Өлең, жыр, ақындар

Ерте жүктілік және оның алдын алу шаралары

    Қазақстанда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік 13–19 жас шамасында жиі кездеседі. Статистика бойынша алғашқы жыныстық қатынас жасы — орта есеппен 16,5 жас. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасөспірім қыздардың босану дерегі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 29-орында тұр. 2024 жылы елде 1 800 жасөспірім жүкті болған. Оның ішінде 200-ге жуығы түсік жасатқан. Бұл бойынша 218 қылмыстық іс тіркелген («16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа немесе басқа да сипаттағы әрекеттер» бойынша). Маңғыстау мен Жамбыл облыстарында коэффициент 35-тен, ал Түркістан облысында 30-дан жоғары.

БҰҰ дерегінше, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Ерте жүктіліктің 70 пайызы жасанды түсікпен, 15 пайызы өздігінен түсік тастаумен аяқталады. Тек 15 пайыз жағдайда ғана қыздар сәбиді аман-есен босанады. Ал Еуропада мұндай көрсеткіш бізбен салыстырғанда 6–7 есе төмен.

Ерте жүктіліктің себептері

1) Білім мен ақпараттың жеткіліксіздігі.

Көптеген жасөспірім қыздар контрацепция құралдарын қолданбайды немесе олар жайлы мүлде білмейді. Сарапшылардың айтуынша, шамамен 80%-ы қорғану құралдарын пайдаланбайды. Мектептерде және отбасында жыныстық білім мен репродуктивті денсаулық тақырыптары ашық талқыланбайды.

Контрацепция туралы қысқаша:

Контрацепция — дені сау әрі қалаулы бала дүниеге әкелуге, қажетсіз жүктілік пен түсік жасау жағдайларын азайтуға көмектесетін әдіс.

Жедел контрацепция түрлері:

  • Ерлер презервативі;
  • Әйелдер презервативі (диафрагма);
  • Спермицидтер (Фарматекс, Постинор, Эскапель);
  • Пероральды гормоналды таблеткалар (мини-пили);
  • Егілетін гормондар (Депо-провер, Нористерат).

2) Әлеуметтік-экономикалық және географиялық факторлар.

Ауылдық жерлерде және табысы төмен отбасыларда ерте жүктілік жиірек кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші ауылда шамамен 48 болса, қалада небәрі 13 (1000 адамға шаққанда).

3) Зорлық-зомбылық және әлеуметтік бақылаудың әлсіздігі.

Қазақстанда жасөспірім қыздардың шамамен 25%-ы жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Белгілі қоғам белсендісі Баян Жолдасованың айтуынша, Шымкент пен Түркістан облыстарында ерте жүктілік жағдайларының басым бөлігі туыстар арасындағы зорлық-зомбылықтан туындайды. Көп жағдайда мұндай істер жабылып, жазасыз қалады.

Мәселенің салдары мен шешу жолдары

Ерте жүктілік жасөспірімнің ағзасына үлкен физиологиялық және психологиялық зиян келтіреді. Себебі бұл жастағы ағза жүктілік пен босануға дайын емес. Мұндай жүктіліктің салдарынан ананың да, баланың да өмірі қауіпке ұшырайды. Ал ерте жастағы түсік болашақта бедеулікке немесе басқа репродуктивті қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Шешу жолдары:

  • Мектептер мен ата-аналар арасында жыныстық тәрбие мен репродуктивті білімді дамыту;
  • Жастарға арналған психологиялық және медициналық кеңес беру орталықтарын ашу;
  • Контрацепция мен профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыру;
  • Әлеуметтік желілер мен медиа арқылы ерте жүктіліктің қауіптілігі туралы ақпарат тарату.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Абилгазим Альбина


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз