сайыс
ozgetil.kz

8 - наурыз Аналар мерекесі

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы
«Дарын» балабақшасы
Тәрбиеші: Ходжантаева Куралай Икласовна

Әсем безендірілген залға балалар қолдарына гүл алып «Көктем» әнінің сазымен кіреді.
Жаттығуды орындайды.  
Ақерке: Көктем келді шуақты,
Балаларды қуантты.
Алақай-ау алақай,
Көктем қандай көңілді.  

Мұстафа: Көлде аққу, көкте қаз
Орманда бұлбұл сайраған
Көптен күткен көктем кеп,
Құлпырып дала жайнаған
Көктемнің күнін қарсы алып
Бүгін елім тойлаған  - деп барлығыңызды шуакты көктем мерекесі – 8 наурыз аналар күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
Ән: «Көктем»
Жүргізуші: Күлімде күн күлімде
Нұрыңды төк әлемге.
Жарқырасын көк аспан.
Бүгінгі аналарымыздың мерекесінде - деп,
Көктемде жылуымен тіршілікті жандандырған, алтын күнге теңейтін біздің аналарымыз бен әжелеріміздің мерекесі. Күн шуағындай таралған, жүректен шыққан жылы лебізімізді, әніміз бен биімізді ардақты аналар мен әжелерге арнаймыз. Әр өнерімізді көрсетер алдында Күнімізді  ұмытпай, оның шуақтарын сәндейміз.  (Бантты алып күн шуағына жапсырып көрсету)
/Айлана барып күн сәулесін сәндейді/
Ән. «Аналардың мейрамы»

Жүргізуші: Күн шуағын төккенде,
Күлім-күлім қағамыз.
Ақындық өнерімізді де біз көрсете аламыз-деп
Балаларды ортаға шақырамын.
/Мейрамбек барып күн сәулесін сәндейді/
1-бала: Сегізінші наурыз келді,
Шаттық сезім, ой келді.
Қуанышты күні енді,
Құттықтаймыз сіздерді.
Жанымызды жайнатқан,
Сіздер ғой аналар
Зор денсаулық, мол бақыт
Тілейміз біз балалар.
2-бала: Аялаған, баптаған,асыраған, сақтаған.
Айтып бәрін үйреткен
Анамызға мың алғыс
Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін,
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді,
Анамызға мың алғыс!
3-бала: Әркім сүйер өзінің,
Мақтан етер анасын.
Бәрі жақсы ананың,
Бәрін сыйлау керек-ау,
Бірақ әрбір баланың,
Өз анасы бөлек-ау.
/Али барып күн сәулесін сәндейді/

4-бала: Біз әдепті баламыз
Оттай болып жанамыз
Тақпақтарды жақсы айтып,
Би де билеп аламыз.
Жүргізуші: Балалар, қараңдаршы, күн неткен шұғылалы. Айналасына шуағын шашып барлық табиғат оянып тіршілік басталады. Жәндіктер  де оянады. Қазір сіздерге Қанқыздары мен шегірткелер билеп береді.
/Адия барып күн сәулесін сәндейді/
Би: Қанқызы.
Жүргізуші: Ақындық өнерімізді одан әрі  жалғастырамыз.
/Әлім барып күн сәулесін сәндейді/
1-бала: Ана біздің күніміз,
Ананың біз гүліміз.
Құрметтейміз ананы,
Құттықтаймыз бүгін біз.
Ұландарды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!
2-бала: Әркім сүйер өзінің,
Мақтан етер анасын.
Бәрі жақсы ананың,
Бәрін сыйлау керек-ау.
Бірақ әрбір баланың,
Өз анасы бөлек-ау!  
3-бала: Жанымызды жайнатқан
Сіздерсіз ғой аналар!
Зор денсаулық, мол бақыт!
Тілейміз біз балалар!
Амина: Менің анам кішкентай кезімде не айтсам соны алып беріп, түн ортасында шөлдесем тұрып, шырын береді!
Мұстафа: Ал менің анам, ұйықтар алдында ән, ертегі айтып береді. Ұйқыдан оянғанымда жүрегіме жылу береді, жылы-жылы сөздер айтады.
Ақерке: Ән демекші, бүгінгі мерекемізде ән айтсақ, қалай қарайсыңдар.
Мұстафа: Әрине, дұрыс айтасың! Сүйкімді аналарымызға -
«Анам-Әжем»- әнін арнайық.
/Амина  күн сәулесін сәндейді/
Ән «Анам-Әжем»  /жарты шеңберге тұрады/
Жүргізуші: Аспанымыз ашық болып, күніміз нұрланып тұрсын!- деп  күнімізді сәндеп, осы әсем биімізді асыл аналарымызға арнаймыз. «Кір жуу»-биін тамашалаңыздар.
/Арыстанбек барып күн  сәулесін  сәндейді/
Би. Кір жуу.
Жүргізуші: Қуанышта болайық,
Жақсылықты тойлайық.
Аналармен қуанып,
Асыр салып ойнайық-деп кезекті ойынға берейік.
Ойын. Моншақтарды жинау.
Жүргізуші: Дүниедегі ең кемеңгер дананы
Ана табады, аялайды, бағады.
Сол үшін де құдіретіне бас иіп,
Құрметтейік қасиетті ананы,-деп

- Келесі кезекті  сахналық  қойылымға  береміз. Сол  атаумен күнімізді тағы да сәндейміз. (Кәусар шығып бантты алып күнге тағады)
Ағылшын тіліндегі «Бауырсақ» ертегісін тамашалаңыздар.
/Мұстафа барып күн сәулесін сәндейді/
«Бауырсақ» - ертегісі

Жүргізуші: Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз!- деп келесі құттықтауымыз асыл да, ардақты  әжелерімізге арналады.
/Абдулкарим барып күн сәулесін сәндейді/
1-бала: Әжеме ешкім жетпейді,
Айналатын толғанып.
Еркелеп өсіп келемін,
Әжемменен қорғанам,
Әжем аман жүрсе екен,
Бар билікті алса  екен.
2-бала:  Қайырымды,қасиетті.
Ең ардақты, ақ әжем.
Әрбір сөзі өсиетті,
Баға жетпес ақ әжем.
Аман-есен жүріңізші,
Бар тілегім сол, Әже.
Ән. Әже.  /бастапқы қалыпқа тұру/
Жүргізуші: Күн шуағын төккенде,
Күлім-күлім қағамыз.
Би билейтін  өнерімізді де біз көрсете аламыз.
/Дәубек  барып күн сәулесін сәндейді/
Гүлдер - биін тамашалаңыздар.

Жүргізуші: Ақындық  өнерімізді одан әрі жалғастырамыз.
Ортаға балаларды шақырамын.

1-бала: Мерекесі бүгін
Алтын анамның,
Сыйлайыншы гүлін,
Жарқын даламның.
Күлімдеген көзі,
Күннің  нұрындай,
Ұлым деген сөзі,
Ақын жырындай.
2-бала: Ақ анашым, аппағым,
Өзің жайлы тақпағым.
Өзің жайлы әнім де,
Арнадым саған бәрінде.
3-бала: Сыйлайыншы гүлімді,
Теріп алған даладан.
Мейрамыңыз бүгінгі,
Құтты болсын анашым.
4-бала: Шалқып-тасып  әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
/Арыстанбек күн сәулесін сәндейді/
                        
Ән: «Анаға сыйлаймын»  
(Балалар аналарына сыйлықтарын береді)
Жүргізуші: Ана - көркі көгімнің,
Ана - нұры жерімнің.
Ана - бағы баланың,
Мақтанышы елімнің!-деп бүгінгі аналар күніне арналған ертеңгілігімізді аяқтаймыз.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)