Өлең, жыр, ақындар

Бар қазақтың Бауыржаны

  • admin
  • 08.01.2024
  • 0
  • 0
  • 79
Бар қазақтың Бауыржан – намыс, ары,
«Жоқ» дегеннің жақтары қарысады.
Баукең рухы мәңгілік шындық үшін,
Зұлымдықпен, зұлматпен алысады.
Бар қазақтың Бауыржан – мақтанышы,
«Жоқ» дегеннің – демеңдер «аппақ іші».
Талайлардың жетсе де таққа күші,
Бауыржандай болмайды басқа кісі.
Бар қазақтың Бауыржан – батыр ұлы,
Батыр ұлы, тағы да ойшыл, ақын ұлы.
Бір ата емес, бар қазақ әулетінің,
Асыл ұлы, айрықша ғасыр ұлы.
Бар қазақтың Бауыржан аңызында,
Аңызынан шошынар жанымыз да.
Түпкі ойын Баукеннің білген қазақ,
Дақ түсірмей өтеді арымызға.
Бар қазақтың Бауыржан еркесі де,
Жол бастаған ай мүйіз серкесі де.
«Бауыржандай болам» деу пендешілік,
Тілі шығып кетпесін желкесіне.
Бар қазақтың Бауыржан ділінде жүр,
Есіне алмас қазақ жоқ күніне бір.
Халқы үшін жан кешкен қас батырға,
Беріледі қала аты түбінде бір.
Бар қазақтың Бауыржан бауырындай,
Ел-жұрттың бәрі туған ауылындай.
Қаһарлы үні Баукеннің соғып өтер,
Киесінің ғаламат дауылындай.
Бар қазақтың Бауыржан тірегіндей,
Жыласа да өтіпті күле білмей.
«Халқым» деген қайғыңды бөлісер кім,
Болмаған соң жүрегі жүрегіндей.
Бар қазақтың Бауыржан айбарындай,
Айбарлының биік жоқ байрағындай.
Өрт оранған Баукеннің өсиеті,
Анттың, серттің бұзылмас қаймағындай.
Бар қазақтың Бауыржан жүректісі,
Жүректіге табынар білек күші.
Сөзге келген Баукеңмен даңғойлардың,
Жұлып алған өз ернін күрек тісі.
Бар қазақтың Бауыржан – қаһарманы,
Аты өшпес, таусылғанмен татар дәмі.
Қара ормандай артында халқы бар да,
Арманының жаңғырып жатар бәрі.
Бар қазақтың Бауыржан жанашыры,
Болған емес халқынан дара сыры.
«Сақтаймын» деп, ана тіл, әдеп-ғұрпын,
Арыстандай тордағы аласұрды.
Бар қазақтың Бауыржан ағасындай,
Пейілі кең жазира даласындай.
Бақытжаннан бөлген жоқ ешбіріңді,
Ақыл айтты кездессең баласындай.
Бар қазақтың Бауыржан пірі дегін,
Пірдің рухы өлмейді тірі дегін.
Барлық елмен тең екен тереземіз,
Санай берсек қазақтың ірілерін.
Бар қазақтың Бауыржан сүйіктісі,
Көре алмаған дұшпанның күйіпті іші.
Алтын жұлдыз алсаң да, алмасаң да,
Батырлықта сенен жоқ биік кісі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қойса ба деймін өлеңді

  • 0
  • 0

Қойса ба деймін, құрысын, осы өлеңді,
Өртеніп біттім, өртеген отым, сөн енді.
Бар-жоқты шатып, тып-тыныш жатып үйімде.
Жазсам ба деймін, роман, повесть дегенді.

Толық

Тозбастай көрме тоныңды

  • 0
  • 0

Тозбастай көрме тоныңды,
«Кім кесер» деме жолымды.
Тобаңнан Алла жаңылтса,
Білмейсің оң мен солыңды.

Толық

Тұңғиық көкте нұр шашып

  • 0
  • 0

Тұңғиық көкте нұр шашып, жұлдыздар қанша самсаған,
Жұлдызын іздеп қайда деп, қарайтын шығар барша адам.
Шынары ма едің шындықтың – шырқаудан жүрек аңсаған,
Сыр әні ме едің мұңлықтың айта-айта сені шаршаған.

Толық

Қарап көріңіз