Өлең, жыр, ақындар

Қараш батыр

Қараш батырдың әрбір сапарынан қалдырмай ертіп жүретін Боқтай деген немере інісі болыпты. Боқтайдың көзі өте өткір екен, алыстағыны жанында тұрғандай көреді екен. Бірде Қараш батырдың қарындасын қырғыздар алып қашып кетеді. Ол Боқтайды ертіп Суықтөбенің қырғызға өтетін асуына шығады.

— Қарашы, қырғыздар неғып жүр? — дейді. Боқтай қолын қалқалап қарап:

— Шудың арғы жағында жеті боз үй тігіліп тұр. Алдында адамдар жүр. Сақалы ақ шал қара шолақ иті бар, қой бағып жүр.

Қараш батыр: «Қызды қайтар! Қызды қайтар!» — деп айғай салады. Қараш батырдың дауысы күнгейдегі қырғыздарға жетеді.

— Енді неғып жатыр? Қарашы, — дейді Қараш.

— Ел үркіп, үйін жығуда. Малын айдап қаша бастады. Үш адам атпен шықты. Шу суынан өтіп келеді. Арасында біреуі қыз дейді.

— Е-е, онда қызды алып келеді екен, — дейді Қараш. Қырғыздар айыбын өтеп, Қараш батыр олармен татуласыпты. Тағы бір күні Қараш батыр Боқтайды ертіп Суықтөбеге шығады. Қараш:

— Қопа жаққа қарашы, жұрт неғып жүр екен? — дейді Боқтай.

— Қопада күн жылы, жусанның түбі босап тұр, мал тоқ. Бір боз бие тойғаннан тауға қарап тұр. Алты үйір жылқы жайылып жүр. Төменіректе — үш үй. Екеуі боз, біреуі ақ. Қора салыпты. Қораның алдында бір әйел дәрет алып отыр. Қолында күміс құмғаны бар. Қараш батыр Боқтайды сынағысы келіп:

— Жүрші, сонда барайық! — дейді.

Екеуі аттарына мініп жолға шығады. Түс ауа қопаға жетеді. Малшылар алдарынан шығып қарсы алады.

Бірде Қараш батыр дастархан басында отырғанда ыстық сорпа әкелініпті. Сол сәтте сыртынан «Аттан, аттан!» деген ащы дауыс естіліпті. Асты күттіріп қоюға болмайды, — деп Қараш батыр ыстық, буы бұрқырап тұрған тостаған дәмді сіміре салыпты. Далада тұрған ерттеулі атына мініп шауып кетіпті.

Ауылдың сыртына шыға бергенде кекіріп қалса, ыстық сорпа аттың жалына төгіліп, жануардың жалы жидіп түскен екен...

Бір шабуылда қырғыздар Қараш батырды қолға түсіріпті. Батырдың киесі бар екенін білетін қырғыздар оған ешбір зәбір көрсетпей, тамағын беріп қыс бойы бағыпты.

Ел ұйықтаған кезде бір келіншек Қараш батырға бір табаққа тамақ салып, қымызымен қоса әкеліп тұрады. Бір күні батыр оған:

— Менен қандай тілек тілеп келіп жүрсің? — дейді. Келіншек:

— Сіздің әулиелігіңізді естіп, бата сұрайын деп едім, балам жоқ, — дейді. Қараш батыр оған ақ батасын береді. Көктем шығып, көшерде қырғыздар:

— Ертеңгі күні жаяу тастап кеткенсіңдер, — деп кек қылмасын деген оймен батырдың қасына бір ат тастап кетеді.

Келесі жылы әлгі әйел балалы болады, атын Жанқараш қойыпты. Жанқараш өсе келе елін билеп, сыйлы адам болыпты. Қасиетті Қараш батыр ұзақ өмір сүріп, сегізінші мүшеліне ілінгенде қатты ауырады. Қайтарына бірнеше күн қалғанда Қараш ағайын-туғандарын шақырып, олармен қоштаса отырып былай дейді:

— Елімді, жерімді қорғаймын деп соғысып жүріп дұшпанымды аямадым. Мүмкін, мүмкін талайлардың қанын орынсыз ағызған шығармын. Әттең, шіркін, дүние! Ең болмаса сол көп жаудың құмалақтай бір оғы бұйырмапты. Жау қолынан мерт болсам, көп күнәмнің титтей бір мысқалы кемір ме еді?

— Шырақтарым, сендерден сұрайтын бір жайым бар: Сонау түстік жақтағы үлкен-үлкен тауларды көрдіңдер ме? Қоңыртөбе, Шоқпартас, ырғайты, солардың бергі етегі — Көлқамыс жағы. Сол арада шағын ғана бейіт бар. Менің үлкен нағашым сонда жатыр деуші еді әкем марқұм. Мені сонда жерлеңдер, — дейді.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Алдияр батыр туралы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер