Өлең, жыр, ақындар

Менің ғасырым

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 341
Толғау

Жұбанады кешегі “ел” жылаған,
Күш береді еркіндік енді маған.
Көк аспанның астында қанат қағар,
Менің, сенің ғасырың келді, балам.
Уақыт жаңбыр... көз жасын жуады елдің,
Құлагердей келмейді құлап өлгім
Ертеңіме ертегі... қос ғасырдың –
Шежіресін шертетін куәгермін.
Тарихты айтып кешегі зарлап өткен,
Ыңырсиды... қара жер қанға бөккен.
Бұлт ішінен босанған осы күнді
Бабам менің қиялдап, арман еткен.
Тас құм болып, қаншама ғасыр өтті,
Арқалап тұр, асқар тау қасіретті.
Ат жалында... қапыда, қанжығада,
Ханмен бірге қазақтың басы кетті.
Кең даланы топан-су басып өтті.
Лайланды балдырлы, бал-бұлақтар,
Түтін-шаңға тұншықты тал-құрақтар.
Енесінен адасқан жетім лақтай,
Тарих деген... тартылған болды көкпар...
Жарық көрмей, еріксіз “бұл жалғанда”,
Ақындары қысылып жынданғанда.
Үні шықты... қазақтың күні шықты,
“Жұрттың” көпір жүйкесі жүн болғанда.
Табанымнан кетпей тұр сызы мәңгі,
Тірлігімнен тіршілік қызу алды.
Қамшы тиген көзіне тұлпар аттай -
Жүрегімде, жүзімде ізі қалды.
Адам үнін шығармай, заман ұрың,
Батырлығын көре алмай даналығын.
Бас көтерген қазақтың басын алу,
Астары бар, бұл қандай жаман ырым?...
Елес... емес басымнан ой арылар,
Екі жүзді аярды аяр ұғар
“Қойға” ұқсатып мақсат айдап жүру,
“Мәңгүрттерді” басы жоқ, аяғы бар.
Құрып қойған құрсаудан шық, қаламым,
Сонда, өзімді, “өзімнен” құтқарамын.
Құпия сыр жасырып томпаяды,
Құрсағындай белестер жүкті ананың...
Асқар таулар тұлғасын танымаймын,
Маңдайым сәулесін жанымай күн.
Ғасыр тауып бергендей басын, бізге,
Кенесары, Тәукенің, Абылайдың!
Сездік нұрлы сәулесін қатал көктің,
Келмейді енді келмеске сапар шеккім.
Келген ғасыр бергендей кегін алып,
Құрманғазы, Исатай, Махамбеттің!
Тәуба! Тәуба, Көктәңірі
Рахым еттің,
Алыс екен бізге әлі ақыреткүн.
Бірге кеткен іштегі арманы еді,
Міржақыптың, Мағжанның, Ахметтің.
Өкінемін... өмірге кейін кеппін,
Кейін келіп, күл көсеп, ой үрлеппін.
Орындалмас осы күн арманы еді,
Ілиястың, Сәкеннің, Бейімбеттің.
Сүрлеуіне ілесіп жат ойлардың,
Қателесіп адасып, қатайғанмын.
Өмірдегі жетпеген арманы еді –
Бүгінгі Күн, Мұстафа Шоқайлардың.
Үннен бұлбұл, дүбірден дүлділді ұқтым,
Өмірімнен өшпейтін бір жыр күттім.
Тасып тұрмын, бірінші басып тұрмын,
Баспалдағын үшінші мыңжылдықтың.
Күткем, күткен бәрі де, осы күнді,
Осы күнмен “түзетіп бесігімді”.
Ата баба! Сағыныш, арманымен –
Ашып кірем Ей ғасыр, есігіңді.
Кімнен жауап аламын, кімнен дерек,
Көкірегіне үмітін жүрген бөлеп.
Батыр елдің жоғалған басына ұқсап,
Көкжиектен келеді Күн дөңгелеп!...
Кімнің сырын зер салып, кім тыңдаған,
Дүсірлеген жүрегім күн түнге алаң.
“Тесігінен” таласып ене алмадым,
Есігіңнің бер, ғасыр кілтін маған!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Госпитальда

  • 0
  • 0

Жатырмын үнсіз, кең бөлме,
Ерекше бойға күш тарап.
Тағдырға адам көнген бе,
Өмірге бәрі құштар-ақ!

Толық

Не жетпейді?

  • 0
  • 0

Не жетпейді?
Неге жаным жүр шөлдеп,
Өкпелеп те, өмір сүрдім бір сен деп.
Мен бақытты бола алмаймын қазы жеп,

Толық

Жарық дүние-ай!

  • 0
  • 0

Жарық дүние-ай!
Кешір мені, қадіріңді білмесем,
Өмір бердің, тірлік бердің гүлге сен.
Аспандағы күнім болып алдымнан,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар