Өлең, жыр, ақындар

Тұйықтағы паровоздар

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 220
Салмағымен басқан жерiн ұйытқан,
бүгiн мiне,
жүгiн алып иықтан,
шойын дене паровоздар қамалып
тұр шеткерек үнсiз мүлгiп тұйықта.
Өтiп жолын жоталар мен туннельдiң, –
дегендей-ақ,
бiттi жолым, тiрелдiм.
Шаршап келiп ұйықтап кеткен тәрiздi
қайыспаған қара нарлар кiлең бiр.
Қара нарлар,
небiр қиын сындарда,
дауылдар мен борандарға шыңдалған.
Арқырап бiр астық тасып жүрдiңдер
отызыншы жылдарда.
Ұмытылмас, ұмытылмас өмiрi
жүргендерiн өткен күнге жегiлiп.
Бара жаттың айқай салып күркiреп
тиеп алып Қарағанды көмiрiн.
Сен жеткен соң өзгердi де шартарап,
жолдар салды саған арнап сан торап.
Бара жаттың тайгаларға, жапанға
болашақтың қалаларын арқалап.
Жеткен кезде зұлымдығы сұмдардың,
салмағынан қайыстың сен мұң-зардың.
Сүйреп шықтың ауырлығын, жүктерiн
отқа оранған қырықыншы жылдардың.
Сол жылдары — қауiп-қатер асқынған,
зауладыңдар, толқын болып тасқындап.
Таптап өтсең талқан қылам деп сенi
мина жатты табаныңның астында...
Салмағымен басқан жерiн ұйытқан,
бүгiн, мiне, жүгiн алып иықтан,
шойын дене паровоздар қамалып
тұр шеткерек үнсiз мүлгiп тұйықта.
Тыңдаттырып, дүниенi тыңдаған
қазiр ендi ой да жаңа, сыр жаңа.
Құстар қонып, құстар ұя салады
қара түтiн будақтаған тұрбаға!
Паровоздар — өткен мұңды қозғайды,
Өткен мұң ол — ешқашан да тозбайды.
Естiгенде поездардың солқылын
тыңдап көршi, олар үнсiз боздайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлді жігіт асылып

  • 0
  • 0

Еске түссе кетемiн ғой ашынып,
Еске түссе қаламын ғой шашылып, –
айдың күннiң аманында осынау
өлдi жiгiт,

Толық

Менің өлеңім

  • 0
  • 0

Бiреулер – өлеңнiң –
Ұйқасын кiрпiштей қалап.
Сылағын қаймақтай жалап,
Мұнтаздай етiп,

Толық

Алаяқ

  • 0
  • 0

Мұңайып сөйлесең –
Өмiрден тәшпiш көрiп! –
Жүрегiңнен
Қан сорғалап тұрғандай.

Толық

Қарап көріңіз