Байғозы бабамызға Жарылғап батыр жиен екен. Байғозы бабамыздың бір әйелі Жарылғаптың нағашы апасы болса керек. Байғозы жауға тигенде, үндемей тұтқиылдан килігеді екен. Жарылғап аюша ақырып, айдардан от шашырап, жыланның құйрығындай жауға үрей сап, құбыжық болып көрінеді екен. Сүңгіше қадалған көзінен жанып және жаудың үрейін алады дейді. Кейбір дерекке жүгінсек, Жарылғап батыр Байғозы батырдан кіші. Бір деректе былай делінеді: Жарылғап батыр Байғозының ауылына бара қалса, жеті жерден жер ошақ қаздырып, Байғозы батыр құрт қайнатып жатыр екен дейді. — Уа, байеке, жер ошақ күзетіп жүргеніңе жол болсын? Ауылыңнан шөміш ұстайтын қатын шықпады ма? — депті.
Сонда Байғозы:
— Сен екеуімізге қатын-қалаш қайнатқан құрт ас болушы ма еді, — депті. Сонда Жарылғап:
— Қыр астында қысық көз жау жатқанда алты малта ас болған күндерді ұмытып маған не көрініпті. Қоржындас болармын, — деген екен.
Хантауында мекендеген усан Серен деген қалмақ қонтайшысының шапқыншылары Арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап әкетіп маза бермепті. Сосын Байғозы мен Керней Жарылғап батырлар Көкшетаудағы Абылайға барып жағдайды айтыпты.
— Усан Сереннің бергі жағында әскер жатыр. Оған тиісу үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен Қонтайшысының ордасын қамап алайық. Соған қолды дұшпанның көзіне түсірмей Бетбақ шөл арқылы кім бастап барады? — дейді Абылай хан.
— Көзге түсірмей мен бастап барамын, — дейді Байғозы батыр.
— Шөлдетпей мен бастап барамын, — дейді Жарылғап. Абылай хан бес жүз кісілік қолмен Арқадан аттап өтті.
Әскері бірінің артынан бірі шұбырып, түнде жүріп, күндіз жа- тады. Жарылғап батыр әскердің алдында барлаушы, Байғозы батыр әскердің артында бақылаушы болып, қолды Хантауында бейқам отырған қалмақ ордасының үстіне түсіріпті. Абылай Қонтайшының үрейін ұшырып, қан төкпей айдап әкеткен адамдарын, малдарын қайырып, айыбына қызын алып, бұдан былай бір-біріне тиіспеуге бітім жасап қайтады.
Байғозы батырдың жасы ұлғайған кезінде қалмақпен тағы бір қырғын соғыс болады. Қазіргі Мыңбаев атындағы кеңшарда «Сасық жартас» деп аталатын алаңқайда қалмақтар мен қазақ жасақтарының бетпе-бет келген қырғын ұрысы болғаны ел аузында сақталған аңыздардан белгілі. Бейқам ауылды басынып, қалмақтар еркінсіп, ішке ене бастайды. Бірақ Байғозы абдырамай, қолайлы сәтті күтіп, жасағын тау ішіне жасырып, Жарылғапқа хабар жібереді. Тоқа Күшікбай батыр науқастығы салдарынан бұл ұрысқа қатыса алмаған. Қашан да томағалы бүркіттей сергек Жақаң жасағын бастап уақытында жетеді.
— Батыр, қартайғанда еліңді жауға шаптыртып, жайбарақат отырғаның қалай? — дейді Жақаң.
— Сәт аусын, Жарылғабым! Қартайғанда саған бір кереметімді көрсеткелі отырмын, — дейді Байғозы.
Сөйткенше болмай маңайды қара тұман басып, дүниені көрсетпей жібереді. Сол-ақ екен, Жақаң айқайды басып, жауға тиіп кеп береді. Шайқас сәтті аяқталып, қалмақ жасағы ойсырай жеңіледі. Шажағай бойындағы сол қырғын болған жер күні бүгінге дейін «Сасық жартас» деп аталады.
Жақаң дүниеден озған кезде тұрғылас ағасы Байғозы батыр: «Жау айбарыңнан ығушы еді. Айбарлы арыстаным-ай!» — деп жылаған екен.
Өзінің көзсіз ерлігінің арқасында Қаракесектің ғана емес, қазақтың Жарылғабы атанған.
Оқуға кеңес береміз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі