойып, жауды жеңеді. Осы ұрыстан кейін сол жердің аты «Ойрантөбе» болып айтылып келеді.

Ата-бабаның аруағы қолдап, алғашқы рет қалмақтың Жамқайын батырымен жекпе-жек ұрыста жеңіске жеткен бала жігіт Әйтейдің атағы тез арада Жетісу аймағына тарайды. Әйтейдің жұрт көзіне түсіп, батыр деген атаққа ие болып, соғысқа нағыз араласқан кезі осыдан басталады. Хангелді Әйтей батырды сарбаздарының мыңбасы етіп сайлайды.

Жалындаған жас жолбарыс Әйтей батыр әскери қолбасшылыққа ие болған соң, дереу іске кіріседі. Алғашқыда әскери жорылғыны неден бастарын білмеген ол, ағайын-туғанның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдық демеуі арқасында тізгін-шылбырды жетегіне алғаннан кейін, ар жағын тез-ақ меңгеріп кетеді. Енді бөлініп жарылмай, тек білек күшін біріктіріп, бір жұдырықтай жұмылып, тізе қосқан дұрыс деп білген Әйтей батыр, енді ұрысты қалмақпен қалай жүргізу керек екендігін ақылдасу мәселесімен өзінен алты жас үлкендігі бар және қолбасшылық тәжірибесі мол, Іленің арғы бетіндегі атағы әйгілі қолбасшы Шапырашты Наурызбайға жиналған қолының саны, ат-сайманы, құрал-жабдығы белгілі болған соң, Үшқоңыр биігіне бөрілі байрағын тігіп, жасағын сапқа тұрғызып, ұрысты түнде бастамақ болған жоспарын өзінің арнайы хабаршысы арқылы жіберген. ондағы мақсаты — қазіргі Қаскелең қаласы мен Шамалған ауылының жеріне қалмақтың ханы мен, оның қолбасшысы, әрі түменбасы Қаскелең басып алған ауылды, мекендерді босату еді. Оны естіген Наурызбай Іле өзенінің оң қанатындағы Тайқабай өткелінен өтіп, жаудың терістік жағынан Қараойдағы Жаманбұлақтың оңтүстік етегіне келіп, ат басын тіреді де, төстегі Әйтейге өзінің келгендігі жөнінде және ұрысты қалай жүргізу туралы қысқа-қысқа нұсқау айтып, хабаршы жібереді. Нұсқауды алған Әйтей батыр түнгі соғысты ашу үшін үшқоңырдан әпсәтте жоқ болады. Тау бетіндегі қалмақтар олардың қайда кеткенін білмей қалады. Бұл кезде Наурызбай қолбасшының бұйрығымен Әйтей өз қолын екіге бөледі де, бір бөлігін Қарғалы тау сағасындағы қыстақтың басына қарай, екінші бөлігін Қасымбек өзені арқылы Қаскелең мен Шамалғанға жібереді.

Қалмақтың ханы Шамал өзенін жаулап алған жерлерінде бірнеше мыңдаған қазақтың мойнына тас байлатып, Іле өзеніне батырып, тұншықтырады. Еліміздің үрім-бұтағын түгелдей жойып жіберу мақсатымен жасөспірім балалар мен бас көтерлеріне дейін найзамен түйреп аяусыз қырды. Шамал хан кезінде осындай адам баласы естіп көрмеген небір сұмдық тәсілдерін қолданды. Өзінің қанішер қатігездігімен күллі елдің үрейін қашырды. Жантүршігерлік мұндай азаптан қорыққан халық жан сақтау үшін тау-тасты, сай-сайды сағалап бас паналап, босқындады. Ал Қаскелең осы жауыз Шамал ханның серіктесі, сонау Нарынқолдан Қордайға дейінгі аралықты алып жатқан қалмақ әскерінің түменбасы еді. Қан төгілген, бет қаратпайтын жойқын қырғынды тікелей басқарған осы Қаскелең.

Мінеки, итқорлықты көрген елді, ата қоныс, бабалардың туып-өскен мекенін қалмақтың жезді, улы тырнағынан азат ету үшін ұрыс белгіленген күннен бір күн бұрын Наурызбай бастаған қол терістіктен Қаскелеңге соғыс бастайтын болып келісілген еді.

Қарғалы қыстағында он атан түйе сойылып, өркеші мен ақшелегі түгел шыжғырылып, майы әдейі дайындалған кеспектерге құйылды. Кеш алдында әр сарбаздың қолындағы екі қарыстай ескі қап жырымы жіңішкертіліп тілініп, майға батырылып, найзаның жалаулығына байланды. Сөйтіп, Әйтей бастаған қол, Үшқоңырдың етегіндегі қалмақ әскеріне ымырт жабыла атой салды. Қыстақтарға жақындағанда майға батырылған қап жырымына от қойылды. Қараңғы түнде қалмақтарға жан-жақтан от қаптап, «Бақтиярлап, Қарасайлап» күңіреніп, төніп сарбаздар келе жатты. Мұндай сұмдықты жай қалмақ түгіл, талай соғысты басынан кешірген Шамал хан мен оның түменбасы Қаскелеңнің өздері оны көргенде естері кетті. Бүкіл далада от көшіп келе жатты. Ерен үйін тіктіріп, рахат өмірдің дәмін татып қалған Шамал хан, Қаскелең абыржып, сасқанынан жендеттеріне бұйрық беріп жатты. Бірақ оларды тыңдауға түн ішінде ешбір қалмақтың шамасы келмеді. Осы түнде қалмақ әбден соққы жеп, көп қырылды. Быт-шыт болып қашқаннан қалғаны ертесіне Қаскелеңнің қарасазында кескілеске түсті. Әйтейдің Қаскелең сайымен келген жасақтары Наурызбай бастаған қолға қосылып, олар да ерен ерлік көрсетті. Жеңіліп бара жатқанын анық байқаған Қаскелең, «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп бар дауысымен айғай салды. Қашан да қанға қан, бас батырға бас батыр жекпе-жекке шығатын дәстүр бар ғой. Сондықтан қалмақтың батыры Қаскелеңмен жекпе-жекке Шапырашты Наурызбайдың өзі шықты.

Бұрын аты белгісіз болып келген Наурызбайды Қаскелең тіпті көзіне де ілген жоқ. Наурызбай ала атына мінгенше, Қаскелең тұқыл күреңмен майданның ортасынан екі сыдырып өтті. Әлденені қалмақша айғайлап қояды.

Ала атына мініп (оның екі аты бар еді, біреуін жорықта, екіншісін осындай айқасқа мінеді), майдан алаңына Наурызбай беттегенде қалмақ біткен шу ете түсті. Өйткені Наурызбайдың ерекше біткен зор тұлғасы олардың мысын басып кетіп еді. Қатты абыржып, жүйкесі таусылып кеткен Қаскелең қамшыны күреңіне үсті-үстіне салып бауырлатып-бауырлатып жібереді.

Екеуінің ұрысы көпке созылған жоқ. Наурызбай салған көк сүңгі ә дегенде-ақ Қаскелеңнің арқасынан бір-ақ шықты. Наурызбай найзасын суырып алғанда, Қаскелең екі бүктеліп сылқ ете түсті. Ері ауып, бауырына түскен күрең аты екі артқы аяғын тепкілеп майдан алаңында шауып жүрді. Сол кезде Шамал ханның қалмақша айғайы шықты да, ат үстіндегі бар қалмақ шолан ұрып, ортада тұрған Наурызбайға лап қойды. Қазақ қолы аттарына қамшы басты. «Бақтиярлаған, Қарасайлаған» дауыс бүкіл даланы күңірентіп жібергендей болды. Ұрыс, жұлыс, шабыс. Біреуді біреу біліп болмайды. Ит батпақтап, күшік сүрінгендей айқас болды. Қалмақтан да, қазақтан да шығын аз болмады. Енді жеңіліп бара жатқан Шамал хан қолы терістік шығысқа қарай қаша бастады. Қазақтар соңынан қуа жүгіріп, біразын өлтіріп, біразын тірідей ұстап, қолға түсірді. Аман қалғандары қашып, Топар түсіп кетті.

Бір-екі айдың шамасында Шамал хан қайтадан бытырап кеткен жасақтарын жинап, соғыс бастады. Алғашқы сәтте-ақ күш алған қазақтар сасқалақтаған қалмақтың есін жиғызбай бас салып, тоз-тоз қылды. Амалы таусылған Шамал хан енді жекпе-жек ұрысын салу үшін айғай салды. Бұл ұрысқа да Наурызбайдың өзі шықты. Бірақ Шамал хан Наурызбайға қарағанда қауқары шамалы болып, босмойын шоқпармен бір ұрғанда-ақ Шамал хан аттан құлады. Ханы құлаған қалмақтар қаша жөнеледі.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Бердіқожа (І нұсқа)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер