Жүрекке жазылған күзгі хикая
Күздің салқын самалы есіп тұр. Терезеге тамшылаған жаңбыр әр тамшысы өз әнін шертетіндей, нәзік симфония болып құлап жатыр. Ауада жапырақтардың ылғал иісі мен жаңбырдың салқын тынысы араласып, жүрегімді дірілдетеді. Мен 11-сыныпты жаңа бітіріп, қалада шаштараз болып жұмыс жасап жүргенмін. Ауылдан алыс болғым келді, тәлім мен тәжірибе жинау, қала тынысын сезіну, бойдақтық еркіндігі. Ауылда да жұмыс істеуге болар еді, бірақ мен Үйден, Ауылдан алыс болғым келді. Сол күні жұмыстан кеш шықтым. Әдетте сағат 5-те аяқталатын жұмыс, сол күні түнгі 9-ға дейін созылды. Клиенттер үздіксіз келді, кейбірі тіпті басқа қаладан. Денем шаршаған, тек жылы төсекте демалып, әлемді ұмытып кеткім келді. Аялдамаға жеткенде, жаңбыр мен салқын самал қарсы алды. Терезеге тамшылаған суық жаңбыр мен салқын ауа бойымды жауратқандай. Бір сәт өзімді әлемнен бөлініп қалғандай сездім. Автобус келді, міндім, жайлап орындыққа отырдым.
Дөңгелектер темір жолдай ырғақты дыбыс шығарып, жаңбыр терезеге симфония салып барады. Денем тоңып, бірақ бойыма жеңілдік кірді демалыс жақындап келеді. Сол сәтте еміс-еміс жылаған дауысты естідім. Артқа қарай жылжып барсам, бір жас бойжеткен қыз жылап отыр. Үстінде ескі киім, жұпыны халат, шашын буып алған, бірақ жүзінен нұр төгіліп тұрған сондай сүйкімді. Қарындас, не болды, неге жылап отырсыз дегенімде, ол мені құшақтап алды да, одан бетер қатты жылады. Автобустағы отқан адамдар да бәрі бізге таңырқап қарап қалды, бір орыс әжей де ай, любовь деп қояды. Бәлкім, мені оның жігіті деп ойлаған болар. Мен оған қолымды қойып, үнсіз қарап тұрдым. Қарындас, сабыр ет, бәрі жақсы болады. Мүмкін көмегім тиер болса, айтыңыз дедім. Ол әрең отырып, көзін жерге тіктеді. Кешіріңіз, мен ерсі қылық жасағандай болдым… Бірақ сіздің жүзіңізден нұр шашқандай көрінді… Аянышты халге келген соң мүмкін солай болды деді жас қыз. Мен жәй ғана күліп, жоқ, ол не дегенің, енді мен сенің Ағаңмын, сен менің Қарындасымсың дедім. Сол жерде біз ақ тіл табысып кеттік.
Содан әлгі қыз өз тарихын айта бастады. Жылаған дауысы жіңішке, әр сөзі жүрекке жететін. Менің жасым бар-жоғы 16 да… Анам жоқ жетіммін, осыдан бес жыл бұрын жүрегі қатты ауырып, ауыр сырқаттан көз жұмды. Әкем бар, бірақ өгей. Сол өгейліктің кесірінен осындай жағдайға түстім. Ауылым алыс, екі сағаттық жол деді ол, көзінен жас тамшылай ағып, шашына жабысып тұр. Іштей мен де қосылып жыладым. Сол кезде өгей Әкең қатал ма дедім мен. Иә, қатал өгей болса да, Әкем ғой… Бірақ расында жауыз екен. Бүгін көзім жетті. Өгей Әкем достары мен араққа сылқия мас болып, карта ойнап, мені бәске тігіп жіберген екен. Егер ұтылсам, сол адамның айтқанын орындауым керек болды деді қыз, дауысында қасірет бар. Мен сол сөзді естіп қалып, Анамның ескі халатын үстіме жаптым да, жүгіріп Үйден қаштым. Осында қалай кеп қалғанымды да білмеймін. Қызға қатты жаным ашып кетті ме, мен оны қатты құшақтап алып, тек сабыр етуді ғана айта алдым. Сол кезде Анам қоңырау шалды. Ұлым, келе жатырсың ба, кешіктің ғой деді. Иә, Анашым, келе жатырмын, қасымда досым да бар, бірге барамыз дедім мен. Қыз келгісі келмесе де, мен оны ертіп Үйге алып келдім. Өйткені басқа барар жері жоқ еді. Үйге келгенде, Әкем мен Анам шошып, бұл кім? Бірдеңе бүлдірген жоқсың ба деп ымдап күтіп алды. Жоқ дедім мен. Содан ішке кіріп, дастарқан басына жайғастық. Қыз барлығын айтып берді. Әкем мен Анам өте мейірімді ғой, ай, қой енді жылама, өзің сұп-сұлу екенсің, әдемі қыздарға жылауға болмайды деп оны еркелетті. Сол күннен бастап, қыз біздің отбасының толық мүшесіне айналды. Біз оны өз қызымыздай көрдік, ал ол бізді бұрыннан жақын адамдарындай қабылдады. Арадан көп уақыт өтпей, Анамның сіңлісінің ұлы оны көріп қатты ұнатып қалыпты. Жастар ғой, махаббат жарықтық, бір-бірімен бір-екі рет сөйлесіп те үлгергендей. Ал қыз да оны ұнатып қалған секілді.
Сол нәзік сезімнің алғашқы сәулесі, жас жүректің дірілі, бір-біріне деген жасырын қызығушылық бізге де ерекше әсер қалдырды. Ия, бұл да бір жақсылық қой. Іштей қатты қуанғаным рас. Ұлдың үйіндегі адамдар да одан хабардар сияқты болды. Әйтеуір, қызды олар да ұнатты. Үйге қайта-қайта келіп, болашақ келіндерін көріп, қуанып отырды. Қыздың өткен өмірін есітсе де, "лә" деген ешкімнің сөзі шықпады тағдыр ғой. Екі жас бақытты болса, бізге басқаның керегі не деп сол кезде ақ баталарын берген еді. Содан кейін екеуінің тойы өтті. Той өте керемет өтті. Тек қыздың өгей Әкесі той соңында келді. Мен оны кіргізбейін деп ойладым, ашуым қатты келді. Бірақ қыз өгей болса да, Әкем ғой, кірсін деп рұқсат берді. Өгей Әкесі жылап, бүкіл елдің алдында қыздың аяғына жығылып қатты өкінді, бірақ қыз оған сөйлемей, тек жүрегінде кешірім сақтады. Бұл қыз бен өгей Әкенің соңғы жүздесуі болды; "қыз өгей Әкесін біз енді бөтенбіз" деп шығарып салды.
Содан бері жеті жыл өтіпті. Екеуінің бір қызы, екі ұлы бар, өмірлері шаттыққа толы, бақыт шуағына бөленген отбасы. Біз аптасына бір көрісеміз; көріспей қалсақ, күндеріміз босқа өткендей, әлем төңкерілгендей сезіледі. Өмір шынымен де қызық ия. Құдайдың кереметін қарашы: сынақ берді, қиындықпен тексерді, бірақ соңын тәтті бақытқа жеткізді, шүкір, шүкір.
А есімін ұмытыппын оның аты Гүлайым. Бұл оқиға оның жүрегі мен өміріндегі шынайы сезімдердің, қасірет пен қуаныштың, үміт пен қорқыныштың тірегі. Оқып отырған жан, есте сақтаңыз: кейде өмірдің ең ауыр сынақтары да соңында тәтті бақытқа апарады. Ал оның аманаты менде, оны бөлісерде абай болу керек себебі бұл тек сөз емес, оның жүрегінің құпиясы, сенім мен сүйіспеншіліктің таңғажайып белгісі.
Автор: Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі