Өлең, жыр, ақындар

Кітап оқу мәдениеті

   Әр адамның өмірінде өзіндік сүйікті ісі, яғни хоббиі болады. Менің хоббиім – кітап оқу. Кітап оқу мен үшін жай ғана ермек емес, ол – өмірімнің ажырамас бөлігі. Себебі кітап арқылы мен білім аламын, ойымды дамытамын және жан дүниемді байытамын. Кітап – адам баласының ең сенімді досы. Ол бізге уақыттың қалай өткенін байқатпайды, өмірге жаңа көзқараспен қарауға үйретеді. Кітап оқу арқылы мен түрлі елдердің тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысамын. Әсіресе мені мотивациялық және тарихи кітаптар ерекше қызықтырады. Олар адамның рухын көтеріп, алға ұмтылуға, мақсатқа жетуге шабыт береді.

Кейбір адамдар кітап оқуға уақыт жоғалтады деп ойлайды. Бірақ меніңше, кітапқа кеткен уақыт ешқашан босқа кетпейді. Керісінше, әрбір оқылған кітап менің ой-өрісімді кеңейтіп, сөздік қорымды байытады. Қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілер көп адамның уақытын алады. Ал мен бос уақытымды пайдалы өткізіп, кітап оқуға тырысамын. Бұл әдет маған сабырлылық пен ойлану қабілетін үйретті.

Статистика бойынша, әлемдегі дамыған елдерде адамдардың 70 пайыздан астамы күн сайын кемінде 30 минут кітап оқиды екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш соңғы жылдары артып келеді. Мысалы, жастар арасында классикалық әдебиетке және заманауи жазушыларға қызығушылық қайта оянып жатыр. Мұндай үрдіс қоғамның рухани дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын.

Менің сүйікті авторларымның бірі – Мұхтар Әуезов. Оның «Абай жолы» романын оқығанда қазақ халқының тарихы мен тұрмысын терең түсіндім. Сондай-ақ әлем әдебиетінен Пауло Коэльоның, Джек Лондонның және Жюль Верннің шығармалары ерекше әсер қалдырды. Әр кітап өз әлемімен баурап алады, әр бетінде жаңа ой, жаңа сезім жатыр. Кітап оқу тек таным көзі ғана емес, ол – демалыстың ең тиімді түрі. Кейде мен қиын күндерден кейін кітап ашып, өзімді басқа әлемге енгендей сезінемін. Ол мені тыныштандырады және рухани күш береді. Кітаптағы кейіпкерлердің тағдыры арқылы мен өз өміріме сабақ аламын.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Базарбай Нұрайлым


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз