Денис Юрьевич Тен (13 маусым 1993 – 19 шілде 2018) — әлемдік деңгейдегі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның ең танымал спортшыларының бірі. Ол Алматы қаласында дүниеге келген. Денис корей ұлтының өкілі болғанымен, Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады.Денис мәнерлеп сырғанаумен алғашында денсаулық тобында айналыса бастады. Сонымен қатар ол теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзу, би және сурет салу сияқты түрлі салаларға қызығушылық танытқан. Музыка мектебін 5-сыныпта аяқтап, хорға да қатысқан. Кейіннен бар назарын мәнерлеп сырғанауға аударып, кәсіби спорт жолын таңдады.
2003 жылы “Хрустальный конек” турнирінде бапкер Елена Буянова оның талантын байқап, Мәскеуге жаттығуға шақырды. Денис ересек спортшылармен бірге жарысып, 2006 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Халықаралық деңгейде ол 2008 жылғы ISU турнирінде медаль алған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихқа енді. 2009 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, үздік он спортшының қатарына кірді. 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында ең жас қатысушылардың бірі болып, 11-орынды иеленді. Кейін бапкерін ауыстырып, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында әйгілі бапкер Фрэнк Кэроллдың жетекшілігімен жаттықты. 2011 жылы Қазақстанда өткен VII қысқы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Денис Теннің спорттық мансабындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі — 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алуы. Бұл Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихындағы маңызды жетістік болды. Сонымен қатар 2017 жылы Алматыда өткен Қысқы Универсиадада алтын медаль жеңіп алып, өз шеберлігін тағы дәлелдеді. Ол Гран-при кезеңдерінде де жүлделі орындарға ие болды. Денис тек спортшы ғана емес, жан-жақты тұлға болды. Ол фотографиямен айналысып, әлеуметтік желілерде өзінің түсірген суреттерімен бөлісіп отырған. Ол өмірді, адамдарды және өз ісін шексіз сүйетінін жиі айтатын.
Өкінішке қарай, 2018 жылдың 19 шілдесінде Денис Тен Алматы қаласында белгісіз екі адамның шабуылынан ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Оның мезгілсіз қазасы бүкіл Қазақстан халқын қайғыға батырды. Денис Тен — қысқа ғұмырында елдің мақтанышына айналып, әлемдік спортта Қазақстанның атын танытқан жарық жұлдыз болды. Бүгінде оның есімі ел жадында мәңгі сақталады. Алматы қаласында спортшының құрметіне ескерткіш орнатылып, оның еңбегі мен тұлғасына құрмет көрсетілді. Денис Тен — өз талантымен, еңбегімен және адамгершілігімен халық жүрегінде мәңгі қалған спортшы.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Каражанова Фатима
- Төлепбек Жантай
- Конфуций
- Имам Раббани
- Имам Раббани
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі