Өлең, жыр, ақындар

Қатал сұрақтар

  • 10.06.2022
  • 0
  • 0
  • 887
Көре-көре, апыр-ай, талды ойым да
Мұңы бар ғой өткеннiң өн бойымда...
Мекен етiп жатыр ғой төбелердi
Зираттар мен қорымдар жол бойында.
Бұл да бiзге көрсеткен сынақ па едi?
Сынаққа адам мәңгiлiк шыдап па едi?! –
Әр қабiрдiң басында жаңа Ай тұр ғой
Сұрақ белгi секiлдi, сұрақ белгi...
Ұлы Дала мәңгiлiк тұрақ болып, –
(Жатқан жерi кеткенше жұмақ болып).
Ата-баба, әруақ жол бойында
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып.
Бара жатқан суалып көлiм үшiн,
Бара жатқан қуарып белiм үшiн, –
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып –
Елiм үшiн, саудалы жерiм үшiн.
Күнi кеше тоналған бағым үшiн,
Өзектердi өртеген жалын үшiн, –
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып
Арым үшiн, жаралы жаным үшiн.
Ертең, бәлкiм, жел сипап айдарымды,
Асыратын күн туар айбарымды...
Ал, әзiрше, сұрақтар орақ болып
Орып-орып жiберер ойларымды.
Ертең, бәлкiм, қабыл қып тiлегiмдi
Бекем етер сүйенер тiрегiмдi.
Ал сұрақтар қайқы бiр қылыш құсап
Турап-турап жiберер жүрегiмдi.
Оларды ендi тыңдайтын құлақ бар ма! –
Жатыр зират жақында, жырақтарда...
Ата-баба, әруақ қойып тұрған
Қалай жауап беремiз сұрақтарға?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейтанысқа

  • 0
  • 0

Өте алмастан қалған жандай кермеден
қалш-қалш етiп қолын сiлкiп сермеген
күйiп-пiсiп бұлқан-талқан боп тұрған
бейтаныс жан,

Толық

Аққу деген бiздер үшiн киелi

  • 0
  • 0

Аққу деген бiздер үшiн киелi,
аққуды атсаң сол оқ маған тиедi.
Аққуға сен жаға көрме күйенi,
аққу деген бiздер үшiн киелi.

Толық

Қобыландым қолбала болды

  • 0
  • 0

Сойым мен кескегiм
Жыртылған қайыққа
Ескек болды.
Қобыландым қолбала,

Толық

Қарап көріңіз