Өлең, жыр, ақындар

Дутар мен домбыра

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 535
Өзбекстанға

Өзге емес, өз елімсің
Өзбекстан,
Көрнекті көрінесің көзге
алыстан!—
Жанарың жарқ еткенде жанға жақын,
Жырымыз жетті сізге мегзеп ұшқан.
Халқымның құс қанатты ақындары
Ұшырып жырын сізге жарқылдады,
Отымен жүрегінің қалам тербеп,
Қай ақын егіз елге шарқ ұрмады?!
Біз елден, бізден ләззат табады ел де,
Егіз ел өсіп сондай барады өрге,
Сүтіндей егіз ұлдың анасының
Айдынды Сырдария ағады елге.
Шыршықпен толқын атқан
Бұқтарманың
Ел жанған шам-шырақтай ұқты арманын,
Мақтаарал ақ мақтаның шашса гүлін,
Алтынның қазақ қыры төкті әр дәнін.
Мақтаса Ғафур Ғұлям
палауларын,
Жырласа жүзімі мен анарларын,
Көріңіз, Ғафур әкә!—
Сәбит ағай
Інжу дән тікті тыңда
жалауларын!
Сүйеміз алманы да, анарды біз,
Толтырды шырын балға қанарды күз,
Бір бақта өскен алма, анардайын
Қадаймыз алға қарай жанарды біз,
Дутармен шегі жалғас домбыраның,
Күйіне қосса қазақ қоңыр әнін,
Сол әнге өзбек қызы кетсе билеп,
Кеудеге көк кептерді қондырамын!
Па, шіркін, жігіт қазақ саусақтары
Күй шертсе домбырадан әр сақтағы,
Жүзген бір айдын көлге аққудайын,
Қыз биін сүйер жұрттың сусап бәрі.
Аққудың баласындай мойындарын.
Толғап бір дірілдетіп, бой ырғағын
Толқытып тоқсан бұрап қыпша белін,
Үйірілсе, үйірілтеді ойынды ағын.
Сондай-ақ мың толғанып өлең, шіркін,
Жұлқынып жүрегімнен дүркін-дүркін,
Ташкентке тәтті жырын келді шырқап,
Қабыл ал, құшағыңды аш, еркін жұртым
Арайлап атса көктен тамаша таң,
Жалма-жан киіп топы, ала шапан.
Бақшаға өзбек әкә су ағызса,
Ән салған қырда қазақ бала шопан,
Әңгіме не шапанда, не шопанда
Емес қой, өрлеп халық тұр қатарда,
Самғатып мешеу қалған елімізді
Өрбіткен кілті халық ұлы Отанда!
Қанаттас жатыр байтақ қонымсыз,
Ұсынған ортақ достық қол ұшымыз,
Сүйікті ер жеткізген елімізге
Бергеннен — берешек көп борышымыз!
Алда да ұлы Отанның шырқап бағы,
Самғап бір егіз елдің ұрпақтары, —
Кім кепіл, космосқа да бірге ұшпасқа
Жеңісін тойлатуға ортақ тағы!

1960



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қалба құзы

  • 0
  • 0

Көп таудың бірі Арқада Қалба тауы,
Ақ құндақ асыр салған — аңға тауы.
Шыңғыстың хандығында қытай-моңғол,
Жорытып, батқан талай қанға тауы...

Толық

Ләйлі Мәжнүн

  • 0
  • 0

Тізілтті әңгімеші сөзді бастан.
Өзінің хикаясын етіп дастан: –
Араптан туған екен бір ғазиз жан
Артықша болыпты, – деп, – жұрттан асқан.

Толық

Жданов туралы жыр

  • 0
  • 0

Күннің көзі қызарып,
Тамшы жасын іркіп бұлт,
Сұрғылт тартып сазарып,
Тына қалды неге жұрт?

Толық

Қарап көріңіз