Өлең, жыр, ақындар

Көш келеді

  • 04.01.2022
  • 0
  • 0
  • 645
Басынан өр Алтайдың көш келеді,
Көшкен сайын көңілім хош көреді.
Сол көшпен тар заманда, зар заманда,
Амалсыз айрылысқан дос келеді.
Тарбағатай тауы асып көш келеді,
Көшкен сайын көңілім хош көреді.
Оралған бауырлармен қауышқанда,
Қуаныштан жанарға жас келеді.
Тағдыры тығырыққа тірелгенде,
Ел ауып тентіреген, тіленген де.
Алдынан «бауырым» деп қарсы ал, қазақ,
Көш келеді Омбыдан, Түменнен де.
Қазағыңды тарт, қазақ, бауырыңа,
Қамқор болып кіргізгей қауымыңа.
Кәріс, неміс, шешенді паналаттың,
Бұдан да заман жаман ауырында.
Тәңіртаудан тағы бір көш келеді,
Көшкен сайын көңілім хош көреді.
Сол көшпенен асырар айбынымды,
Самсаған сарбаз қолы – қос келеді.
Алла ләйім жеткізгей сол арманға,
Оралып көш келеді Оралдан да.
Тебіренем жүрегім алып-ұшып,
Отандасым Отанға оралғанға.
Қара көз – қара маржан қандастарым,
Сендерсіз күшім асып, жанбас бағым.
Қызылдармен қырқысып, шекара асып,
Қайтпаған қайсар болат, алмастарым.
Туысқандар, бауырмал, бауырларым,
Қызылдың көрдік біз де ауыр заңын.
Жүрдіңдер сендер қайта еркінірек,
Құдайсыз қоғам болды – бағынғаным.
Әжелер бозінгені боз даланың,
«Туған жер» деп боздап сан созған әнін.
Сүйем мен де келемін жырға қосып,
Боз далада боз саулық қоздағанын.
Өр Найман, Үйсіндерім, Керейлерім,
Кешегі бай мен мырза, кедейлерім.
Туған жерге оралып, бауыр басып,
Өркендеп өссін көңіл мерейлерің.
Сәйгүлігін бәйгеге баптай білген,
Халқының ән-жырларын жаттай жүрген.
Нағыз қазақ сіздерсіз салт-дәстүр мен
Тілін, дінін тап-таза сақтай білген.
Шала орыс боп сұйылған қаймағымыз,
Сүрініп, құлап қанша тайғанымыз.
Өздеріңмен өзгеріп, өркен өсіп,
Қазақтанып келеді аймағымыз.
Өсірген иықты мен қылықтыны,
Сіздерден біз алармыз ұйытқыны.
Жақсарар салауатты ұрпақ өсіп,
Алады құйма құлақ құйып мұны.
Қаракөзім, қандасым, қарағым-ау,
Құлагер, құлан жортқан дала мынау.
Міндет бізге игеріп, ие болып,
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмау.
Көбейіп толтырайық даламызды,
Көркейтейік ауыл мен қаламызды.
«Ұлтым – қазақ, руым – алаш» дейтін,
Бауырмал өсірейік баламызды.
Дала бұл – Асан қайғы жыры болған,
Түспейтін билік тізгін жібі қолдан.
Айтайық қай батырын, қай ақынын,
Ұлы дала ұлдары ұлы болған.
Самалын жұтар ағза қанғанынша,
Тағат таппай ел-жұртқа барғанынша.
Қазақтың ұлы көші тоқтамасын,
Жат жерде соңғы қазақ қалғанынша.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлымын Амангелді сарбазының

  • 0
  • 0

Нық қадап туралықтың тал қазығын,
Ел-ел – деп мұз жастанып, қар жамылдым.
Бас пайдасы кірмейтін түсіне де,
Ұлымын Амангелді сарбазының.

Толық

Бауыржан батыр

  • 0
  • 0

Жау шапты.
Күн туды ауыр ел басына.
Күн туды, салмақ түсер ер басына.
Бір емес, екі сойқан соғыс шығып,

Толық

Фаризаға

  • 0
  • 0

Болатын уәзипасыз заман бар ма,
Көнген елміз зауалға, тажалдарға.
Пысықтар жүр қалпағын аспанға атып,
Не көрінген бұл күнде адамдарға?

Толық

Қарап көріңіз