Шындық пен жала
(Қойылым)
І-сахна
(Көп қабатты үйлердің ауласы, сәкіде 4 әйел әңгімелесіп отырады. Осы кезде алдарынан хиджап киген бірнеше қыз өтіп кетеді. Сампылдай сөйлесіп, хал-жағдай сұрасып отырған әйелдер жым-жырт тыныштала қалып, қыздарды көзбен шығарып салады. Қыздар кетіп қалған соң бір әйел сөз бастайды.)
1-әйел:
- Өздерінше періште болған түрлерін ұрайын... Бұлар жайлы журналистер масқара жазып жатыр ғой? Бірнеше күйеуден, бірнеше балалары бар дей ме...?! Құдай бетін ары қылсын! Тфу-тфу! (Жан-жағына түкіреді)
2-әйел:
- Мұндайлар жаман агрессивті келеді... Өмірі бір қабақтары ашылмайды ғой шіркіндердің!
Ұлбике:
- Не дейді? Бұларды мен тақуа мұсылмандар деп жүрсем... Сонда барлығы бірдей адасқан болып тұр ма? Ой-Алла – ай! Өзің жар бола гөр?! Мұндай тұмшаланған бәлелеріңнен Өзің сақта!
3-әйел:
- Қыздар, елде неміз бар? Маған десе неге қап киіп алмайды... ?! Одан да мынаны қараңдар? Менің бір танысым қымбат алтындарын арзанға сатып жатыр. Ақша қажет дейді..
Ұлбике:
- Көрсетші..?! Асылбегім үйленем деп жүр еді... Бірлі-жарым алтындарын жинай берейін. (Телефонға қарап, риза болған кейіппен) Номерін берші? Барып көрейін...
3-әйел:
Әкеліңіз жазып берейін? (Ұлбике апаның телефонына жылдам номерді сақтап береді)
Ұлбике:
- Ой, көсегең көгергір! Береке тап! Жақсы болды ғой?! Қой, мен ерте күнді кеш қылмай, дереу сөйлесейін. (Кетіп қалады.)
1-әйел:
- Мына кемпірді айтам да, аспаннан түскендей боп отыр ғой? Өзінің немересі оранған қызға үйленгелі жатқанын естіп қойғанбыз... Немересінің басын айналдырып, дуалап алған көрінеді... Менің ұлыммен араласады емес пе? Сол айтты: «Асылбек сол қыздан басқа ешкімді көрмей, ешнәрсені естімейтін болған»-деп.
2-әйел:
- Қойшы... Рас па? Мынау рас болса сұмдық екен? Қой мына жаңалықты Света білуі керек! Ол білді деген сөз – ел білді деген сөз! (Аузын басып шиқылдап күледі. Оған өзге әйелдер қосылып, барлығы қарқылдап күледі.)
1-әйел:
- Жүр, неғып отырмыз? Кеттік онда. (Барлығы кетеді)
ІІ-сахна
(Сахнада стол жайылып, хиджабтағы келіншек зыр жүгіріп дастарханға ішіп-жейтін нәрселерді қойып жүреді. Осы кезде заманауи үлгіде киінген енесі Ақкүміс апа мен қонақ Ұлбике апа шығады.)
Ақкүміс:
- Жүріңіз замандас! Үйіміз – осы. Мынау – келінім Хадиша.
Хадиша (сәл ғана басын иіп, қолын кеудесіне қойып сәлем береді):
- Сәлем бердік апа! Қош келдіңіз! Жоғары шығыңыз!
Ұлбике:
- Сәлемет бол, балам! Көп жаса! Береке тап!
(Келін жылдам басып қайта шығып кетеді. Ұлбике апа келінге бастан-аяқ сынай қарап, жақтырмай қалады.)
Ақкүміс:
- Айналайын, келінім өте тамаша бала! Ата-анасына мың алғыс!
Ұлбике:
- Тамаша болса тамаша шығар құрдас, бірақ қазіргі жастардың осы киімі не, сөлеңдеп..?! Айтса ренжиді..! Айтпасқа тағы шара жоқ. Қалай ыстықтамайды? Қарап тұрып ішім пысып кетеді...
Ақкүміс:
- Басында маған да ерсі көрінген! Қазір көзім үйреніп кетті... Өсек-аяңмен шаруасы жоқ. Күні-түні қолынан кітабы түспей, біресе Құран оқып, біресе онлайн бизнес курстарын оқып, үйін де жинап, балаларға да қарап, тамақтың да түр-түрін пісіріп, бір тынбайды...! Ауладағы сыртынан өсектеп, тыныштық бермейтін әйелдерді де шайға шақырып, жиі жәрдемін беріп, көршілік ақысын өтеп жүріп, жақсы сыйласып кетті... Ағайын-туысқа да ұнамды..! Аллаға шүкір!
Ұлбике:
- Жә, құрдас! Қанша мақтасаң да еш ішім жылымайды осы оранғандарға. Одан да жаңағы «сатамын» деген сақинаңызды көрсетсеңіз... Ұнаса - алайын, ұнамаса – қояйын!
Ақкүміс:
- Сақина ешқайда қашпайды құрдас! Дастарханға келіңіз! Бұйыртқан дәмнен ауыз тиіп, шай ішіңіз.
Ұлбике:
- Жарайды! Ішсем ішейін. Үйге барып, кешкі ас даярлағанымша ішегім шұрқырап кетер..! (Екеуі дастарханға отырады. Хадиша шай құйып береді.)
Ақкүміс:
-Үйде қыз-келіндеріңіз жоқ па?
Ұлбике:
- Бар. Қыз да бар. Келін де бар. Бірақ барлығы жұмысбасты. Қолдары тимейді. Әрі ең бос адам мен болғаннан кейін, барлығы маған сеніп алған. Мен тамақ жасамасам, аш қалады бәрі. (Шайын бір ұрттап қояды)
Ақкүміс:
- Сонда сіз қонаққа, сапарға шығып кетсеңіз, аш отыра бере ме? Мүмкін емес...! Тірі адам тіршілігін жасайды ғой...?! Кейде біздер, яғни аналар, өз қолымызбен баптап ас бермесек, ұлдарымыз бен немерелеріміз аш қалардай, етті өзіміз турамасақ, келініміз барлығын бір күнде турап тастардай, жағаласамыз да жүреміз.. Негізінде тізгінді келінге ұстатып, жаймен ақыл-кеңес беріп отырсақ, өздері-ақ дөңгелетіп кетеді емес пе үй шаруасын..?!
Ұлбике:
- Ееее, Күміс замандас! Тізгінді беруін берермін-ау, ұстауға лайық жан болса!
Ақкүміс:
- Хадиша! Әлгі сақиналарды әкелші қызым! Мына апаң тағып көрсін.
(Хадиша футлярға салынған екі сақинаны әкеліп, енесіне береді. Ақкүміс Ұлбикеге көрсетіп, бағаларын айтады.)
Ақкүміс:
- Мына сақинаны көп жыл алдын сіңлім таққан еді. Қазір мұндай сақиналар дүкендерде кемі 100 000 теңге тұрады. Ал қара базардағы бағасы 80-90 000 теңге болса керек. Сынамасы – 583, таза салмағы – 4 грамм. Россияның өнімі.
Ұлбике (қолына алып, аялай қарап):
- Әдемі екен! Нақты әрі соңғы бағаңыз қанша?
Ақкүміс:
- 90 000 теңге болсын замандас. Одан азға бере алмаймын. Айып етпеңіз!
Ұлбике:
- Екіншісін көрсетіңізші..?!
Ақкүміс:
- Бұл – марқұм күйеуімнің сыйлығы еді...! «Өмір бойы маған қызмет қылып жүрсің. Менің көзімдей көріп тағып жүр!» - деп бес жыл алдын сыйлаған болатын. (Көз жасын сүртеді) Қайтейін... Ақшасы құрғыр қатты керек болмағанда, сатпайтын едім ғой бұл сақинаны. Гауһар тасты көзі бар. Итальяндық ақ алтын. Бағасы – 500 000 теңге. Салмағы - 5 грамм.
Ұлбике:
- Замандас, сонша қымбат, құнды бұйымдарыңызды не себепті сатып жатырсыз? Себебін білуге бола ма?
Ақкүміс:
- Ееее, Ұлбике ханым! Қай жетіскеннен әйелдер алтын сатушы еді...?! Жалғыз қызымның ұлына отаға ақша қажет болып жатыр...! Ел-жұрттан жылу жиып, үкіметтен портал алып жатса да, қаражатын жеткізе алар түрі жоқ... Қайтейін... адамнан қымбат емес қой асыл тас. Бас аман болса, алтын табылар? Аламын десеңіз айтқан бұйымдарым осы..?!
Ұлбике:
- Аллаһ шипасын беріп, ауруынан толықтай айығып кетсін жиеніңіз. Мен де немеремнің тойына қосуға дұрыс алтын іздеп, уатсаптағы хабарламаңызды естіп келіп отыр емеспін бе? 90 мыңдық сақинаңызды алайын. Бриллиантыңыз өзіңізге бұйырсын! Ақшаңызды каспийге жіберейін.. (телефонын шұқылап, чегін көрсетеді)
Ақкүміс:
- Рақмет! Жастар бақытты болсын!
Ұлбике:
- Әумин! Айтқаныңыз келсін! Қой, қайтайын?! Автобус тоқтап қалса, үйге жете алмай қалармын. Рақмет! (Осы кезде Хадиша бауырсақ, тәттілер салынған шағын пакетті Ұлбикеге ұсынып, жылы шыраймен күлімдеп былай дейді)
Хадиша:
- Апа, қуыс үйден құр шықпаңыз! Үйіңізге барып шай ішерсіз!
Ұлбике:
- Рақмет айналайын! Сен мені сыйласаң, сені Алла сыйласын! (Үшеуі бірге
сахнадан шығып кетеді.)
ІІІ – сахна (Ұлбикенің отбасы)
(Сахнаға Ұлбикенің келіні Ақгүл мен қызы Нұргүл шығады.)
Ақгүл:
- Масқара! Елге қарабет болатын болдық?! Енді қайттік? Қайта қосшы жаңағы хабарламаны....?
Нұргүл:
- Осымен оныншы рет тыңдадық қой? Жаттап алдым тіпті.. Не қыласыз қайта-қайта тыңдай беріп?
Ақгүл:
- Қосу қиын болса, әкел! Қаласам таңға дейін тыңдаймын!
Нұргүл:
- Қанша тыңдасаңыз да тыңдай беріңіз. Менің тыңдағым келмейді... (Нұргүл Ақнұрға телефонын беріп, өзі кетіп қалады. Ақнұр аудио хабарламаны қосады.)
Хабарлама (әйел даусы):
«Қайырлы кеш, Ақнұр ханым! Сізге қалай айтарымды білмей тұрмын...?! Сөздің қысқасы.. той болмайды. Елге қалай хабарлайсыздар? Не деп өтірік айтасыздар, өздеріңіз шешерсіздер! Бірақ мен қызымды ойынпаз, лудоман, өтірікші, алаяқ балаңызға бере алмаймын. Жылтыраған түрі мен тәтті сөзіне алданып, анда-санда жіберген гүл шоқтарына малданып, басынан құс ұшырмай, иманмен тәрбиелеп отырған қызымды, өз қолымызбен имансыз азаматтың құрбанына айналдыра жаздаппыз! Маған ойынхана аралаған емес, мешіт жағалаған. Алланың ақ жолынан таймаған. Обал-сауапты білетін. Қолынан Құраны, ауызынан Алласы түспейтін. Еңбексүйгіш, білімқұмар күйеубала керек. Ренжімеңіз... «Танысу кешінде» мейрамханаға төлеген шығындарыңызды каспийіңізге жібердім. Айып етпеңіз! Айтпақшы... Асылбек үй жақты торуылдауын доғармаса, полиция шақыруға мәжбүр боламын. Ескертіп қоярсыз..! Аллаһ әділ ғой. Нұр сүресінің 26-шы аятында «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер де игі әйелдерге лайық» деп текке жазылмаған. Қызымыздың қолын бөгде ер адамға ұстатпай, суретін әлемжеліге жүктетпей, ешқандай жігітпен сөйлестірмей аялап өсірдік. Сондай тақуа баланы сыртынан бір көріп ұнатып қалған ойынпазға ұзата салар жайымыз жоқ! Аулақ жүрсін қызымыздан!»
(Ақнұр иығы селкілдеп, бетін жауып отырып қалады. Сосын көзін сүртіп, телефонын қолына алып, ұлына аудио хабарлама жібереді)
Ақнұр:
- Асылбек, балам! Сен мені елге қарабет жасадың ғой?! Тойға небәрі бір апта қалғанда, бүкіл ағайын-туыс, құда-жекжатқа не дейміз?! Балам, орамал тартқан қызға үйленгің келсе, өзің де діннен хабарың болуы керек еді ғой...? Сенің тәрбиеңді қай кезде уысымнан шығарып алдым екен? «Айдостармен бірге мешітке барайыншы..?»- деп, жүзің бал-бұл жанып келгенде, қатты ұрсып, бетіңді қайтарып тастаған күні сені жоғалтып алдым ба екен?! Әлде «Анашым, сыныпқа әкімнің баласы ауысып келді. Мені үйіне шақырды!» - деп қуанып келген күні, арамтамақ, ақшашашар арсыз топқа қосылғаныңа риза болып, іштей құптағанымның жазасы ма екен? Күні-түні телефоннан бас алмай, сабағың төмендеп кеткеніне мұғалімдер шағымданғанда, ұстаздардың өздерін кінәлап шыққан күні барлығын құрттым ба екен?! Ұлым! Асылбек! Сен асыл болмадың ғой... Сен қара бақырдан да төмен, тіпті топырақтан да пайдасыз, лас мақұлық болдың ғой? Топырақ вирустарды өлтіреді. Өсімдіктерді өсіреді. Жер шарын ұстап тұр. Өліктерді жасырып, шіріктерді сіңіреді. Ал сен ше? Күніге қанша литр су ішіп, қанша кг ас ішіп, қаншама көмірқышқыл газын бөліп, қаншама нәжіс шығарып жер шарын былғап жүргенің өз алдына.. Тым болмаса күнә арқаламай жүрсең қайтер еді..?! Текті жерден иманды қыз алып, той жасап, адал немере сүйіп «қадірменді әже» атанамын деп жүргенде, маған естіртер сөзің осы болғаны ма? Ойна! Ойнай бер! Онлайн ойна! Оффлайн ойна! Ақшаң жетпесе бізді де тігіп жібер картаңа! Әжеңді де тік! «Құдағиыма сақина әкелемін» - деп шапқылап жүрген. Қазір мына хабарды естісе, инфаркт алмаса жарар еді...?
(Осы кезде сахнаға Ұлбике апа шығады)
Ұлбике:
- Ақнұр, сыртқы есікті неге жаппағансыңдар? Құдағимен кездестіңдер ме? Керемет алтын сақина алдым. Құдағиға ұнайды деп ойлаймын...
Ақнұр:
- Апа, той болмайтын болды. Құдағи Асылбекті сыртынан әбден зерттеген секілді. Оның қарыздары туралы біліп қойып, қызын беруден бас тартты...
Ұлбике:
- Не дейді? Ееее, бәсе-ау! Болашақ келін «оранған», «намазхан» - дегенде-ақ ішім бір бәлені сезіп еді... Сақалы болмағаны үшін бас тартқан болар Асылдан. Тәйірі... Бопты. Қызын бермесе атамнан ары кетсін! Әлі керемет қызға үйленеді менің Асылбегім. Соған бола сүмірейіп... жер боп... не болды сонша..?!
Ақнұр:
- Апа, ол қыз – өте білімді, ақылды, тақуа, пәк, сұлу, адал қыз. Ондай келінім болса Асылбек те жақсы жаққа қарай өзгерер еді... Баяғыда ағамның балаларына қосып, медресеге жіберейік? Құран үйренсін, құдайын танысын» - дегенде әкесі қарсы болған. «Жұрттың барлығы адасып кеткен... Молдалардың барлығы дүниеқоңыз. Қажылық – бизнес. Пәлен-пәштуән..» – деп. Өзіміз бір керемет жолда, Алланың сүйікті құлдары секілді мардымсып, асып-тасып жолатпай қойған. (Жыламсырап)
Қазір сол балалар елге үлгілі, бай-бақуатты, өсіп-өнген отбасының қожайындарына айналды. Ал, біздің ұлымыз... біздің ұлымыз ойынқұмар лудаман, ез, өсекші, қорқақ, қолынан дым келмейтін масыл болып өсті... Оның осындай болып өсуіне барлығымыз кінәліміз! Шексіз өбектеген мен де, өзімшіл, тәкаппар ғып, үнемі мақтай беретін сіз де, бір рет болмасын ислам, иман жайлы айтпаған әкесі де.. барлығымыз кінәліміз..! (тез-тез басып жылап шығып кетеді. Басы салбыраған Ұлбике орындыққа отырып қалады. Сосын Хадиша берген пакетті ашып, тәттілерді столға қоя бастайды. Өзі сыртынан сөйлеп жүр.)
Ұлбике:
- Е, Жаратқан! Құдіретіңе шек келтіріп, бұйрығыңа қарсы шықсам кешір! Сенің тақуа құлдарыңмен алысып, шайтанмен жақтас болып жүргенде, өз ұрпағымды азғындыққа итермелегенімді түсінбеген екенмін! Сақалдылардың барлығын сайтанға балап, оранғандарды түгел жезөкше көріп жүргенде, өз ұрпағым құмар ойнап, арақ ішіп, адасып жүргенін сезбеппін. «Менің Асылбегім – адамзаттың асылы» - деп, пайғамбарға лайық дәрежеге теліп, адамзаттың ең сорлысын тәрбиелеп жатқанымды түсінбеппін... Кешіре гөр Жаратқан! Алдыңда айыптымын! Немеремді тура жолға сала гөр! Сүйгеніне қосып, ғибратты ғұмыр кешуін нәсіп ет! Екі дүниеде мұңсыз, бақытты, абыройлы құлдарыңнан ете гөр!
(Сахнаға Асылбек шығады. Ақырын басып келіп, дұға тілеп отырған әжесінің алдына отырады.)
Асылбек:
- Әже, асыл әжем, ғасыр әжем менің! Сіз секілді батагөй әжесі бар немере, ешқашан жаман жолға түспейді! Мен бүгін намаз бастадым. Айғаным маған уақыт берді. Үш айда бес уақыт намазымды мешітте оқып, Құран жаттап, жақсы жұмыс тауып, қарыздарымның біраз бөлігінен құтылсам... «ата-анасын құдалыққа көндіремін» - деді.
Ұлбике:
- Жарығым-ау сол! Ақылды құлыным! Темекі шегіп, түнгі клубта жүретін қыздарға емес, етегін жауып, есін жиған қызға ғашық еткеніңе шүкір! Ақылы бар бала екен... Егер сенің Айғанымың да, мен бүгін көрген Хадиша секілді жақсы келін болса, қуана-қуана батамды берер едім балам.
Асылбек:
- Әже, сіз ол қызды көрсеңіз ғой... Бірден жақсы көріп қаласыз деп ойлаймын.
Ұлбике:
- Солай ма? (қулана күледі) Олай болса жүр балам, анаңды қуантайық?! Жылап кетіп еді жаңа.. Көңілі орнына түссін!
Асылбек:
- Ех, мама, мама! Үнемі мені уайымдайды да жүреді. Жүріңіз.. (Екеуі кетеді.)
ІУ – сахна.
(Сахнаға Айғаным, анасы, әкесі үшеуі шығады.)
Айғаным:
- Анашым, әкешім! Сіздерге бір жаңалық айтпақшы едім... Ұрыспайсыздар ма?
Әкесі:
- Қызым, не бүлдірдің?
Анасы:
- Сен қыз осылай қорқытқаныңды қойшы...? Не жаңалық ол? Неге ұрсуымыз керек?
Айғаным:
- Асылбек естеріңізде ме? Сол құда түсіп келемін дейді...
Анасы:
- Әлгі лудаман жігіт пе?
Айғаным:
- Мам..! Ғайбат айтпайық?! Ол қазір мүлдем өзге адамға айналған. Бес ай өтті ғой.. Қазір ол намаз-құлшылығы түгел, қарызы жоқ, берекелі мұсылман жігіт болыпты. Құранға да түсіпті...! Егер сіздер қарсы болсаңыздар... келме деп айтайын...!
Әкесі:
- Қызым, ер азаматтың назасы ауыр болады. Егер саған қол жеткізу үшін ғана емес, Аллаһ разылығы үшін өзгерсе, келсін! Ал көзбояушылық болса, оны оп-оңай анықтай аламын.
Анасы:
- Ойбуй, кезінде оның анасына өте ауыр сөздер айтып қойып едім...! Ұят болды ғой? Айтарын айтып алып, қатты өкініп, тәубе етіп, сол жігіттің сыртынан өте көп дұға жасаған едім...! Аллаһым дұғамды қабыл еткен болар! Шүкір, шүкір!
Әкесі, өзің сол баламен бетпе-бет жолығып сөйлесші... Дұрыс азамат болса «тәтті шайға» қайта барайық?! Бірақ осы жолы асықпай зерттейік? Алдындағыдай ұятқа қалып жүрмейік..?!
Әкесі:
- Жақсы бәйбіше! Дегенің болсын!
Айғаным (қуанып):
- Расымен қарсы емессіздер ме? Қызық екен?! Жақсы, онда мен истихара оқиын! Аллаһтан хайырлысын нәсіп етуін сұрайын...
Анасы:
- Балапаным-оу, сол! Құлыншағым! Аллаһ бағыңды ашып, екі өмірде мұңсыз пенделерінен етсін! (Қызын құшақтап, маңдайынан сүйеді. Айғаным ұялып, анасына еркелейді. Барлығы сахнадан кетеді.)
У – сахна
(Г.Әлімбекованың орындауындағы «Ақ келін» әні ойнап тұрады. Той дастарханы жайылып, ортаға асаба шығады. Айғаным қалыңдық киімінде, екі жағында екі жеңгесі қолтықтап шығады. Сахна қонақтарға толып кетеді. Асылбек досымен сәл артта тұрады.)
Асаба:
- Ал, алқалаған әлеумет,
Құлақ салғын елеңдеп,
Асаба ұлың кеп қалды,
Баршаңызға «сәлем»-деп!
Қыз ұзатып, келін ап,
Немере сүйіп, сүйінші ап!
Думан болсын әр үйде,
Жиналған көп, жамағат!
Айғаным қыз бойжетіп,
Теңін бүгін тауыпты.
Асылбектей ханзада,
«Күйеу жігіт» атанып,
Қуантуда халықты!
Құтты болсын тойлары,
Ашық болсын жолдары,
Жүз жылдан аса бір жасап,
Фирдаусқа кірерде,
Ұстасып тұрсын қолдары!
Қари, хафиз, иманды,
Асыл текті, ибалы,
Көп болсын ұл мен қыздары!
Үлгі болып халыққа,
Ұстаз болып ұрпаққа,
Маңынан адам кетпесін,
Үймелеген жәндіктей,
Қараңғы түнде жарыққа!
Шөбере сүйіп әжесі,
Немере сүйіп анасы,
Мен асаба болайын,
«Шілдехана» тойында!
Соза бермей бос сөзді,
Шақырайын баршаны,
Тойдың дастарханына!
Тек жақсы сөз сөйлейік,
Өсек-аяң термейік.
Сауап жинар той болсын,
Ниетімізді жөндейік!
Олай болса «Әумин» деп,
Атадан бата тілейік?!
БисмиЛляһпен ас алып,
Адал астан ішейік.
Тілек айтып, сый берер,
Қонақтар келсін шетінен,
Сөз кезегін берейік..?!
Қонақтар:
- Ой, бәрекелді!
- Тамаша!
- Қандай суырып салма асаба? Әмин! Айтқаны келсін!
- Жүріңіздер құда-құдағилар?! Той дастарханынан орын алыңыздар?
- Әйел адамдар былай қарай өтіңіздер! (Барлығы улап-шулап сахнадан кетеді)
Соңы.
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
-
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі