Шанышқылы Бердіқожа батырды бір дұшпаны өлтірейін деп жатқанда, айтты дейді:
— Рудан жалғыз болдым, шешендігім зая,
Аймағым аз болды, еңбегім зая!
Екіден кіші балам ер жеткен соң,
Бәлем, Қаратал, Қояндыға қонысыңды тая! —
деген екен. Сол айтқандай, екіден кіші баласы ер жеткен соң, Бердіқожа өлтірген екі ағайынды: біреуін Қаратал, Қоянды деген жерде өлтіріпті, бірін Бұхарай Шәріптей шаһарға қашып барған жерінде соңынан қалмай қуып барып өлтіріпті.
Онан соң кеше көзіміз көрген кісіде Тәнті мырзаны бір начальниктің зұлым шаққандығыменен екі жыл жарымға бір жаз уискийге жер аударып, арестан киімін киіп кетіп бара жатқанда, артынан екі бекет жерден рахмет Алдабеков қуып барып амандасып тұрғанда, Тәнті мырза айтты дейді: «Тілеулесі жоқ ердің тілеуі зая, Туысқаны жоқ ердің еңбегі зая», — деген екен. Сол айтқандай, тілеулесім де жоқ еді, туысқаным да жоқ еді. Сол екеуін жоқ қылған Құдай емес еді, өзім едім. Тілеулесім жоқтығы — жан ашып, тілеулес болатұғын өзімнен шыққан дуагөймен қас болып едім де, туысқаным жоқтығы жақсы ат алу үшін өз ағайыным орманшы баласын ренжітіп ұстап едім. Сол мінезімнен таптым. онан басқа ешкімнен де көрмеймін, — деген екен.
Қанша айтқанмен: «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады», «Бір биеде екі емшек: бірінен соң бірінің сүті жоқ. Бір түйеде екі өркеш, бірінен соң бірінің күші жоқ». Жалғыз жүріп болғандық дәнемеге тұрмаса керек.
Қазақ мақалында да бар: «Құлан қағынан жерісе, қаңғырып жүріп шөлде өлер. Жігіт елінен жерісе, тірі жүріп-ақ күнде өлер».
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі