Өлең, жыр, ақындар

Көтентай батыр

Батыр Ботбайдан: Құдайқұл, Шағай, Қоралас, Бидас. Құдайқұлдан: Құдайберді, Келімбет. Құдайбердіден — Бегей, Меңей. Бегейден — Жиембет (Бесторсық). Жиембеттен: Қонақбай, Сазанбай, Сары, Андақожа, Түгей. Түгейден: Айбас, Түңғат, Мәметек. Айбастан: Арал, Жанбай. Жанбайдан: Жәнібек (Құттық), Байназар, Ерназар (Күйік), Өтеғұл, Темір. Өтеғұлдан: Арқабай, Серкебай, Найманбай, Тәтек, Көтентай, Рыстай. Өтеғұл дүниеден өткенде отбасында Көтентай, Рысбай қалады. Көтентай өте пысық, жүректі, аздаған көріпкелі бар адам екен. Ең кішісі Рысбай біртоға мінезді, момын адам болыпты. Алдындағы төрт ағасы үйленгенімен, Көтентай, Рысбай кедейліктен көп уақытқа дейін үйленбепті. Көтентай суық күзде екі арық атпен Рысбайды ертіп жолға шығады. Інісіне қалыңдық іздейді. Ұзын құлақтан бой жеткен қыздары бар деген хабарды естіп, Алатаудың бөктерінде отырған Жанқойлықтың Төлемісінің үйіне келіп түседі. Майлының Бақдәулет деген батыр баласы жоңғар қалмақтарымен соғыста қайтыс болғанына көп болмапты. Ауыл-аймағымен ауыр қайғыдан арыла қоймаған, Майлы қысқы қыстауына көшіп үлгірмепті. Төрде баласының сауыт-сайманы, ер-тұрманы ілулі тұр екен. Көтентай сонда көз қиығын алмай, қарап отырады.

— Отағасы, қайғыңызға ортақпыз. Сіздерге тағы бір қауіп төніп тұрған сияқты. Менің есебім бойынша, бүгін-ертең толассыз қалың қар жауып, малды басып қалады. Сол қар ерте көктемде тез еріп, бұл жерде су тасқыны болады. Және бір қауіп ерте көктемде жоңғар қалмақтарының қайтадан шабуылы басталады. Бұл жерге мал төлдейтін уақытта келіп қалар. Сондықтан ас ішкен соң бүкіл ауыл адамдарын жинап алып, қар жауа бастағанда, түнімен малды ақырын тұрғызбай айналдыра айдап шығу керек. Сонда қар басып қалмайды. Күн ашылып, жол түсе бастаған кезде қиыншылықтарға қарамай қысқы қыстауға көшу керек, — депті Көтенбай. Бұл жігіттің айтқаны келіп, ертесіне кісі бойы қар жауады. Қонағының тілін алған Майлының малы қар басудан аман қалады. Күн ашылып, жол түсісімен Майлының ауылын Қапшағай жотасынан асырып, Күрті өзенінің бойындағы қыстауына көшіп барады.

Қыстан малдары аман шығады. Көктемгі төл алуды да ойдағыдай өткізеді. Көтентай інісі екеуі де олармен бірге болады. Майлының бойжеткен екі қызына жігіттік мінез көрсетпей, бір шаңырақтың астында тұра береді. Екі қыз қарындастарындай болып кетеді.

Майлы бір күні Көтентайды шақырып алып:

— Ауыртпалық уақытта жанымда болып, інің екеуің жәрдемдестіңдер, көмектеріңді аямадыңдар, жұттан, су тасқынынан аман қалдық, көктем келді, қарбалас уақыт, байқаймын қайтатын ойларың бар, аз ғана уақыт болса да, тұз-дәміміз бірге болды. Мен сенен малымды да, жанымды да аямаймын, жасым келді, отбасымның иесі бол, қыздарымның қалап бірін ал, отаулап беремін, — депті.

— Жау жағадан алып тұрған шақта үйленіп, үй боламын деп айту жігіт адамға жараспайды. Ат тапсам, жауға шабамын, елімді қорғаймын. Оқ тиіп опат болсам, қыздың обалына қаламын. Егер қисаңыз, қызыңызды інім Рысбайға беріңіз, ол шаруа адам, мал-жаныңызға қарайды, — депті. Майлы баласынан қалған көк тұлпарды, сауыт-саймандарды сыйға тартып тұрып:

— Батырға лайық күшің бар, ел-жұртыңды қорғайтын ісің бар, Көтентай балам, Көк тұлпардың үстінде, жаудың өтінде, ерлігіңмен елдің есінде боларсың, әттең, мына қызымды өзің алмадың, өзегі бөлек інің Рысбайға бердің, бұл да ерлігің, әттең- ай, осы қызыма үйленген жігіт малға да, жанға да бай болады. Рысбайға ырыс, дәулет қонатын болды, — деп батасын берген екен.

Бірде ішінде төрт адамы бар, Көтентайды қалмақтарға шолғыншылыққа жібереді. Қалмақтар да өздерінше қам-қарекет үстінде болса керек. Олар да қарсы шолғыншылыққа шықпай ма? Сөйтіп, қалмақтар да қарсындағы терең жыраның ішінде кездесе кетеді. Ішінде бір дәу кісісі бар екен. Сонысына сенді ме, ол «жекпе-жек!» деп үш-төрт рет айқайлайды. Жекпе-жекке шығады. Ондай дәуді жеңу оңайшылыққа түспейді. Көтентай айла-амалға басып, сол қолымен қалқанды ұстап тұрып, сонысымен қаға беріп, шоқпармен қуа жүріп соғады. Жау атымен алға келіп қалып, содан кейін қарай қайта алмай, ақыры жеңіледі. Қалғандары қаша бастап, жөн-жөнімен кете бастағанда Көтентайлар жыраның алдынан жол тауып шығып, әлгілерді қолға түсіріп, жаудан қажет мәлімет алады. Сөйтіп, жауды жеңіп шығады.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Алдияр батыр туралы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер