Өлең, жыр, ақындар

Шоңай батыр

Шоңайдың нағашысы Садыр, оның ішінде Алдияр тармағынан екен. Қабырғасы қатып, оңы мен солын таныған Шоңай енді нағашы жұртын іздеп шығады. Ол кезде атпен жүретін кез. Лепсінің бойы ма, әлде одан әрі ме, әйтеуір екі-үш күн жол жүріп, қалың жылқыны суару үшін қауға тартып жатқан жігіттерге кездеседі. Атын суарып, өзі де шөл басайын десе, жігіттер:

— Байдың жылқысын суаруға уақытымыз жетпей жатыр, сен тұра тұр, — дейді. Жігіттердің қауға тартысына көңілі толмаған Шоңай:

— Жігіттер, мен атымды суармай-ақ қояйын. Қауғаларыңды беріңдер, мен тартайын, — дейді. Шаршап, болдырып тұрған жігіттер:

— Е, бұл бір еріккен жан болар, тартсыншы, — деп бір жағы сылтыңға бұрып, қауғаны ұсынады.

Бейтаныс жолаушының қауға тартысы сылтың қылмақ болған жігіттердің езуіндегі күлкілерін тез-ақ тартса керек. Қарулы жігіттің қолы-қолына жұқпайды. Шыңыраудың дересінен төрт жігіт қолдасып әзер науаға көтеріп құятын қауғаны бір өзі ұршықтай үйіріп әкетеді. Сонымен, күнделікті қас қарайып, ымырт жабылғанда суарылып болатын жылқы екінді кезінде-ақ су ішіп, өріске шұбырады. Содан жолаушы жігіт атын суарып, өзі де шөлін қандырып, енді атта- найын деп тұрғанда есік пен төрдей атқа мінген, екі жағында екі қошаметшісі бар бір алып тұлғалы адам келеді. Ол келе жігіттерге:

— Жылқылар су ішіп болды ма, құдық  маңында жылқы жоқ қой, — дейді. олар:

— Байеке, жылқылар су ішіп болды, — дейді.

— Әй, сендер бұл уақытта жылқы суарып болмаушы едіңдер ғой.., — дейді алып тұлғалы адам.

— Мына жолаушы жігіт қауға тартысып еді, қарулы екен, бүгін жылқылар ерте ішті, — дейді жылқышы жігіттер.

Алып тұлғалы адам Шоңайдың бетіне бір қарайды да, ат басын бұрып кейін қайтады. Шоңай да атына міне сала, алып тұлғалы байекеңнің артынан еріп отырады. Бай үйіне түскен соң, ол да артынан ере кіреді. Оны қошаметтеп, құрметтеген ешкім болмайды.

Аз-кем уақыттан соң байға сусын әкеледі, сусыннан Шоңайға да құяды. Шоңайдың қимылына көз қиығын салып отырған бай оның қымыз сілтесінің де өзгелерден ерекше екенін байқайды. Әдетінше сусын артынан ет келеді. Жолаушы жігіттің ет жесі де, қарбытуы да ерекше екен. Қонақ кәдесін жасап, Шо- ңай далаға шыққан кезде бай үйде отырып:

— Жаңағы жігіт кім? Сендер жөн сұрадыңдар ма, бір ерекшелеу адам көрінеді ғой, — дейді.

— Сіздің артыңыздан еріп келгенге, таныстарыңыздың бірі шығар дедік, — дейді отырғандар.

Атын жайғап қайта отырған Шоңайдан отырғандар жөн сұрайды. Сонда Шоңай:

— Мен қаптағайдың ішіндегі жұмай деген елдегі Қожамқұлдың баласы — Шоңаймын,.. — деп сөз бастайды. Сол, сол-ақ екен, екі кісіге сүйеніп әзер көтерілетін бай орнынан өзі қарғып тұрып:

— Тәубә, тәубә Алла тағалаға, сені де көретін күн бар екен ғой... Марқұм әпкемнен қалған ұрпақ Шоңайым сен екенсің ғой!..» деп өкіріп жылап, Шоңайды бас салыпты. Нағашы мен жиені осылай табысқан деседі.

Шоңайға нағашысы айрықша құрмет, қошамет көрсетеді. Түн ішінде ту байтал алдырып сойғызады. Осындай думанның үстінде Шоңайдың артынан қос атпен шабарман жетеді. Сөйтсе, Бөрібай: «Елге жау шапты, тез қайтсын!» — деп хабар жіберіпті. Шоңай қайтуға жиналады. Нағашысы болса:

— Жиенім, нағашыңды іздеп келген екенсің, енді қырық серкешіңді ала кет. Мал десең, малдай, зат десең, заттай дүние- мүлік ал, — дейді ғой, баяғы. Сонда Шоңай:

— Ел шетіне жау шауып, ел іші дүрлігіп жатқанда менің қырық серкешімді түгендеп жүргенім келісе ме? Маған бір ат болса жетеді, — дейді. Шоңай нағашысынан тапқанын олжа қып, хабаршылармен бірге қайтып кетеді.

Бұл тұста ел шетінде жау шауып, ел іші дүрлігіп тұрса керек. Бөрібай жасағын жарақтап Шоңайды жеке шақырып: «Ал, жаужүрек Шоңайым! Шорболаттай беріктігіңді сынар кез келді. Іргедегі жоңғар ел тыныштығын іркіттей ірітіп, түңілікті желпілдеткен желдей тиіп тұр. Бұрын шет жағалап жүруші еді, енді тұмандай тұтасып ел шетіне басып кірді. ұрысқа Қаптағай жасағын бастап барасың. Найзаңды қандап, айлаңды асырып, жасақтағы сарбаздардың басын аман алып қайт!» — деп, батасын береді.

Шоңай матайдың қаптағай тармағынан жасағын басқарып жорыққа аттанды. Жасақта Шоңаймен бірге тәрбиесін көрген Қара батырдың ұлы Тілеке батыр да болады. Жасынан ұрыс өнерін меңгеріп өскен сарбаздар жоңғардың жасағын бөгеп, ұрыс сала жүріп шекарадан ығыстырып шығарады. Шоңай алғашқы түсірген олжасы — Көк қасқа айғырдың үйірін «Бөрібай сыбағасы» деп атап, ұстазы Бөрібайға аттандырады. Ел ішіндегі «Бөрібай сыбағасы» деген жоралғы содан қалған екен деген сөз бар.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Алдияр батыр туралы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер