Өлең, жыр, ақындар

Жарылған жалған дүние жар басындай

  • 18.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2088
Жарылған жалған дүние жар басындай,
Сырқылдақ сарттың, өмір — арбасындай.
Кететін құлағанды құдыққа алып,
Ағысты, ажал — дария арнасындай.
Зар қағып, жар жағалап жүгіргенмен,
Нәрсе жоқ қайтып келер жарнасындай.
Құлайсың қорыққаныңнан күн-түн жылап,
Көз жасың болғанмен Ніл дариясындай.
"Жаныңа жамандық жоқ" деген сөзі —
Жар достың жұбауратқан армасындай.
Қаласың құс ұшпайтын құла түзде,
Бітсе өмір, бүтін жүктік нар басындай.
У-шу боп орыныңа үймелейтін,
Қаңтардың, қатын, балаң қарғасындай.
Жиған мал, жинаған мүлік жаның қинап,
Біреудің берген бес күн далғасындай.
Төбеңнен төмен қарай тойтаратын,
Ұстаның, өлім — қос қол балғасындай.
Екі елу — елді жинап үйетұғын,
Диханның темір тісті тырмасындай.
Татқан түз, тірілікте тартқан меқнат —
Қылтанақ шабақ, шортан қармасындай.
Шапшаңдап, шала шайнап, жеп жатырсың,
Білгендей қатарыңнан қалмасыңды - ай!
Қамың қыл, қалайда да, қалам деме,
Аңсызда алқымыңнан дарға асылмай.
Сайманын сапарыңның сайла, бектер,
Жазы - қыс жан қалады деп жарға асылмай.
Шайтанға шатып басынды беретұғын,
Нәпсің — жау, көргеніңмен жалғасындай.
Еткен еп, қылған күнә, бұзық қиял,
Жағаңның жағаласқандағы жалбасындай.
Халыққа қамқоршылық қылған қайырың,
Жар, достан жатып жеген жамбасындай.
Көрікті көп көзіне көрінбейсің,
Көңіліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай.
Өзіңді өзің түзеп, үгітші бол,
Жан жаққа жарық бермейді шам да ашылмай.
Білгенге білмегендер сын тағады,
Сонда да сондай қылып кім табады?
Татаусыз тал жібекті тарқаттырсаң,
Сықсиып, соқыр қатын жөн табады.
Өнерлеп өтірікті айтқанменен,
Төтесін түрлі істің шын табады.
Болады әркімдер де өз ойына,
Бедеудей шыны жүйрік, шын тағалы.
Басыңа бақ пен ықпал орнамаса,
Таппайсың айыбыңды дос қымтағалы.
Ерлерім, өзгені қой, өзіңді онда,
Ондасаң халық қоймайды сені сонда!
Ізіңе ел біткенді ертіп алсаң,
Дұшпаның үндей алмас, болса онда.
Жар, досың, жау мен қасың, жат, жақының,
Жүйріктей жүзден озған көрсін жонда.
Көңіліңе Көһеқаптай бола берсең,
Қалады басың боқта, төсің — тонда.
Болмаса көкіректе көзі ақылдың,
Адамзат, асылында, бұған шом да.
Тойғанмен тумысына көзі көптің,
Қырсыққан қыран бүркіт — қара зоң да!
Бақ-дәулет, ұл менен қыз берсе Тәңірім,
Тұғырды тура басып отыр, қон да!
Отбасың ұлы жиын тойдай болып,
Құрметтер қатын-балаң сені сонда!
Отырсың уайымсыз, көңілім, нешік,
Күмән не кетуіңе бір күн көшіп?
Қатерден хабарың жоқ алдындағы,
Қуумен қу дүниені өкпең өшіп.
Сағымнан су табылмас, мұнан — опа,
Несіне зерттейсің ерегесіп?
Бұлт шөгер белегірге елу деген
Жас шіркін жетіп қалды-ау, желдей есіп!
Аблықпай, алды-артыңа назарың сал,
Сабырдың саясына белді шешіп,
Демалып дінісламның дариясына,
Кірінді көптен жүрген кетір, кешіп.
Шайылып шаң-тозаңы, шат боларсың
Иманның көкіректегі гүлі өсіп!
Артуға азық, ләнжәм, сайманыңды,
Бас үйрет, нәпсі баттың мұрнын тесіп.
Қара үзіп қатарыңнан, қалмай кейін,
Пейіштің базарына бар, ілесіп.
Кетіріп көңіліңнен қайғыны онда,
Саттар Хақ сауға айлар сансыз несіп.
Алқымнан ажал — бөрі алмай, қоймас,
Қашсаң да қай тарапқа дүркіресіп.
Әлбетте, ақиреттің айла қамын,
Жақанның опасынан үміт кесіп.
Тимейді тағдыр бітсе, титтей жәрдем
Жүретін жар - досыңнан қамын жесіп.
* * *
Алуға азық, әнжам жаһан келдік,
Беліне бес күн өмірдің салып белдік.
Керуге көшелерін, келісімен,
Жазы - қыс жатпай-тұрмай жортып, желдік.
Көңілден келген жұмыс кетті ұмыт боп,
Тапқандай таршылықтан толық кендік.
Біздердей бейбақамды бұзатұғын,
Ішіне қай - қауастың келіп ендік.
Ақуалын ақыреттің аңғаруға,
Етпейді есі барға дүние дөндік.
Өз қамын есті ерлер етіп жатыр,
Жау жарақ, жамылар тон, жинап жемдік.
Қатардан қарғаға ұқсап, қалу кейін,
Болады, байқауымда, бойға кемдік!
Бәрі де бітіп күні, көшіп жатыр,
Дүниені дейін десем: "Болар мендік!"
Қайғының қапасында қалып жатыр,
Дегеннің барлығы да "Бұған сендік".
Нәпсімнің өзімменен еріп келген,
Ойы жоқ осы уақытта етуге елдік.
Қосылып Қаннас - малғұн, һай - һауаспен,
Кетуге, көңілі бар, бермей теңдік.
Өлімді ойлатпайтын сияқтанады,
Бұларға беріп ерік, десек: "Көндік!"
Бермесең, О Тәбәрәк, өзің таупық,
Қиялды, қысылғанда, неше бөлдік!
Нашармын, не қылсаң да, сақтамасаң,
Көтермес, гүл сияқты сағат шөлдік.
Дүнияны досқа санап, жисаң - дағы,
Ажалға ара тұрмас жалғыз демдік.
Жеңгенмен жеті ықылымның жұртын тегіс,
Бітсе өмір байқа, бектер, бір күн өлдік!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жұртымның жүдә жақсы жайы, күйі

  • 0
  • 0

Жұртымның жүдә жақсы жайы, күйі,
Тойынып, түскен орта толды миы.
Қуылып бай, құлақтар құрып кетті,
Қан сорғыш секілденген қара бүйі.

Толық

Күйігің кетті, балам, өртеп ішті

  • 0
  • 0

Күйігің кетті, балам, өртеп ішті,
Қаусата қабырғамды қатаң қысты!
Сабыр етіп соңын мұның сұрамасақ,
Шара не Саттар Хаққа үкімі күшті?!

Толық

Жоғалған орман туралы

  • 0
  • 0

Айырылып отыр ағаң орамалдан,
Орамал ойыма артық қора малдан.
Желпініп жаз уақытында отырмаса,
Шошынбайды шыбын, маса қона қалған.

Толық

Қарап көріңіз