Өлең, жыр, ақындар

Жаз ортасындағы жаңбыр

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 331
Қамшы боп тиiп
қашқанға
тұқыртып басын қорғалап,
төгiлдi дейсiң аспаннан
ақ жаңбыр шулап,
сорғалап.
Жаз бойы көкке күн ұстап,
кептiрген едi тандырдай...
Қуады қуыс-қуысқа,
көшеде бiр жан қалдырмай.
Аңызақ сiңiп ысталған,
шайқалтты шуда бақтарды –
бұрылыс-бұрылыстардан,
жүгiрiп жеткен ақ жаңбыр.
Кiм тұрсын шыдап тасқынға,
кеудесiн тосқан бақ құсап...
...ұшады жаңбыр астында,
ап-ауыр Жер де доп құсап...
Сәт сайын құйған еселеп,
сәт сайын құмар қандырған,
шығамын сыртқа,
көшеге,
шомылам шулы жаңбырға.
Ақ жаңбыр,
сенiң үнiңе
ынтықпын құйған төбеден,
алақаныммен сiмiрем,
сiңiрем сенi денеме!
Үнiңмен бiрге керемет,
әнiңмен бiрге тарқатқан,
сiңiп кет менiң денеме,
сiңгендей құмайт, алқапқа.
Тамшымен осып, сабалап,
әлсiздiгiмдi қуыр бiр!
Қан тамырларымды аралап,
шаң-тозаңдардан жуындыр.
Сағыныш күйiн торта қып,
қақталған күнге, аптапқа
жүректi – жырдың алқабын
құрғақшылықтан сақтап қал!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Лас уақыт

  • 0
  • 0

Мына Уақыттың,
Апыр-ай,
Ласын-ай!
Аждаһаның ауызындай

Толық

Бүгінгі ертегі

  • 0
  • 0

Айдалада
Жалғыз қап –
Жабығып тұр едiм.
Өрт шалған ағаштай

Толық

Күзгі көңіл

  • 0
  • 0

Күз жылайды күнiмен, күз жылайды түнiмен,
тұнжырайды күнiмен, тұнжырайды түнiмен.
Жұмсақ, бiрақ ап-ауыр дыбысы оның қосылар
кеудемдегi сарғайған сағыныштың үнiмен.

Толық

Қарап көріңіз