Өлең, жыр, ақындар

Әй, Махамбет, жолдасым

  • 24.11.2015
  • 0
  • 12
  • 48242
Әй, Махамбет, жолдасым,
Аш арыстан жолбарысым.
Ісімнің білдім оңбасын.
Оңбаған емей немене,
Өтірік сөзге алданып,
Бақытым ауып басымнан,
Әскерім кетіп қасымнан,
Жапанда жалғыз қалғансын.
Өкінгеннен пайда жоқ,
Құдайым басқа салғасын.
Мезгілді уақыт болғанда,
Опасыз мынау жалғанда,
Ажал қарсы келгенде,
Қараңғы көрге кіргенде,
Қасыңда тұрар жан бар ма?
Осының бәрін ойласаң,
Өткенге бекер өкініп,
Құр жылаудан сән бар ма?
Жолдасын жауға алдырып,
Жанымды қимай қаңғырып,
Қашатын менде жөн бар ма?
Қатын - бала, мал бағып,
Үйде отырсам да өлем деп,
Қорлықта жүрген халқыма,
Бостандық алып берем деп,
Қырық бір жасқа келгенде
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған,
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады - ай,
«Жанымды қой» деп сұрады - ай.
Ақкөңіл аңқау жүректен,
Беремін деп мен тұрдым.
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың,
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды.
Қырық бір жасқа келгенде,
Өз дегенің болмаса,
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтса да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағаң,
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн мұрсат бергенім.
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім.
Сүйткен бір қайран халқым - ай,
Қасыма бір келмедің,
Сол халқымды көрмей өлгенім.
Не салса да Алланның,
Тағдырына көнгенім.
Қош, аман бол, жолдасым,
Бұ дүниенің жүзінде,
Осы болар сені көргенім.
Қапыда кеткен дүние - ай,
Ақырында еш болды - ау
Ел үшін еткен еңбегім.
Атаңа нәлет хан ұлы - ай!
Тілегін сұрап алған соң,
Ойлағаның болған соң,
Патшаға хабар салдырып,
Патшадан солдат алдырып,
(Құрсағымнан шалдырып).
Айтып - айтпай не пайда,
Егеулі найза өңгерген,
Азды көпке теңгерген,
Қабыланбай мен Қалдыбай,
Рысалы, Көбек жолдасым,
Жауда өлді жолбарысым...
Сол ерлерден айрылып,
Исатай мен Махамбет -
Екі арыстан ер қалды - ау!
Адыра қалғыр қу Нарын,
Талауға түсіп бүлініп,
Адамы қойдай қырылып,
Құлазыған жер қалды - ау!
Қарағай, қайың, тал, терек -
Қалың ну орман қалды - ау!
Қиқулап құстар қонатын,
Суы тұнық көл қалды - ау!
Тәрбиелеп өсірген
Ата мен ана бұл қалды - ау!
Қатын жесір тұл қалды - ау!
Еңбекпен жиған мал қалды - ау!
Бұлардан енді қимайтын
Енді менің нем қалды - ау!
Тек шықпаған жан қалды - ау!
Ойлап бір, ойлап қарасам,
Еңбек етіп ел үшін,
Соңымда бір қалған халқыма,
Артымда бір атақ, даңқ қалды - ау.
Сәлем, айтып кетейін,
Артымда қалған елдерге
Арманымда айтып кетейін,
Найза ұстаған ерлерге.
Арыстан туған Исатай.
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп,
Олардың кегін алуға,
Кезек бізге жетті деп,
Қиналар ма екен біздерге?
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет сіздерге!
Қапыда өткен дүние - ай,
Халқымның көрген қорлығы,
Хандардың еткен зорлығы.
Ақжүрегін тебірентіп,
Ер көңілін желдентіп,
Ақ сүйектің баласын
Қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгердім.
Жетімдерге жем бердім,
Жесірлерге жер бердім.
Ақырында дүние - ай,
Сол ерліктен не көрдім!?
Жолдасқа билік бермедім,
Кешегі хан үстіне барғанда,
Ақ сүйектің баласы
Бақадай шулап тұрғанда,
Ерлікпенен алданып,
Өзіме өзім қас қылдым.
Сырлы зерен аяқпен
Бал ұрттаған ер едім,
Бір уақыттар болғанда,
Көктей өтіп Жайықты,
Бір қасық ішкен қара су,
Жұмасына ас қылдым.
Осы жақта мен өліп,
Артымда тірі сен қалсаң,
Жаңа өспірім Жақияны
Жолдасым, саған тапсырдым.



Пікірлер (12)

Томирис

Махамбет өлеңдері қазақ деген елдің азаматтарына ерекше күш беретін, рух беретін қасиетті өлеңдер.

Аружан

Махамбет атамыздан үлгы алайық , ата жолын куайык

Гауһар

Исатай мен Махамметтің айрылмас дос екенің барлығымыз білеміз. Екеуі ел үшін аямай тер төкті. Араларындағы достық ешқашан бұзылмаған. Мен осындай батыр аталарымды мақтан етем.

Нурик

Мыкты

Жұлдыз

Оның өлендері қиын болғанымен өте қасиетті,нағыз қазақ азаматтарына тəн өлеңдер

Айғаным

Махамбет өлеңдерінен қазақ халқымыз өткерген елеулі оқиғалары мен зары ерекше . Өлең көрінісі де нағыз сол жерде өз көзімен өткергендейсің

Айбол

Міне нағыз терме

НУРАСЫЛ

мен бул оленды жатап 1 орынды алгам

Бауыржан

Бұл өленді радиодан бір әйел адам домбырамен орындады. Бырақ аудио нұсқасын таппадым.интернеттен. неге интернетке сала бермейсіндер

Б. Р. С.

Махамбет пен Исатай,
От кешіп өткен ер еді-ай.

Жарас

Ех шіркін каиран қазақғымаи.

Аслан

Гауһар, Исатай мен Махамбет дос болмаған, Исатай мен Махамбет арасында ағалы-інілі қарым қатынас болған. Екеуі де Беріштің Жайық деген бөлімінен шыққан. Махамбет өз өлеңдерінде Исатайды "Ағам" деп айтқан.

Пікір қалдырыңыз

Уа, Нарын

  • 0
  • 4

Абайламай айрылдым
Аржақтағы елімнен -
Анау Нарын деген жерімнен.
Тірі кеттім демеймін -

Толық

Соғыс

  • 0
  • 20

Әскер жиып аттандық,
Бекетай еді тұрағым.
Айғайлап жауға тигенде
«Ағатай беріш!» ұраным.

Толық

Арғымаққа айдай таға қақтырса

  • 1
  • 4

Арғымаққа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма?
Ата ұлының баласы -

Толық

Қарап көріңіз