Өлең, жыр, ақындар

Абайдың 180 жылдығы – ұлт мерейі, рухани серпіліс бастауы

        Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағытталған рухани серпіліс, ұлттың өз тамырына қайта үңіліп, жаңа биіктерге ұмтылуға мүмкіндік берген маңызды тарихи белес.
        Ел көлемінде және халықаралық деңгейде өтіп жатқан ғылыми конференциялар, әдеби форумдар мен мәдени жобалар қазақ руханиятының терең тамыры мен бай мұрасын жаңа қырынан танытуда. Абайдың даналығы мен адамзаттық құндылықтарды дәріптеген шығармалары бүгінде шекара асып, әлемнің жетекші университеттері мен мәдени орталықтарында зерттеліп, насихатталуда. Бұл - ұлы ойшыл мұрасының әмбебаптығын және адамзатқа ортақ рухани мәнін айқындайтын жарқын дәлел.
        Мерейтой аясында Абай ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының (батыс тілдері) 2-курс докторанттары Шайманов Арман мен Бүркітбаева Жанар Азаматтық авиация академиясы студенттерімен бірлесіп, «Абайдың 180 жылдығы – ұлт мерейі» атты тағылымдық іс-шара ұйымдастырды.
        Іс-шара барысында студенттер ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына терең үңіліп, оның адамгершілік, әділет, білім мен еңбек туралы тұжырымдарын қазіргі заман құндылықтарымен сабақтастыра талқылады. Шараның басты мақсаты – жастардың бойына Абай ілімінің рухын сіңіріп, ұлттық сана мен мәдени мұраға деген құрмет сезімін күшейту болды.
        Абайдың ұлағаты – мәңгілік. Оның ойлары мен өлеңдері ұлттың рухани даму бағдаршамы іспетті. 180 жылдық мерейтой – ел руханиятын жаңғыртудың, ұрпақ сабақтастығын нығайтудың және Абай әлемін жаңа көзқараспен танудың нышаны болып отыр.
        «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп өзі жырлағандай, Абайдың сөзі де, рухы да ұлт жүрегінде мәңгі жасай бермек. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар