Өлең, жыр, ақындар

Балықшының бір сәті

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 422
Баллада

Тал түс еді, тас төбеден күн қызып,
Үйір-үйір үйрек-қаздар жүр жүзіп.
«Оқжетпесте» — сексен көлдің бірінде,
Балық аулап ермек еткем бір қызық!
Бұл не болған, бәлкім, әлде тойғаны,
Орындалмай қызықты жай ойдағы.
Әрі-бері жем салсам да ет үзіп,
Жанға батып балық қаппай қойғаны.
Мауқын баспай балықшылық аңсардың,
Баяғы бір кездеріме тамсандым.
Етті жемнен күдер үзіп балыққа,
Қаппағасын қармаққа енді нан салдым:
Қарым жетіп, қол жеткенше лақтырдым,
Қойшы, әйтеуір, қармағымды қаптырдым.
Бұрап алып бара жатыр бір балық,
Жіп үзіліп кететіндей шақ тұрдым.
Су астында тартып жатыр табандап,
Әзер түскен балық қой бұл сан арбап.
Олай-бұлай қояр емес ойқастап,
Мен де тарттым, қармақ жібін амалдап.
Сал емес пе, жатқан көлде шырмалып,
Су бетіне шығар емес ырғалып.
Алтын балық болмас бірақ, әйтсе де,
Тегін балық емес бірақ бұл балық!
Балықшылық сынайын деп бағымды,
Сабырменен салып бұған барымды.
Бірте-бірте тарта-тарта ақыры,
Қара қошқыл арқа жоны шалынды.
Шапқан аттай бос жіберіп делбемді,
Шалынғаннан шабыт қосар дем берді.
Балық па әлде... тек әйтеуір балықтың,
Қанаты да көрінгендей болды енді.
Сонадайдан білдім енді бір қарап,
Қанат деген қанат емес,— шын қанат.
Шықты дейсің бір керемет жайылып,
Не де болса тарттым енді туралап!
Ол да, мен де арбасқандай қуланып,
Айдын қалып, өз жайына су қалып.
Қармақ жібін көкке бұлқып көтеріп,
Көлді қойып аспанға ұшты бұл «балық».
Көрген енді таңырқатты халықты,
Жіппен бірге көтерілді қалытқы.
Қармағымнан айрылатын түрім бар,
Қоя берсем көк аспанға балықты.
Көкке тартып өлгісі жоқ мұның да,
Ұшқаннан-ақ аңдап едім бұрында.
Қармағымды қапқан судың астынан,
Балық емес, үйрек екен, шынында!
Амалсыздан түсті сабаз күйге ептеп,
Көріп еді олай-бұлай билеп те.
Тұмсығынан қармақ тесіп өтіпті,
Аянбастан жұтқан екен үйрек те.
Бұл ғажапты айту қиын сендіріп,
Балықшылық бұл жайыма ел күліп.
Ұстап алып, емдеп құстың тамағын,
Тамашалап айдалада көрді жұрт.
Осылай бір балық ұстар келді оңым,
Құсты ұшырды мынау менің оң қолым.
Көпшілікті ұмытуы мүмкін-ау,
Мені ұмыту мүмкін емес енді оның!
Балықшының қармағынан енші алған,
Қырағы көз, құс атуға көл шалған.
Абайлаңдар, ағайындар, аңшылар,
Құсым бар ед тағдырына ен салған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Быт-шыт болар бар сенім

  • 0
  • 0

Быт-шыт болар бар сенім,
Қаһарлы ханның билігі қиын.
Қию қашқан нәрсенің,
Икемге келіп, илігуі қиын.

Толық

Екі арада таңым атып, күн батып

  • 0
  • 0

Екі арада таңым атып, күн батып,
Дүниеде өзің мені жырлатып.
Поэзия падишасы – лирика,
Сеніменен кездескенім бір бақыт.

Толық

Алла атымен...

  • 0
  • 0

Ойға оралып небір сыр
Тай-құлындай дүбірлес,
Алла атымен өмір сүр,
Алла атымен ғұмыр кеш.

Толық

Қарап көріңіз