Журналист, оқырман және жазушы
(Жазушының бөлмесі, терезе перделері түсірулі. Ол үлкен креслода, камин пеш алдында отыр. Оқырман сигарын тартып,
каминге ту сыртын беріп отыр. Журналист кіреді).
Журналист
Сырқат екенсіз. Мақұл бұл,
Өмір қамы, жұрт сөзі –
Деп жүргенде, ақынның
Бітелмей ме жыр көзі?
Болмашыға жан қинап,
Жұрт пікірін аңдып-ақ,
Құрымай ма ол қалжырап?
Ермек қуған кісіден
Қалай тумақ шын өнер?
Онандағы пайдалы
Түрмені не айдауды
Тәңірі сізге бұйыртса,
Не бір ұзақ сырқатты,
Болар еді тым сәтті.
Сол мезетте аулақта
Тәтті бір ғажап жыр туар,
Ақын жаны кей шақта
Қолдан жасап қасіретті
Сонысына өзі ынтығар.
Жатырсыз қазір не жазып,
Болар ма екен білуге?
Жазушы
Жоқ, пәлендей ештеңе...
Журналист
Оныңыз бекер, әрине!
Жазушы
Не жазбақпын? Жазылды
Оңтүстік пен шығысың.
Ақындар көпті жазғырды,
Жабыла мақтап үй ішін.
Шықты көкке зуласып,
Құпия қызбен сырласып,
N - деп мақтау аруды
Мезі қылды жанымды.
Оқырман
Мен айтайын осында:
Ерлік керек дер едім.
Журналыңызды ашуға.
(Қолымды талай бүлдірдім).
Қағазы жаман, расында,
Таза да болар, дегенмен
Қолға қолғап киген жөн.
Қатеден беті сыймайды.
Өлеңі жанды қинайды.
Сезімсіз, мәнсіз бір шатпақ,
Байламы сөздің тұр бөлек,
Болсам сізге шын айтпақ
Ұйқасы мүлде мүгедек.
Проза алсаң - аударма.
Өз тіліңдегі әңгіме
Қолыңа түсе қалғанда –
Сөз етері әлде не.
Москваны мазақтап,
Помещикті қылжақтап
Қайдан тапқан кескінді?
Қайдан соны естиді?
Ести қойсын, бірақ біз
Оны естуден аулақпыз.
Қашан қысыр Русьтен
Осы шатпақ арылар,
Тіл жасалып бір нұсқа
Мән-мағына табылар?
Журналист
Мен де айтайын деп едім,
Дұрыс айтып өттіңіз.
Жазғырып орыс өлеңін
Жазған сынымды оқыңыз.
Оқырман
Оқығам – әріп қате мен
Таңбаға кінә тағыпсыз.
Жұрт ұқпайтын нәрсемен
Құр жұмбақтай салыпсыз.
Ермекке де жараса-ау
Сөз болып бір дені сау!
Сияңызда, мырзалар,
Тым құрыса болсайшы у, -
Тек әшейін ылай су.
Журналист
Бұл сөздің де жаны бар
Сөгуге талап етпес ем,
Амал не өзім сөкпесем,
Сөгеді ғой мені олар!
Жағдайымызды сезіңіз,
Бізді де оқыр сол халық,
Бәрінде бірдей сөзіміз
Жатпаған шығар қорланып.
Әдеп пен талғам - ол жай шарт
Ақшасы тең ғой бәрі бір!
Сеніңіз маған - бізге хақ
Жіберген сондай сор тағдыр.
Неге қажет бұл шатпақ
Жоқ ішінде өнер түк.
Ол не? Оны шын айтсақ –
Оқылмасын дегендік.
Оқырман
Шіркін-ай, ойың, көңілін
Қалады-ау бір тыныстап,
Қолыңа түссе шығарма
Жазған әсем дұрыстап..
Мысалы, мына бауырым
Шығады сондай талаптан.
Сезімін, ойын, дарынын
Тұтас қып құдай жаратқан.
Журналист
Дұрыс. Тек мұндай мырзалар
Қашан бізді ырзалар?!
Жазушы
Не жазам? Өмір қамынан
Болса бір сәт босайтын
Шабытты күндер шамынан
Жаның бір жігер шашатын.
Толқындай тасып ұйқастар,
Күмбірлеп ырғақ құйылар.
Көкірек сайрап, ұйқы ашар
Көңілге сәуле жиылар.
Аршылып ойың сүзілер,
Сөз маржандай тізілер,
Сонда ақын сілкініп
Жан-жағына қаранар.
Жүректен ескі кір шығып,
Тотыдай бой таранар.
Болады сонда дүние аппақ,
Береді таза сыйын да
Оқиды ақын бұл бір жат
Өлеңін жеке үйінде.
Жағады сосын жазып ап
Отын ғып тығып пешіне.
Есепсіз шалқу, сандырақ
Балалық ермек несіне,
Қалайша қатал өнердің
Талабына сай болмақ?
Мақтап қауым, оны әркім
Ұмытар сосын ілезде-ақ.
Кейде бір ауыр күндер бар
Көзіңнен ұйқы қашатын."
Жас шұбырып, шегіп зар
Жүректі мұң басатын.
Қалтырап қолың, саусағың
Жастықты жатар жаныштап.
Қорқыныш жайып құшағын
Жібересің дауыстап,
Сол кезде ернің күбірлеп
Жатар айтып есімді
Ұмыт қалған бір-бірлеп,
Немесе таныс кескінді
Бұрынғы әсем күйінде
Жатсаң көріп ап-анық.
Көзінде ләззат, ернінде
Алдамшылық сақталып
Тұрса да, соған сенесің.
Батса да жанға, көне бер.
Жараңды тырнай бересің.
Жазамын сонда өлең-жыр
Қаламды билеп ызалы ой.
Жұмбақ боп, жанды шақырып
Көңілде жатқан сыр бар ғой:
Көрініс, нелер жат қылық
Жас күніңнің аңызы
Жоқ парызы, қарызы
Құмарлықтың қамытын
Киген басқа, албырт күн.
Кіл опасыз қыздардың,
Жалған сәуле үміттің.
Арасында сұмдардың,
Ортасында күдіктің
Өткен күнді тізіппін.
Белгісіз және кездейсоқ
Болып қатал мен бір сот
Әдептің тонын бүркенген
Мерездің бетін ашамын.
Адамның жүзі жиіркенген.
Ұстанам берік ол заңды...
Алайда осы жолдарды
Тосырқар тосын жандарға
Көрсетпек емен мен мәңгі...
Жазатын енді нем қалды?
Не табам мен жау топқа
Өшіктіріп өзімді?
Жорытып ғайбат, шатпаққа
Пайғамбарлық сөзімді?
Бұздырып сәби ұйқысын
Ащы тіл, зәрлі кермекпен.
Жүрегімнің ұйтқысын
Жүгенсіз топқа бермек пе ем?
Жоқ! Атымнан садаға!
Тауыспай тұрып дәтімді
Мұндай ауыр бағаға
Алмаспын сатып даңқыңды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі