Өлең, жыр, ақындар

Құрғақшылық

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 394
Шалқып ағатын өзендерiм
Тартыла-тартыла
Инедей болып қалды.
Оқалы шапандай
Жайып тастаған
Шалқар көлдерiм –
Сарқыла-сарқыла
Түймедей болып қалды.
Далам –
От шарпыған киiздей –
Құрым-құрым.
Жайқалып тұратын
Жасыл теректерiм
Диуананың
Ит тартқан шекпенiндей
Жұлым-жұлым .
Шөп бiткен
Тозаң боп ұшып кеттi.
Елдiң еңсесi
Мойнына iбiлiс сарығандай
Түсiп кеттi.
Шыңырауларым
Ағып түскен көздей
Үңiрейiп қалды.
Тiршiлiк
Желкесiнен келсаппен ұрғандай
Сүмiрейiп қалды.
Кепкен тандырдай денемнен
Демiммен бiрге
Жан шықты.
Сауған желiннен
Сүт орнына
Қан шықты.
Құйын бiткендер
Шайтанның
Шашындай жалбырап,
Дөңкиген жоталар
Таздың басындай болды.
Күнiм –
Ғасырдай болды!
Құм бiткен
Жасылымды жалмап,
Жыландай ысқырып,
Ирелеңдеп көшiп жатты.
Ошағымның оты
Өшiп жатты.
Далам
Отқа ұстаған
Табаға айналды.
Аптаптан
Дүниенiң миы айналды.
Еңсесiн көтерiп,
Есiн жия алмады.
Құладым.
Жыладым.
Бiрақ та
Көзiмнен
Бiр тамшы жас шықпады!
Кеуiп қалыпты!
Құрғақшылықтың құмы
Көзiмдi де көмiп қалыпты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бүгінгі психология

  • 0
  • 0

Олай деймін,
Бұлай деймін, –
Өзімді кіл алдаймын.
Апыр-ай! –

Толық

Ниет

  • 0
  • 0

Алып жерiм
Мұңданып жатыр.
Асыл көлдерiм
Жуынды құйылған итаяқтай

Толық

Қара мылқау

  • 0
  • 0

Ол оқиға алыс қалды бүгiнде...
Сабақ жатыр оның бiрақ түбiнде.
...Келдi бiздiң ауылымызға бiр адам
Қарашаның қара суық күнiнде.

Толық

Қарап көріңіз