Өз заманында туған Елке бабамыз өте момын адам болған. Сол кезде өзінің туған інісі Тілеуімбеттің түйесін бағыпты. Күз айларының бір күні үлкен ас беріліп, Тәуімбет өз балаларын ертіп, сол жаққа жолға шығып кетеді. Елке туысына малға, ауылға, бала-шағаға қара деп тастап кеткен екен.
Алдияр ол кезде жас болғанымен, талабы зор, ақылы мол бала болады. Кеудесін намыс пен ыза кернеп, өзі мініп жүретін «Желсебеді» деген жүйрік торы құнанын мініп, тез арада түйе бағып жүрген әкесіне барып:
— Әке, жүріңіз, асқа баралық, — дейді. Елке бабамыз:
— Шырағым, барғың келсе, өзің бара бер, мен бара алмаймын, малдан айрылып қалсаң, Тәуімбет ренжиді, — дейді. Бала Алдияр әкесінің еркіне көнбей:
— Жүріңіз! Сіз Тәуімбеттің бірге туған әз ағасысыз. Сол елдің жиынына баратын жөніңіз бар. Сіз де өліге құран оқытып, тіріге көңіл айтыңыз. Ел ішінде ер салтанатын құрып жүріңіз, — деп, әкесін ертіп, жұрт жиылған жерге барады. Тәуімбет қаралы ауылды ел ішінде жүрген Елкені көріп, ұрсып, тілдейді. Әкесінің сырт жағынан келіп тұрған Алдияр Тәуімбеттің сөзіне шыдай алмай, оның алдына жетіп келеді. Өзінің балағаттап тұрған сөзін өзіне айтып тұра қалады.
Қуғыншылар жабылып, ұстамай қоймайтынын байқаған Алдияр әкесіне бұрылып: «Ардақты әкетайым, хош болыңыз!» — деп торы құнанының басын қоя беріп, самсаған сары қолды қақ жарып, алдыға сытылып шығып кетеді. Өз есімін өзі шақырып, ұран салып «Алдиярлап» ұзап жөнеледі. Күн батқанша қуып жете алмаған қуғыншылар қала береді.
Осы бетімен суыт жүріп отырып, қазақтың даласынан шығып, қырғыз еліне кіріп, ханы Сарудтың ордасына тоқтайды. Хан келген қонағын дұрыс көзбен қабылдап, жөн- жосығын, әңгімесін естігеннен кейін: «Шырағым, еліңнен жалғыз шығып, алыс жол жүріп қалған екенсің, біз де қырғыз деген бір тайпа елміз ғой, сені сақтай аламыз», — деп Алдиярды өз ордасына қалдырады.
Күндер мен айлар өтіп жатады. Алдиярдың ақылдылығы ханның көңіліне ұнайды. Саруд қатты ойланып, өзіне бала қылып алмақшы оймен ханымымен ақылдасады. Сонда бәйбішесі: «Баланың тал бойында бір міні жоқ, тұлғасы қай жағынан да бөлек, ақыл-мінезінде де кемшілігі жоқ. Бірақ менің білуімше, дәл осы сынды адам «бұралқы» болып, бөтен елге сіңбес. Егерде хан ием, көңіліңіз ауып, Алдиярды бала етемін десеңіз, оған жалғыз қызыңыз Ханшайымды қосып, күйеу бала етіңіз», — деген екен. Келер жылы хан қызы жүкті болып, егіз ұл туады. Үлкенінің есімін Қырықсадақты, екіншісін Қырғызшора деп атайды.
Сол заманның бір жылдарында өзбек хандығымен қырғыздар соғысып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Алдияр ерлігімен ерекше көзге түсіп, соңынан бүкіл қырғыз қолына қолбасшылыққа сайланады. Көп кешікпей бұл жеңіс, Алдиярдың атағы, еңбегі, ерлігі бүкіл қазақ даласына естіледі. Хабарды ести келе қазақтың ханы Әбілхайыр орта, Кіші жүзге хабарлайды. Қырық кісі сайлап, елшілікке Бұхар жырауды қояды. Әбілхайыр: «Алдиярды елге қайтарыңдар!» — деп қырғыз еліне жібереді.
Қазақтың қырық кісіден сайланған елшілігі қырғыз еліне жетіп, ханға жолығып, өздеріне жүктелген міндеттерін жеткізіп, олардың жауабын күтіп жатады. Біраз айлар бойы Саруд хан елшілерге жауабын қайтармайды, онысы Алдияр батырды қимағаны мен қиналғаны. Күндердің бірінде батырдың өзі хан ордасына кіріп келіп:
— Хан ием, мен сізге кеше ғана пана сұрап келгенде, жақсы сөзбен қарсы алып, артынан шексіз құрмет көрсеттіңіз, қызыңызға үйленіп екі балалы болдым. Енді бүгін қазақтан елшілер келіп, мені алып кетпек. Кезінде өз туысымның қорлығына шыдамай, елден кетіп едім, басқа жұртыма өкпем жоқ. Бүкіл қазақ елі шақырып, елшілер келіп отырғанда, маған еліме, жеріме қайтқан дұрыс деп, сізден рұхсат сұрап, ақ батаңызды алуға келдім. Менде өзіңіз қосқан Ханшайым мен екі ер балам бар, басқа мал-мүлік жоқ. Хан ием! Рұхсат болса, менің тартуым осы екі баламды қияметке дейін сізге бердім. Ханшайым да балаларды тәрбиелеп, өз қолыңызда болсын, — деп, ханның үйінен сыртқа шығып кетеді.
Қырғыз ханы манаптарды тегіс шақырып, кеңес құрып бір бітімге келген соң, Бұхар жырау бастаған қазақ елшілеріне қырық сәйгүлік жылқы, қырық түйесін беріп, Алдиярға хан өзі мініп жүретін көк ала тұлпарын мінгізіп, қолына көк ала туын ұстатып, батасын беріп, еліне қайтарады. Батырды қырғыз елінің шетінде ақ үй тігіп, аса құрметпен күтіп, сыймен хош айтысады.
Батыр елден кеткенде Елке әкесі айттырып қойған қалыңдығы жұртта қалып қояды. Қалыңдығы қоңырат руының еліне белгілі Дүйсе деген кісінің Таубике атты қызы. Тірі кеткен батырды күтіп, үйінде отырған екен. Алдияр айттырып қойған қалыңдығын еліне іздеп барып, атасына сәлем беріп, аз күн қонақтап, ауылына алып келеді. Бірнеше жылдар өткен соң батыр бір рулардың жиынында Жібек деген қызды кездестіріп, өз өтініші бойынша ата-анасынан бата алып, үйленеді.
Алдияр Тәуке ханның бірінші батыры болған, әрқашанда ханның оң жағында отырған. Батыр сол дәуірде өзімен жақын арада орналасқан көрші елдерге, туыстарына қатты қарап, қысым жасап отырған. Бұл күндері одан әбден жапа шеккен жақындары Тәуке ханға Алдиярдың үстінен шағым жасайды.
Бірнеше күн өткеннен кейін хан өзінің үйінде бар халықтың ортасында отырғанда үйге Алдияр батыр кіріп, ханға сәлем беріп, өзінің үйреншікті орнына, ханның оң жағына отыра кетеді. Біраз өткен соң, жүк артылған екі-үш түйе көрінеді, олардың артқандары құрт пен май еді. Түйелерді Алдияр адамы айдап келе жатқан. Батыр отырған жерінен оған дауысын көтере сөйлеп:
— Мен бұл сыйларды бұл топқа емес, ханға әкелдім, түйелерді ханның үйіне апар, — деп жарлық береді. Тәуке хан жиналған халыққа Алдиярдың қысымы туралы өздерің шағымдарыңды айтыңдар деп қолқа қойды. Бірақ оған ешкімнің батылы бармады және сөз айта алмады.
Сондықтан Тәуке халыққа:
— Осындай ардақты, атақты Алдияр сияқты батырға өз туыстарын, жақын аймағын ренжітуі жараспайды, ал шағыммен келген қауымға ренжігендеріңді қойып, ескіні ұмытып, келісімге келіңдер, татуласыңдар, бұдан былай мұндай жағдайлар қайталанбасын, — деп ақылын айтты. Ақырында хан халыққа батырды қатты қадірлейтінін білдіріп, «ол түйе алса, атанымен қайырады» деген сөздермен түйіндеді.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі