Өлең, жыр, ақындар

Мақатаев көшесі. Саябақ

  • 10.08.2021
  • 0
  • 0
  • 548
I
Өтірік күлетін, өтірік жылайтын,
Жәдігөй жандарға жайың жоқ ұнайтын...
Өлеңге айналған өмірдің өзегі,
Парақтар бетінен халімді сұрайсың.
Кітаптар ашылып...
Алдымда мың сауал,
Тып-тыныш бөлмемді ауыр мұң тұмшалар.
Өлең боп сөйлеген өзімнің ауылым,
Уа, шіркін!
Қыпша бел, қыналы қырқалар...
Жоғалтқан жоғымды һәм асыл мүлкімді,
Жылқысы жусаған Аталы жұртымды.
Мәңгілік сағыныш кейпінде сөйлеткен,
О, Мұқа!
Мен сені сағынам біртүрлі...
Аспанды жаңғыртқан дауысым құмығып,
Ащы Күн аптабы бидайдай қуырып.
Көшеңді үн-түнсіз кеземін кезеріп,
Алматы. Көк базар. Машина шуылы...

II
Көше бойлап өтіп жатыр адамдар,
Аз жүрсеңіз...
Аядай бір алаң бар.
Сол алаңда патша да емес, құл да емес,
Ақын отыр!
Қараңдар!
Ақын отыр белгісіндей киенің,
Салқын қарап,
Сәл таянып иегін.
Салқын кезең мұздатқандай жүрегін,
Салқын кезең сыздатқандай сүйегін.
Ол тас мүсін...
Жыламайды, күлмейді,
Кештеу келген марапатты білмейді.
Маң-маң басып Майгүл қызын жетелеп,
Мақатаев көшесімен жүрмейді.
Жанымды жеп сұрғылт күннің реңі,
Шұбырған ел...
Байғұс қанден үреді.
Кеше сені келеке еткен көп тобыр,
Салқын бақта серуенде жүреді.
Өлмес ақын аспандаған атағы,
Бұл қалада Күн тұманға батады.
Шойынжолды тасырлатып баяғы,
Трамвайлар кетіп бара жатады...
Не жазылып, сызылмаған бұл маңдай,
Тас мүсінде табы қалған сыр бардай.
Қайран ақын Майгүл қызын сағынып,
Теміржолға әлі қарап тұрғандай...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қаратау

  • 0
  • 0

О, Қаратау! Бұлдыр-бұлдыр, бұлыңғыр,
Ойым – ақшам, кеудемде ауыр іңір жүр.
Тас көтеріп тамыр жеген түсіме,
Бабаларым ауық-ауық кіріп жүр.

Толық

Алтайды аңсау

  • 0
  • 0

Алтайдың қысы тым ұзақ,
Алтайдың қысы тым басқа.
Қиялдан тұлпар мініп ап,
Шегесің сапар бір басқа.

Толық

Сырласу

  • 0
  • 0

«Ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей»,
Қалай айтсам сырымды
сізше ешбір кемітпей.
Шымыр-шымыр өлеңнің

Толық

Қарап көріңіз