Өлең, жыр, ақындар

Сөз сүлейі Сүйінбайға

  • admin
  • 07.01.2024
  • 0
  • 0
  • 66
О, құдіретті Сүйекем, құдіретіңе табындым,
Табындым да өзіңе, пенделіктен арылдым.
Сүйіктісі халықтың бола алмайды ақындар,
Халқы үшін түспесе ішіне от-жалыңның.
Сүйіктісі халықтың бола алмайды ақындар,
Алқындысы сияқты жылпылдаса сабынның.
Кірмес жерге кіретін қаптап кетті-ау қағындың.
Батырды да, байды да, датқаны да, ханды да,
Сөзбен соя сілейттің ес-түсінен тандыра.
Өзің кеткен тұтатып ақындықтың алауын,
Өзіндей боп еш ақын ала алмады-ау жандыра.
Өзің кеткен ағызып ақ қайнары бұлақтың,
Ел мейірін өзіңдей ала алмады-ау жандыра.
Ғасырлардың бұлбұлы сөз сүлейі, Сүйекем,
Төкпе жырға бір өзі Тәңірімдей ие екен.
Айтарының бәрі де сала-сала жүйе екен.
Жан келтірмес бетіне алқа топқа би екен.
Қырғыз, қазақ халқының бас ақыны әлі өзі,
Сөзі де елге кие екен, өзі де елге кие екен.
Қара қазақ баласын бөлмей бауыр санаған,
Өзіңдей боп ұлы ақын туа бермес анадан.
Бұрап-бұрап құлақты бір шыңғырып алған соң,
Лапылдадың өрттей боп түнде жанған даладан.
Қарсыласа келгендер жалт беріпті сауғалап,
Сүйекеммен айтысу ауыр екен жазадан.
Қара тілі қанжардай Қатағанын қырғыздың,
Өз сақалын өзіне өз қолымен жұлғыздың.
«Аруақ деп, аруақ» делебесін қоздырып,
Қырғыз, қазақ жайсаңын аяқтан тік тұрғыыздың.
Құдіретті сөзіңе бас имейтін жан бар ма?
Иілместі иілтіп, бұрылмасты бұрғыздың.
Тіліңменен тілгілеп жомарт еттің сараңды,
Тәубасына келтірдің түйсігі жоқ наданды.
Қырғыз шоңы, манабы Қара Бәйтік өзіңе
«Сүйінбай деп, ей, ботам» ат та берді жарамды.
Үй де берді жосасы қызыл-күрең қаламды,
Қыз да берді жәудір көз елестетер маралды.
Әрбір сөзің, Сүйекем, өрт боп түскен өзекке,
Ет жемеді, дерт жеді ел төресі Тезек те.
Арыстандай ақырып қынабынан суыра
Тоқтатпақшы болыпты ақ семсерін кезеп те.
Ханымын да ханшасын қара күңге теңепсің,
Сағалаған сарайды демесең де жезөкше.
Жыр алыбы Жамбылдың пірі болған Сүйекем,
Заңғар ойы заманнан ірі болған Сүйекем.
Топ бастаған көсемнің бірі болған Сүйекем.
Өзі өлсе де сөзі өлмей тірі болған Сүйекем.
Қазағының мәңгілік жыры болған Сүйекем.
Осы жазған өлеңді ел-жұртыңның атынан,
Аруағыңа бас иіп, рухыңа сый етем.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түнерме, бұлт, түнерме

  • 0
  • 0

Түнерме, бұлт, түнерме,
Түнерсең, жасын білер де.
Кеудеңді тіліп, осқылап,
Селт етіп төгер лезде.

Толық

Бақыттысың, қарағым, бақыттысың

  • 0
  • 0

Бақыттысың, қарағым, бақыттысың,
Қолыңда тұр қонақтап бақыт құсың.
Уайым жоқ, қайғың жоқ, дербезең сау,
Көктемдегі аспандай ашық түсің.

Толық

Әке ескерткішіне

  • 0
  • 0

Терің тамған топырақ,
Терің тамған тастардан,
Өзің жатқан торқалы,
Топырақтан жастанған.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар